Жазғы Азиада-2026: Жарыстың алғашқы күні Қазақстан қоржынына төрт алтын медаль түсті

Бүгін, 07:49 / Нұрлан Әлинұр
ҰОК

20 қыркүйек күні Аичи және Нагояда (Жапония) өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындарында ресми ашылу рәсімінен кейінгі алғашқы толыққанды жарыс күні өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қазақстан құрамасы алты медаль жеңіп алды. Оның төртеуі – алтын. Азия ойындарының жеңімпаздары велошабандоздар Ринат Сұлтанов пен Алексей Луценко, сондай-ақ каратэшілер Жоламан Биғабыл мен Софья Берульцева атанды. Қола медальдарды триатлоншы Арлан Жаңабай мен қазіргі бессайыстан ерлер құрамасы иеленді.

Қазақстанға Азиададағы алғашқы медальді Арлан Жаңабай сыйлады. Триатлоннан жекелей сында қазақстандық спортшы қашықтықты 53 минут 11 секундта бағындырып, мәреге үшінші болып жетті. Жеңімпаз, жапониялық Такуми Ходзеден ол 15 секундқа қалып қойды. Аян Бейсенбаев тоғызыншы орын алды. Жарыстан кейін Жаңабай жүгірудің соңғы бөлігі өзіне аса ауыр тигенін айтып, жүлде үшін тартыс мәреге дейін жалғасқанын атап өтті.

Көп ұзамай Қазақстан құрамасы алғашқы алтынына қол жеткізді. Ринат Сұлтанов тасжолдағы велоспорттан жекелей уақытқа жарыста жеңіске жетті. Қазақстандық спортшы 36 минут 23,72 секунд нәтижесін көрсетіп, Қытай өкілі Чжан Хаоны 4,86 секундқа басып озды. Үшінші орын Оңтүстік Корея өкілі Шин Чиынға бұйырды.

Оның ізін Алексей Луценко жалғады. Қазақстан құрамасының көшбасшысы ерлер арасындағы жекелей уақытқа жарыста  41:24.05 нәтижесімен топ жарды. Екінші орын жапониялық Сюнсукэ Имамураға, үшінші орын моңғолиялық Жамбальямц Сайнбаярға тиесілі болды. Луценко үшін бұл Азия ойындарындағы бесінші алтын медаль. Сонымен қатар қазақстандық велошабандоз құрлықтық ойындардағы жекелей уақытқа жарыста қатарынан төртінші рет чемпион атанды. Ол бұған дейін 2014, 2018 және 2022 жылдары жеңіске жеткен.

Қазақстан қоржынына тағы бір жүлдені қазіргі бессайыс спортшылары салды. Ерлер арасындағы финалда ұлттық құрама сапындағы ең үздік нәтижені Темірлан Абдраимов көрсетті. Ол жетінші орынға жайғасты. Тихон Варехин тоғызыншы, Лев Чувашов 13-ші, Кирилл Стадник 18-ші орын алды. Үш үздік нәтиженің қорытындысы бойынша Қазақстан командалық есепте қола медаль иеленді. Қытай жеңіске жетсе, Оңтүстік Корея екінші орын алды.

Қазіргі бессайыстан әйелдер құрамасы жүлдеге бір табан жетпей қалды. Юлиана Петрова 14-орын, Аяна Қазбекова 17-орын, Диана Щедрова 18-орын алды. Командалық есепте қазақстандықтар төртінші орынға тұрақтады.

Қазақстан құрамасына тағы екі алтынды каратэшілер сыйлады. 55 келіге дейінгі салмақта Жоламан Биғабыл Тәжікстан өкілі Махсатулло Муминов пен Индонезия спортшысы Мухаммад Жануарды жеңіп, финалға шықты. Шешуші кездесуде ол Өзбекстан өкілі Хумоюнмирзо Халимовты 9:1 есебімен ұтты. Бұл Биғабылдың Азия ойындарындағы алғашқы медалі.

