Абай облысының Аягөз ауданында табиғи өртті сөндіру жұмыстары жалғасуда. Тарбағатай ауылдық округіне қарасты Қазанкемір учаскесінде таулы әрі жетуі қиын аумақта құрғақ шөп пен бұталар өртенген, деп хабарлайды turkystan.kz.
ТЖМ хабарлауынша, өрт "Тарбағатай" мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағына тараған.
Тілсіз жаумен күреске ТЖМ, "Семей орманы" мемлекеттік орман табиғи резерваты, "Тарбағатай" мемлекеттік ұлттық табиғи паркі және жергілікті атқарушы органдардан 226-ға жуық адам мен 43 техника жұмылдырылған.
Сондай-ақ өртті сөндіруге "Қазавиақұтқару" мен ҰҚК-нің екі тікұшағы тартылды. Әуеден 12 рет су төгілген.
Өрт сөндіру жұмыстарына таулы аумақтың күрделі рельефі, тік беткейлер, өрт ошақтарына апаратын жолдардың болмауы және желдің екпіні кедергі келтіріп отыр.
Ведомство мәліметінше, қазіргі уақытта елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ.
Жағдай жауапты қызметтердің бақылауында.