Астанада цифрлық технологиялар полиция қызметінде белсенді қолданылып, құқық қорғау органдары жұмысының жеделдігі мен тиімділігін арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Осындай заманауи құралдардың бірі – тұлғаны тану функциясы бар бейнемониторинг жүйесі, деп хабарлайды turkystan.kz.
Аталған жүйе іздеуде жүрген және хабар-ошарсыз кеткен азаматтардың орналасқан жерін жедел анықтауға, көші-қон заңнамасын бұзған тұлғаларды, сондай-ақ профилактикалық есепте тұрған басқа да адамдарды анықтауға мүмкіндік береді.
Жүйе бейнедегі адамның кескінін ақпараттық базалардағы деректермен автоматты түрде салыстырады. Іздеу тек фотосурет арқылы ғана емес, сонымен қатар адамның сыртқы белгілері – жынысы, жасы, сақалының болуы, көзілдірік, бетперде немесе бас киім тағуы сияқты сипаттамалар бойынша жүргізіледі. Бұдан бөлек, технология танылған адамның бейнебақылау камералары арқылы жүріп өткен бағытын бақылауға мүмкіндік береді.
Цифрлық шешімнің тиімділігі нақты нәтижелермен де расталып отыр. Мәселен, бейнемониторинг барысында жүйе ұрлық жасады деген күдікпен халықаралық іздеуде жүрген 24 жастағы ер адамды анықтаған. Ақпарат полиция қызметкерлері тарапынан тексеріліп, нәтижесінде ер адам ұсталды.
Астана қаласының полиция департаменті заманауи бейнемониторинг жүйелерін енгізу қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға, іздеуде жүрген адамдарды уақтылы анықтауға және құқық қорғау органдары жұмысының тиімділігін арттыруға бағытталғанын атап өтті.