97 жастағы әже қалықтап бара жатқан ұшақ қанатында тұрып рекорд орнатты (ВИДЕО)

Бүгін, 19:15 / Ербұлан Қайрат
сурет: guinnessworldrecords.com

Ұлыбританияның 97 жастағы тұрғыны Бетти Бромейдж ұшып бара жатқан ұшақтың қанатында тұрып, бірден екі әлемдік рекорд орнатты. Ол әйелдер арасында ең қарт wing walker атанып қана қоймай, ұшақ «өлі тұзақ» маневрін жасаған кезде қанат үстінде тұрған ең егде әйел ретінде де Guinness World Records кітабына енді, деп хабарлайды turkystan.kz guinnessworldrecords.com-ға сілтеме жасап.

Рекорд 4 тамызда Англияның Глостершир графтығындағы Сайренсестер әуеайлағында тіркелді. Сол күні Бетти 97 жас 145 күнде болған. Wing walking – ұшып бара жатқан ұшақтың үстіңгі қанатына арнайы қауіпсіздік белдіктерімен бекітіліп тұрып ұшу. Бетти бұл жолы жай ғана әуеде қалықтап қоймай, ұшақ толық айналып шығатын «loop-the-loop» акробатикалық маневріне де қатысқан.

Бұл Беттидің алғашқы рекорды емес. 2022 жылы, 93 жасында ол әйелдер арасындағы ең қарт wing walker атағын алған еді. Төрт жылдан кейін сол рекордын өзі жаңартты.

Бетти экстремалды әуестігін салыстырмалы түрде кеш бастаған. 87 жасында арнайы тұрғын үй кешеніне көшкеннен кейін өмірінде бір нәрсені өзгерткісі келіп, wing walking жасап көруге шешім қабылдаған. Содан бері ол бірнеше рет ұшақ қанатында ұшып, әр сапарын қайырымдылыққа қаражат жинаумен байланыстырған.

Бұл жолы жиналған қаражат Cheltenham and Gloucester Hospitals Charity қорына бағытталды. Беттидің айтуынша, бастапқыда балалары оның әуестігін түсінбегенімен, кейін толық қолдау көрсете бастаған. Экстремалды спорт оның жалғыз әуестігі емес. 90 жасында Бетти Уэльстегі Сноудонияда зиплайнмен ұшқан, сондай-ақ арқан арқылы биіктіктен түсу жаттығуларын орындаған.

97 жаста болғанына қарамастан, ол мұнымен тоқтауды жоспарлап отырған жоқ. Бетти 100 жасқа жетсе, тағы бір рет ұшақ қанатында тұрып ұшуға дайын екенін айтты.

«Мен істей алмайтын нәрселерге емес, істей алатын дүниелеріме назар аударуым керек», – дейді ол.

Тэгтер:

Әже рекорд