Қазақстанда тұтынушылардың құқықтарын қорғау тәртібі өзгеруі мүмкін. Депутаттар әзірлеп жатқан жаңа заң жобасы азаматтардың тек сатып алған тауарына емес, көрсетілген қызмет пен орындалған жұмысқа қатысты да құқықтарын кеңейтуді көздейді. Құжатта тұтынушы құқығын шектейтін шарттардың күшін жою, омбудсмен институтын енгізу және мәселені сотқа жеткізген сатушыға айыппұл салу сияқты жаңа тетіктер қарастырылған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Құрылтай депутаты Никита Шаталов жетекшілік ететін жұмыс тобы жаңа заң жобасын әзірлеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Оның айтуынша, өткен жылдың өзінде тұтынушылардың құқықтарына қатысты 80 мыңнан астам өтініш түскен. Депутаттың сөзінше, жаңа заңның негізгі мақсаты – азаматтарды нақты қорғап, сонымен қатар адал кәсіпкерлерге түсінікті әрі теңгерімді талаптар қалыптастыру.
Заң жобасы бойынша жұмыс сарапшылармен, бизнес өкілдерімен және тұтынушылар құқығын қорғау ұйымдарымен бірлесіп жалғасып жатыр.
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы жаңа заң жобасында көзделген өзгерістер қарапайым азаматтың құқығын іс жүзінде қалай күшейтеді? Сатушы немесе қызмет көрсетуші тұтынушының талабын орындамаған жағдайда, азамат қандай жаңа құқықтар мен қорғау тетіктеріне ие болады? Осы және өзге де өзгерістерге қатысты мамандардың пікірін білген едік.
Абай ЖҰМАБАЕВ, ҚР Сауда және интеграция министрлігі Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті Мемлекеттік саясатты қалыптастыру басқармасының бас сарапшысы:
Жаңа заң тұтынушы құқығын қорғау тетіктерін күшейтеді
Ұсынылып отырған өзгерістер тұтынушының құқықтарын формалды түрде бекітіп қана қоймай, оларды қалпына келтірудің түсінікті және пәрменді тетіктерімен қамтамасыз етуге бағытталған.
Ең алдымен, заң жобасында тұтынушыларды қорғаудың бірыңғай базалық стандартын белгілеу көзделеді. Негізгі құқықтар мен кепілдіктер тауарларды сатып алу кезінде ғана емес, түрлі саладағы жұмысты орындау және қызметтер көрсету кезінде де қолданылатын болады. Бұл ретте салалық заңнама тиісті нарықтың ерекшеліктерін ескере отырып, қосымша кепілдіктер белгілей алады. Алайда Заңда белгіленген қорғау деңгейін төмендетпеуге тиіс. Арнайы заңнамамен реттелетін қаржылық және төлем қызметтері бұған кірмейді.
Сонымен қатар, тұтынушыларды қорғаудың базалық қағидаттары нақтыланады. Оларға бұзылған құқықты тиімді қалпына келтіру және келтірілген зиянды өтеу, шарт жасалғанға дейін тауардың, жұмыстың немесе көрсетілетін қызметтің барлық міндетті төлемдер ескерілген түпкілікті құны туралы ақпарат алу, тұтынушыны жаңылыстыруға жол бермеу, сондай-ақ қосымша ақылы тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді таңуға тыйым салу жатады. Тұтынушының заңда белгіленген құқықтарына нұқсан келтіретін шарт талаптарының заңдық күші болмауға тиіс.
Наразылық білдіру тәртібі де айтарлықтай жеңілдетіледі. Азамат Цифрлық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау жүйесі арқылы QR-код, ЖСН немесе БСН бойынша сатушыны не орындаушыны тауып, оған наразылық жібере алады. Кәсіпкер жеке кабинетке сілтемесі бар СМС-хабарлама алады және он күнтізбелік күн ішінде жауап беруге тиіс. Жүйеде наразылықтың жіберілгені мен алынғаны, сондай-ақ кәсіпкердің жауабы тіркеледі. Бұл сатушының тұтынушы өтінішінің өзіне келіп түспегенін алға тартатын жағдайларды болдырмауға мүмкіндік береді.