Софья Берульцева 68 келіден жоғары салмақта чемпион атанды. Қазақстандық спортшы финалға дейін Сауд Арабиясының өкілі Дина Мостафаны және Непал спортшысы Арика Гурунгты жеңді. Финалда Берульцева Таиланд өкілі Маниван Буцуваннан басым түсті. Софья үшін бұл Азия ойындарындағы екінші алтын медаль. Ол бұған дейін Ханчжоу-2022 ойындарында чемпион атанған.

Жүзуден 200 метрге кешенді жүзу бағдарламасында Айбат Мырзамұратов финалға жолдама алды. Іріктеу кезеңінде жетінші нәтиже көрсеткен қазақстандық спортшы финалда қашықтықты 2:00.37 уақытта жүзіп өтіп, жетінші орнын сақтап қалды. Жарыста жапониялық Томоюки Мацусита жеңіске жетті.

Нысана көздеуден Александра Ле, Елизавета Безрукова және Софья Шульженко 10 метр қашықтықтан пневматикалық мылтықпен нысана көздеу сайысына қатысты. Қазақстан құрамасы 1879,9 ұпай жинап, командалық есепте алтыншы орын алды. Ұлттық құрама өкілдерінің ешқайсысы жекелей финалға өте алмады: Ле 15-орын, Безрукова 22-орын, Шульженко 28-орынды иеленді.

Қазақстан ерлер құрамасы үстел теннисінен жарыс күнін сәтті өткізді. Алдымен қазақстандықтар Бангладешті 3:0 есебімен жеңсе, кейін Сингапур құрамасынан 3:1 есебімен басым түсті. Осылайша, G тобындағы екі кездесудің екеуінде де Қазақстан құрамасы жеңіске жетті. Топтық кезеңдегі соңғы матчты қазақстандықтар 21 қыркүйекте Лаосқа қарсы өткізеді.

Әйелдер құрамасы алғашқы кездесуінде Оңтүстік Кореядан 0:3 есебімен жеңілді. Қазақстан сапында Зәуреш Ақашева, Сарвиноз Миркадирова және Жанерке Көшкімбаева өнер көрсетті. Команданың келесі қарсыласы – Мальдив.

Жағажай волейболынан Сергей Богату мен Кирилл Гурин топтық кезеңді жеңіспен бастады. Қазақстандық жұп Индонезия өкілдері Имам Ахмад Файсал мен Файруз Байхаклиді 2:1 (22:24, 21:19, 15:12) есебімен ұтты. Ал Абдулмаджид Мохаммад пен Дмитрий Яковлевтен құралған тағы бір қазақстандық жұп жапониялық Дзюнтаро Тачие мен Юсуке Исидзимеге 1:2 есебімен жол берді.

Әйелдер арасындағы волейбол турнирінің ширек финалында Қазақстан Оңтүстік Кореямен кездесті. Корей құрамасы үш партияда да жеңіске жетті – 26:24, 27:25, 25:21. Қазақстан құрамасы 5-8-орындар үшін өтетін кездесулерде өнер көрсетуді жалғастырады.

Ушу-саньдадан Қазақстан өкілдері де жарысты жалғастырып жатыр. 52 келіге дейінгі салмақта Аян Тұрсын Түрікменстан өкілі Бибирмерьем Акмухаммедованы жеңіп, ширек финалға өтті. Ал 75 келіге дейінгі салмақта Абдурашид Абдуллаев Лаос спортшысы Анонг Теунчалеунды ұтып, келесі кезеңге жолдама алды.

Аралас жекпе-жектен Еркінғали Бүркіталин traditional MMA бағдарламасында 77 келіге дейінгі салмақта алғашқы жекпе-жегін сәтті өткізіп, Қытайлық Тайбэй өкілі Линь Мин-дяньді жеңді. Қазақстандық спортшы ширек финалға шықты. Ал 54 келіге дейінгі салмақта modern MMA бойынша өнер көрсеткен Әйгерім Төреханова алғашқы жекпе-жегінен кейін жарысты аяқтады.