Техникасын лизингке алған шаруалардың салықтық жүктемесі 4,6 млрд теңгеге артты – Ербол Данағұлов

Бүгін, 15:00 / Інжу Әлихан
Құрылтайдың баспасөз қызметі

Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Ербол Данағұлов Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдау шаралары бойынша депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Ауыл шаруашылығының жағдайы – ауылдың ғана мәселесі емес. Бұл – ел экономикасының тұрақтылығына, азық-түлік қауіпсіздігіне және экспорттық әлеуетке тікелей әсер ететін стратегиялық сала.

2023 жылғы Жолдауында Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығының әлеуеті зор болғанымен, оны толық пайдалана алмай отырғанымызды ескертті. Саладағы негізгі мәселенің бірі – машина-трактор паркінің тозуы. Қазір ауыл шаруашылығы техникасының 80 пайызы тозған. Сондықтан техника паркін жыл сайын 8-10 пайызға жаңартуды тапсырды.

Ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігі заманауи техникаға тәуелді. Техниканы жаңарту – шаруаларға көрсетілетін жай ғана қаржылық қолдау емес. Бұл өнімділікті арттырудың, ішкі нарықты тұрақты қамтамасыз етудің және отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін күшейтудің негізгі шарты.

Аграрлық саланы дамыту – «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасындағы басым бағытының бірі», – деді Ербол Данағұлов.

Оның айтуынша, бүгінде 6 пайыздық жеңілдетілген несие мен лизингтік бағдарламалар арқылы шаруаларға қолдау көрсетілуде. Бұл саладағы техниканы жаңартуға белгілі бір мүмкіндік беріп отыр. Алайда қабылданып жатқан шаралардың тиімділігіне кері әсер ететін мәселе бар.

«Жаңа Салық кодексінің күшіне енуіне байланысты қосылған құн салығы 12-ден 16 пайызға өсті. Бұл өзгеріс лизингке техника алған шаруалардың шығынын арттырды.

«ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы техника алған 13 181 шаруашылық үшін салықтық жүктеме 4,6 млрд теңгеге ұлғайып отыр. Негізгі қарызын белгіленген кесте бойынша уақытылы өтеп отырған шаруаларға салық айырмасы бойынша өсімпұл есептелуі олардың қаржылық жағдайына қосымша салмақ түсіреді.

Бұл ретте салық реформасының мақсаты мен аграрлық секторды қолдау шаралары өзара үйлесуі қажет. Бір жағынан, мемлекет техника паркін жаңартуға жеңілдетілген қаржы ұсынып отыр. Екінші жағынан, салықтық өзгерістер сол қолдаудың тиімділігін төмендетпеуі тиіс», – деді депутат.

Ербол Данағұлов «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы техника алған шаруалар үшін лизингтік шарттарды қайта қарап, салық реформасына бейімделудің өтпелі ережелерін қарастыруды ұсынды.

«Осыған байланысты министрліктен:

1. «КазАгроҚаржы» АҚ лизингтік шарттар бойынша жасалған келісім-шарттарды салық реформасының логикасына сәйкес қайта қарауды;

2. Осы кезеңге қолданылатын өтпелі ережелерді қарастыруды;

3. Салық реформасы жаңа кезеңіне аграрлық секторды бейімдеу үшін кешенді қадамдар жасауды сұраймыз», – деді ол.