Бразилияда 48 жолаушы отырған автобус жолдан шығып, шамамен 15 метр тереңдіктегі сайға құлады. Апат салдарынан алты адам қаза тауып, ондаған жолаушы жарақат алды, деп хабарлайды turkystan.kz.
G1 басылымының мәліметінше, жол апаты Сан-Паулу мен Минас-Жерайс штаттарының шекарасына жақын аумақта болған. Автобус Апаресида ұлттық ғибадатханасына бағыт алған.
Өрт сөндіру қызметінің алдын ала ақпараты бойынша, көлік бұрылыста жолдан шығып кеткен.
Оқиға орнында алты адамның қаза тапқаны анықталды. Тағы 42 жолаушы түрлі жарақатпен жақын маңдағы медициналық мекемелерге жеткізілген.
Апаттан кейін жолаушыларды құтқаруға арнайы жедел қызмет топтары жұмылдырылды.
Құқық қорғау органдары жүргізушінің көлікті басқарудан неліктен айырылғанын анықтап жатыр. Қазіргі уақытта ол қамауға алынған.
Жүргізушінің адвокаты жол апатына техникалық ақау себеп болуы мүмкін екенін мәлімдеді. Оның сөзінше, беріліс қорабы істен шығып, жүргізуші көлікті тоқтата алмаған.
Апаттың нақты себебі тергеу нәтижесінде белгілі болады.