Қонаевта 22 жастағы көлік жүргізушісі баланы қағып мерт қылды

Бүгін, 16:24 / Інжу Әлихан

Қонаев қаласында кәмелетке толмаған баланы 22 жастағы жүргізуші тізгіндеген Hyundai автокөлігі қағып кетті, салдарынан бала көз жұмды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Алматы облысы Қонаев қаласында баланың өліміне әкеп соққан жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қайғылы оқиға туралы Instagram-дағы "egovpress" парақшасында жарияланды.

"Алматы облысы Қонаев қаласының тұрғындары №10 шағын ауданда баланы көлік қағып кеткенін хабарлауда. Тұрғындардың айтуынша, көшеде тіпті жаяу жүргіншілер жолы да жоқ", - делінген жазбада.

Айта кетейік, жол апаты кеше, 20 қыркүйекте болған.

«Алдын ала мәлімет бойынша, 20 қыркүйекте сағат 18:40 шамасында Қонаев қаласының көшелерінің бірінде Hyundai автокөлігінің 22 жастағы жүргізушісі жолдың жүріс бөлігінде болған кәмелетке толмаған баланы қағып кетті. Алған жарақаттарының салдарынан бала оқиға орнында көз жұмды», – деп хабарлады Алматы облысы ПД өкілі.

Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Тергеу полиция департаменті басшылығының бақылауында.