Көлік министрлігі: Жыл басынан бері трассаларда апат саны 10 пайызға қысқарды

Бүгін, 11:04 / Інжу Әлихан
istockphoto.com

Кейінгі сегіз айының қорытындысы бойынша, республикалық жолдарда жол-көлік оқиғалары санының төмендеуі тіркелді. Үкімет отырысында баяндалған көлік министрі Нұрлан Сауранбаевтың деректері бойынша өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жол-көлік оқиғалары 10%-ға, қаза болғандар саны 14%-ға, зардап шеккендер 11%-ға азайған, деп хабарлайды turkystan.kz.

 «Апаттың негізгі себебі — жүргізушілердің ережені сақтамауы. Жол апатының негізгі факторлары: 35%-ы – жылдамдықты асыру, 12%-ы — арақашықтықты сақтамау, 11%-ы — көлікті басқара алмау, 8%-ы — қарсы жолға шығу», — деді Нұрлан Сауранбаев.

Қазақстанда жол-көлік оқиғаларының санын азайту мақсатында республикалық және жергілікті маңызы бар барлық автомобиль жолдарында орташа жылдамдықты бақылау жүйесін енгізу жұмыстары жалғасып жатқаны атап өтілді. Қазіргі уақытта көлік қозғалысының орташа жылдамдығын тіркеу жобасы 2,8 мың шақырым ақылы жолды қамтиды. Нәтижесінде ЖКО саны 10%-ға азайды.

Жол инфрақұрылымының қауіпсіздігін арттыру үшін республикалық жолдардың 11 мың шақырымынан астамы I және II техникалық санатқа ауыстырылды. Нәтижесінде қарсы бағыттағы соқтығысу қаупі азайды.