Егер талап қанағаттандырылмаса, тұтынушы өз құқықтарын одан әрі қорғау тәсілін өзі таңдай алады. Ол уәкілетті немесе тиісті салалық мемлекеттік органға, Тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі омбудсменге, тұтынушылардың қоғамдық бірлестігіне, адвокатқа немесе заң консультантына жүгіне алады, сондай-ақ белгіленген тәртіппен тікелей сотқа талап қоюға құқылы.
Омбудсмен тұтынушылар қоғамдастығының мүдделерін білдіретін дербес институт болуға тиіс. Ол жүйелі проблемаларды анықтайды, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасайды, заңнаманы жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізеді және тұтынушылардың айқындалмаған тобының мүдделерін қорғау үшін сотқа жүгіне алады. Бұл ретте нақты азаматтың мүдделерін білдіру және білікті заң көмегін көрсету адвокаттар мен заң консультанттарының құзыретінде қалады.
Бір кәсіпкердің әрекеттері бір мезгілде көптеген азаматтың құқықтарына әсер ететін жаппай бұзушылықтарға қатысты жеке тетік көзделеді. Мұндай жағдайларда заң жобасы тұтынушылар тобының, сондай-ақ айқындалмаған адамдар тобының құқықтарын қорғауға мүмкіндік береді. Бұл көптеген бірдей шағымдарды жеке-жеке қараудың орнына жүйелі бұзушылықтың өзін жоюға жағдай жасайды. Айқындалмаған тұтынушылар тобына қатысты сот белгілеген құқық бұзушылық фактісін нақты азамат кейіннен сотқа жүгінген кезде қайта дәлелдеудің қажеті болмайды.
Дауды ерікті түрде реттеуге кәсіпкерді ынталандыратын маңызды экономикалық тетік тұтынушының пайдасына өндіріп алынатын өтемақы төлемі болмақ. Егер кәсіпкер тұтынушының заңды талабын ерікті түрде қанағаттандыруға мүмкіндігі бола тұра, одан негізсіз бас тартып, дауды сотқа дейін жеткізсе, сот одан мүліктік талаптың қанағаттандырылған бөлігінің 10-нан 50 пайызына дейінгі мөлшерде қосымша төлем өндіріп ала алады. Осылайша, кәсіпкер үшін дауды созып, сотқа жеткізгеннен гөрі тұтынушының бұзылған құқығын уақтылы қалпына келтіру тиімді болады.
Нәтижесінде азамат құқықтардың кеңейтілген тізбесін ғана емес, оларды іске асырудың тұтас әрі дәйекті жүйесін алады. Ол сатып алу талаптарының ашықтығын, наразылықтың электрондық түрде тіркелуін, қорғану тәсілін таңдау мүмкіндігін, кәсіби және қоғамдық қолдауды, жаппай бұзушылықтар кезінде ұжымдық қорғауды, сондай-ақ заңды талапты ерікті түрде орындаудан негізсіз бас тартқан кәсіпкердің нақты мүліктік жауапкершілігін қамтиды.
Жандос БҰҒЫБАЕВ, заңгер:
Заң жобасы тұтынушы құқығын қорғау мен бизнес мүддесін теңгеруге тиіс
Мемлекет басшысының тұтынушылардың құқықтарын қорғау жүйесін реформалау жөніндегі тапсырмасыкөптен бері күн тәртібінде тұрған мәселе еді. Өткен жылы бұл салада 80 мыңнан астам өтініштің тіркелуі қолданыстағы құқықтық механизмнің азаматтарды жедел әрі тиімді қорғауды толық қамтамасыз ете алмай отырғанын айқын көрсетеді. Бүгінде депутат Никита Шаталовтың жетекшілігімен қаралып жатқан заң жобасы сатып алушылар мен клиенттердің құқықтарын қорғау тәсілдерін түбегейлі өзгертеді. Заң практикасы тұрғысынан алғанда, құжатта құқық қолдану процесіне ең көп ықпал ететін төрт негізгі жаңашылдықты бөліп көрсетуге болады.
