Ұландықтар қызметтік иттің көмегімен түрмеге заңсыз жеткізілмек болған затты тапты

Бүгін, 09:44 / Інжу Әлихан
Ұлттық ұлан

Ақмола облысы Аршалы ауданында ІІМ Ұлттық ұланы 6636 әскери бөлімінің әскери қызметкерлері ҚАЖД қызметкерлерімен бірлесіп, қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің аумағына тыйым салынған затты жеткізу әрекетінің жолын кесті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Г. есімді азамат басқарған «Газель» автокөлігін тексеру кезінде қызметтік ит «Айза» артқы көріністі көрсететін айнаның оң жақ тұсында күмәнді заттың болуы мүмкін екені туралы белгі берді.

Тереңдетілген тексеру барысында айна қуысының ішінен жасыл түсті, өзіне тән иісі бар зат салынған жасырын орама табылды.

Тексеру тобының құрамында ефрейтор Тимур Қожабеков пен кинолог-маман кіші сержант Береке Дөненбай қызмет атқарды. Олардың үйлесімді әрекетінің арқасында күмәнді түйіншек дер кезінде анықталып, тәркіленді.

Аталған факті бойынша тексеру жүргізілуде. Оқиғаның мән-жайы және құқық бұзушылыққа қатысы бар тұлғалар анықталып жатыр. Жағдай құзырлы органдардың бақылауында.

Ұлттық ұлан ҚАЖД қызметкерлерімен бірлесіп, режимдік объектілерге тыйым салынған заттар мен басқа да бұйымдарды жеткізу әрекеттерінің жолын кесу бойынша тұрақты түрде тиісті шаралар қабылдайды.