Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Ерлан Сайыр Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовке солтүстік және шығыс өңірлерді газдандыру мәселесіне қатысты депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Үкімет 2036 жылға дейін елімізде газдандыру деңгейін 80 пайызға жеткізу мақсатын қойып отыр. Сайлау алдындағы кездесулер барысында Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Павлодар, Абай, Шығыс Қазақстан облыстары тұрғындары «Әділет» партиясы өкілдеріне осы аумақтарды газдандыру мәселесін көтеруді бірнеше рет сұрады.
Солтүстік және Шығыс өңірді газдандыру, атап өткеніміздей ұзақ мерзімді стратегиялық жоспарларда көзделген.
Дегенмен, 2026 жылы практикалық конфигурация өзгере бастады: солтүстік бағыт бойынша Петропавл, Көкшетау және Астананы газбен жабдықтауға бағдарланған «Есіл – Астана» магистральдық газ құбырының жеке жобасы жасалуда.
Бұл ретте Павлодар облысы, Абай облысы және Шығыс Қазақстан облысы бойынша газбен жабдықтаудың нақтыланған дәрежедегі моделі ашық көздерге ұсынылмай отыр», – деді Е. Сайыр.
Оның айтуынша, Қазақстанның Солтүстік-Шығыс экономикалық макро-аймағында жалпы 3,5 млн адам тұрады. Еліміздің аграрлық саласы өнімінің 46 пайызын, өнеркәсіп өнімінің 21 пайызын өндіреді. Соған қарамастан 2025 жылы көшіп келушілер мен көшіп кетушілер арасында кері сальдо 27 мың адам болды. Оның басты себептерінің бірі аймақтардың газбен қамтылмауы.
«Мемлекет Басшысының нақты тапсырмасын ескере отырып, келесі мәселелерге түсініктеме берулеріңізді сұраймыз.
1. «Есіл-Астана» жобасы пайда болғаннан кейін солтүстік – шығыс өңірлерді газдандырудың бұрын мемлекеттік жоспарларда көзделген бірыңғай моделі сақтала ма, әлде Солтүстік және шығыс бағыттарды дербес жобаларға бөліне ме?
2. Іске асырудың негізгі кезеңдерін ескере отырып, Павлодар, Абай, Шығыс Қазақстан облыстарына қатысты газдандырудың қандай сценарийі көзделіп отыр?
3. Аталған өңірлер елімізді газдандырудың 80 пайыздық деңгейіне жету бойынша Энергетика министрлігі Жол картасына бөлек енгізіле ме?», – деді депутат.
Ерлан Сайыр Солтүстік-шығыс экономикалық аймағын газдандыруды жеделдетіп, құбыр тартуға жеке инвестициялар мен мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерін тартуды ұсынды.
«Халықты газбен қамту әлеуметтік аса маңызды мәселе.
«Әділет» Фракциясы келесі қадамдар қажет деп есептейді.
- Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Солтүстік-шығыс экономикалық аймағын газдандыруды тездету.
- Құбыр тарту үшін мемлекеттік-жекешілік әріптестік, жеке инвестиция көздерін тарту.
- Елімізде ішкі газ көздерін іздестіруді тереңдету.
- Халық арасында бұл мәселенің шешілу тетіктері мен мерзімдері жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүйелі жүргізу», – деді Ерлан Сайыр.