6 жастағы қыз рубик текшесін 4 секундта жинап, рекорд жаңартты

Бүгін, 23:05 / Жамбыл Жайлау
CNS

Қытайлық алты жасар Лянь Юньчжи 3×3 Рубик текшесін жинаудан әйелдер арасындағы үздік нәтижені екі рет жаңартты. Оның соңғы көрсеткіші бес әрекеттің қорытындысы бойынша орта есеппен 4,27 секундты құрады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Дүниежүзілік кубинг қауымдастығының (WCA) ресми дерегіне сәйкес, Лянь Юньчжи қыркүйекте Қытайда өткен екі жарыста жоғары нәтиже көрсеткен.

Уханьдағы жарыста ол бес әрекетті орта есеппен 4,52 секундта аяқтады. Арада бірнеше күн өткен соң Гуанчжоуда өткен WCA жарысында нәтижесін 4,27 секундқа дейін жақсартты.

Гуанчжоудағы финалда оның бес көрсеткіші 4,20, 4,39, 4,54, 4,02 және 4,22 секунд болған. Нәтижесінде орташа уақыт 4,27 секундты құрады.

Қытайлық БАҚ мәліметінше, осылайша Лянь Юньчжи 3×3 Рубик текшесін орта есеппен 4,5 секундтан аз уақытта жинаған алғашқы әйел спидкубер атанды.

"Чжичжи" лақап атымен танымал қыз Рубик текшесіне төрт жасында қызыға бастаған. Алғашқы кезде бір текшені жинауға шамамен 90 секунд жұмсаса, тұрақты жаттығудың арқасында уақытын біртіндеп қысқартқан.

2025 жылы ол GAN GURUS спидкубинг командасына қосылып, команданың ең жас мүшесі атанды.

Қазір Лянь Юньчжи Рубик текшесін жинауға арналған 1300-ден астам алгоритмді меңгерген. Анасының айтуынша, оларды ұмытпау үшін күн сайын кемінде жарты сағат арнайы жаттығу жасайды. Соңғы бір жылда оның жалпы күнделікті жаттығу уақыты 2-3 сағатқа дейін жеткен.

Бұған дейін қыз би және музыка сияқты түрлі үйірмелерге қатысқан. Кейін Рубик текшесіне деген қызығушылығы басым түсіп, спидкубингпен кәсіби деңгейде айналыса бастаған.

Тэгтер:

Қытай текше Лянь Юньчжи