Түркістан облысында халықаралық іздеуде жүрген шетел азаматы ұсталды

Бүгін, 15:30 / Інжу Әлихан
Polisia.kz

Түркістан облысында полиция қызметкерлері 5 жыл бойы халықаралық іздеуде жүрген 44 жастағы шетел азаматын ұстады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ер адам Мақтаарал ауданында көші-қон заңнамасының сақталуын тексеру барысында анықталған. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде ол жүрген жерінен ұсталып, полиция бөліміне жеткізілді.

Тексеру барысында шетел азаматының бұған дейін ұрлық жасағаны үшін сотталғаны және 2021 жылдан бері халықаралық іздеуде жүргені анықталды. Қазіргі таңда ол қамауда.

Сонымен қатар "Мигрант" жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында Түркістан облысының аумағында заңсыз еңбек қызметін жүзеге асырған 26 шетел азаматы анықталды. Құқық бұзушыларға қатысты әкімшілік шаралар қабылданып, олардың 16-сы ҚР аумағынан шығарылды.

Полицейлер көші-қон заңнамасын бұзу фактілерін анықтау және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстарды жалғастыруда.