Маңғыстауда ысталған балықтан уланған отбасы жансақтау бөліміне түсті

Бүгін, 11:19 / Інжу Әлихан
istockphoto.com

Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданында үй жағдайында дайындалған ысталған балық жеген бір отбасының 4 адамы жансақтау бөліміне түсіп қалды, деп хабарлайды turkystan.kz Lada.kz-ке сілтеме жасап.   

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас эпидемиологы Марал Қадырдың хабарлауынша, ботулизм белгілерімен үш ересек адам мен бір бала ауруханаға жатқызылған. Балық тоңазытқышта ұзақ уақыт сақталған. Зардап шеккендердің барлығы оны 17 қыркүйекте сағат 20:00-ден 21:00-ге дейін отбасылық шара кезінде тұтынған. Аурудың алғашқы белгілері 18 қыркүйек кешке байқалған. Науқастар 19 қыркүйекте медициналық көмекке жүгінген.

«Үй жағдайында зардап шеккендердің бірнеше рет жүрегі айнып, құсқаны байқалған. Ауруханаға жатқызылғаннан кейін науқастардың жағдайы ауыр деп бағаланды. Негізгі белгілердің қатарында әлсіздік, бас айналу, жұтыну мен көрудің бұзылуы, тамақтың жыбырлауы мен құрғауы, көздің бұлдырауы және қосарланып көру, сондай-ақ сананың бұзылуы болды», – деді Марал Қадыр.

Барлық науқастың жағдайы ауыр. Олар өкпені жасанды желдету аппараттарына қосылған. Оларға дезинтоксикациялық және симптоматикалық ем жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ науқастарға арнайы ботулизмге қарсы сарысу енгізілген.

Маңғыстау облысының денсаулық сақтау мамандары тұрғындарға тамақ гигиенасы талаптарын сақтауды ескертеді. Олар санитариялық талаптарды сақтай отырып дайындалған сапалы өнімдерді ғана тұтынуға және азық-түлікті рұқсат етілмеген сауда орындарынан сатып алмауға шақырды.

Мамандар үй жағдайында тез бұзылатын өнімдерді дайындау мен сақтау тәртібіне ерекше назар аударуды ұсынады.

Уланудың алғашқы белгілері байқалған жағдайда мүмкіндігінше тез арада медициналық көмекке жүгініп, өз бетінше ем қабылдамау қажет.