«Жанымның ашығаны-ай!»: Aйдалада баланы құтқарған тепловоз жүргізушісі мән-жайды айтты

Бүгін, 07:20 / Нұрлан Әлинұр
Видеодан скриншот

Жетісу облысы Матай станциясында теміржол машинисі Дәулет Өсербай айдалада жоғалып кеткен бүлдіршінді құтқарып қалды. Оқиға туралы теміржолшы Sputnik.kz тілшісіне айтып берді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Дәулет Өсербай баланы шамамен 150-200 метр жерден байқаған. Сағатына 38 км жылдамдықпен келе жатқан жүк пойызын тоқтатып, баланы құтқарып қалған.

"Сарыөзек бекетінен Үштөбеге бара жатқанбыз. Сол жерде Айнабұлақ деген разъезд бар. Сол екі ортада айдалада бір кішкентай баланы көріп қалдық. Жүк пойызын тоқтатып, баланы өзімізге қарай шақырдық. Бала жақындай берді. Алдынан шығып көтеріп алдым. Өзінің, сосын әкесінің ғана атын біледі", - дейді машинист Дәулет Өсербай.

Шамамен 5 шақырым алыстап кеткен

Бала әбден қорқып қалған.

"Баланы алып кетіп, пойыз диспетчеріне хабарластық. "Бекет кезекшісіне хабарлаңыз, бала тауып алдық" дедік. Олар полиция бөліміне хабарласқан. Бірінші тұрған бекет 6 шақырым жерде. Бала шамамен 5 шақырым алыстап кеткен", - дейді машинист.

Баланың қанша сағат адасып жүргенін білмедік, дейді теміржолшы.

"Әбден жылап, екі иығы селкілдеп, өкси береді. Адам жатырқамайды екен, бізден қорықпайды, қашпады да. Түрі аянышты, жанымның ашығаны-ай!", - дейді теміржолшы.

34 жастағы Дәулет Өсербай тепловоз жүргізгеніне 15 жыл. Жол бойында мал көп, бірақ бұрын-соңды адам кездескені болмапты дейді. Ел ішінде айтылатын әруақты да кездестірген емеспін, дейді ол.
Дәулет Өсербай сол күні Әлішер Ізтілеу деген көмекшісімен болған, Матай теміржол бекетінде жұмыс істейді. Дәулет Өсербай екі баланың әкесі, бірі - 3 жасар, бірі - 1 жасар.