Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Асу Алмабаевтың UFC-дегі келесі қарсыласы ресми түрде белгілі болды. Ол Катарда өтетін турнирде жапониялық Кёдзи Хоригутимен кездеседі, деп хабарлайды turkystan.kz.
DAR Pro Team мәліметінше, жекпе-жек 21 қарашада Дохада өтетін UFC Fight Night турнирінің негізгі кардында ұйымдастырылады.
Қазіргі таңда Алмабаев UFC-дің аса жеңіл салмақ дәрежесіндегі рейтингінде жетінші орында тұр. Ал оның қарсыласы Хоригути бесінші сатыда орналасқан.
Жапониялық спортшы бұған дейін Rizin ұйымында аса жеңіл және жеңіл салмақта чемпион атанған. Сондай-ақ Bellator промоушенінде де чемпиондық белбеу иеленген.
Асу Алмабаев қатарынан үш жекпе-жекте жеңіске жеткен. Кәсіпқой ММА-дағы мансабында ол 24 рет жеңіп, үш кездесуде жеңілген.
Ал Кёдзи Хоригути соңғы кездесуінде португалиялық Манель Капеден жеңіліп, бес жекпе-жектен тұратын жеңісті сериясын тоқтатты. Айта кетейік, Капе бұған дейін Алмабаевты да жеңген.
Хоригутидің кәсіпқой ММА-дағы көрсеткіші – 36 жеңіс, алты жеңіліс және нәтижесіз аяқталған бір кездесу.