Бірінші жаңашылдық – тауарлар, жұмыстар мен қызметтер үшін бірыңғай базалық қорғау деңгейі. Бұған дейін отандық заңнама негізінен материалдық тауарларды сатып алу-сату қатынастарына бағытталған еді, ал қызмет көрсету саласы жеткілікті түрде реттелмей қалатын. Жаңа заң жобасы олардың құқықтық мәртебесін теңестіреді. Бұл – маңызды қадам, өйткені бүгінде даулардың басым бөлігі дәл осы қызмет көрсету саласына (тұрмыстық, медициналық, қаржылық, туристік және цифрлық) ойысты. Енді тұтынушы белгілі бір тауарды сатып алса да, немесе күрделі жұмыстардың орындалуына тапсырыс берсе де, оның құқықтық мәртебесі бірыңғай әрі түсінікті болады.
Екінші жаңашылдық – сатып алушының құқықтарын шектейтін шарт талаптарын жарамсыз деп тану. Заң жобасы орындаушының оферта шартындағы ұсақ ашық мәтіндер арқылы жауапкершіліктен алдын ала бас тарту тәжірибесіне тосқауыл қояды. Мұндай тармақтардың заңды күші болмайды. Бұған қоса, фискалдық чектің жоғалуы немесе болмауы, егер сатып алу фактісін басқа дәлелдермен растау мүмкін болса, заңды талаптарды қанағаттандырудан бас тартуға негіз болмайды. Құқық қолдануда түбегейлі қағидат бекиді: тұтынушы экономикалық тұрғыдан азырақ қорғалған субъект ретінде танылады, ал сатушы тарапынан құқықты асыра пайдалануға жол берілмейді.
Үшінші жаңашылдық – Тұтынушылардың құқықтары жөніндегі Омбудсмен институтын құру. Арнайы құқық қорғаушыны енгізу нарықтағы мәселелерді жүйелі түрде шешу механизмін қалыптастыруға бағытталған. Омбудсмен азаматтарға кеңес беріп қана қоймай, жүйелі бұзушылықтарды мемлекеттік органдар деңгейіне көтере алады және нарық ережелерін әзірлеуге белсенді қатысады. Процестік тұрғыдан ең маңыздысы – Омбудсменге сотта тұтынушылардың мүдделерін жеке өзі қорғау өкілеттігі беріледі. Бұл жеке адвокаттарға қаржысы жете бермейтін азаматтар үшін үлкен үлестік көмек болмақ.
Төртінші жаңашылдық – дауды сотқа дейін жеткізгені үшін тұтынушының пайдасына айыппұл өндіру. Бұл – жобадағы ең ықпалды қаржылық жаңашылдық. Егер сатушы немесе орындаушы негізді талапты бірден қанағаттандыруға мүмкіндігі бола тұра, сотқа дейінгі реттеуден бас тартып, істі сот шешіміне дейін жеткізсе, ол айыппұлды тікелей сатып алушының пайдасына төлеуге міндетті болады. Қолданыстағы практикада азаматтар сот шығындары мен келтірілген шығын көлемінің сәйкес келмеуіне байланысты жиі сотқа барудан бас тартатын. Жаңа норма бизнеске дауды сотқа жеткізбей, жазбаша шағым кезеңінде-ақ шешуге күшті экономикалық ынта қалыптастырады.
Қорыта айтқанда, аталған заң жобасы азаматтардың жан-жақты қорғалуына дұрыс бағыт береді. Дегенмен, заң шығарушы мен заңгерлер қауымдастығының алдында тұрған басты міндет – парасатты теңгерімді сақтау. Ниеті бұрыс азаматтардың қатаң санкцияларды пайдаланып, кәсіпкерлерден негізсіз пайда табуға тырысатын «тұтынушылық экстремизм» көріністеріне жол бермеу маңызды. Ал бизнес үшін бұл заң – барлық жария шарттарға, сервистік регламенттерге және клиенттердің шағымдарымен жұмыс істеу алгоритмдеріне толық құқықтық аудит жүргізу қажеттігін білдіретін айқын сигнал.