274 отбасы зардап шекті: Астанада «Mardan» тұрғын үйіне қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды

Бүгін, 16:28 / Інжу Әлихан
Фото: Астана әкімдігі

Астана қаласында «Mardan» тұрғын үй кешенінің үлестік құрылысына азаматтардың қаражатын заңсыз тартуға байланысты резонансты қылмыстық істі тергеп-тексеру аяқталды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қылмыстық топтың әрекетінен 274 отбасы зардап шекті, келтірілген залалдың жалпы сомасы 4,1 млрд теңгені құрады.

Қылмыстық схеманы ұйымдастырушылар міндетті рұқсат құжаттарынсыз салымшылардың ақшалай қаражатын тартып, оны мақсатсыз пайдаланған, ал құрылыс жұмыстары заң бұзушылықтармен жүргізілген.

Жәбірленушілердің азаматтық талаптарын қамтамасыз ету мақсатында соттың санкциясымен 1 млрд теңгеден астам сомаға жылжымалы және жылжымайтын мүлікке тыйым салынды.

4 күдікті қамауға алынып, қылмыстық іс сотқа жолданды.

Елорда прокуратурасы азаматтарды салынып жатқан тұрғын үй кешенінен пәтер сатып алмас бұрын тиісті рұқсаттың бар-жоғын тексеруге шақырады (сілтеме: homeportal.kz/shared-construction-objects).