Әлемде паспортсыз шетелге емін-еркін шыға алатын үш адамның кім екені анықталды

Бүгін, 21:31 / Жамбыл Жайлау
Stan.kz коллажы

Әлемде шетелге шығу үшін паспорт қажет емес ерекше мәртебеге ие үш адам бар. Олар – Ұлыбритания королі Карл III, Жапония императоры Нарухито және императрица Масако, деп хабарлайды turkystan.kz.

Bild басылымының жазуынша, Ұлыбритания монархы бұл құқықты анасы Елизавета II қайтыс болғаннан кейін иеленген. Корольдік отбасының ресми мәліметіне сәйкес, Карл III шетелге сапар кезінде кәдімгі британ паспортын пайдаланбайды.

Оның орнына арнайы құжат рәсімделеді. Онда шетел билігінен монархтың еркін өтуіне мүмкіндік беру және қажет болған жағдайда көмек пен қорғау көрсету сұралады.

Ал Ұлыбритания корольдік отбасының өзге мүшелері шетелге әдеттегі паспортпен шығады.

Жапония императоры Нарухито мен императрица Масако да паспортсыз сапарлай алады. Мұндай тәртіп 1971 жылы Жапония үкіметінің шешімімен бекітілген.

Сол кезде император мен императрицаға қарапайым азаматтар секілді паспорт беру және шекаралық рәсімдерден өткізу олардың мәртебесіне сай емес деп танылған.

Сондықтан олар шетелге шыққанда паспорттың орнына арнайы министрлік құжатын пайдаланады. Сонымен бірге Жапонияның Сыртқы істер министрлігі олардың сапары туралы қабылдаушы мемлекетке алдын ала хабарлайды.

Император әулетінің басқа мүшелеріне мұндай артықшылық берілмеген. Олар шетелге дипломатиялық паспортпен шығады.

Ал Рим папасына да шетелдік сапарлар үшін паспорт қажет. Ол Ватикан немесе өзі азаматтығына ие елдің жеке басын куәландыратын құжаттарын пайдаланады.

Тэгтер:

әлем паспорт Карл III Нарухито Масако