Жасөспірімнің есірткіге қатысы барын қалай білуге болады – ІІМ ата-аналарға ескерту жасады

Бүгін, 18:51 / Нұрлан Әлинұр
Polisia.kz

Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі барлық кәмелетке толмағандардың ата-аналары мен заңды өкілдеріне, сондай-ақ студенттер мен жеке кәсіппен айналысып жүрген жастарға үндеу жолдады, деп хабарлайды Polisia.kz.

Жаңа оқу жылының басталуымен полиция қызметкерлері еліміздің барлық мектептері мен оқу орындарын профилактикалық іс-шаралармен қамтыды.

Жалпы 16 мыңнан астам профилактикалық іс-шара өткізілді, оның 5 мыңнан астамы тәжірибелі ұстаздар, психологтар және нарколог-дәрігерлердің қатысуымен ұйымдастырылды.

Бүгінгі таңда елімізде есірткі қылмыстары үшін 69 жасөспірім ұсталды. Оның ішінде 40-ы есірткі өткізгені, 27-сі аса ірі мөлшерде сақтағаны, екеуі есірткі жарнамалағаны және насихаттағаны үшін ұсталған. Атап өту керек, ұсталғандардың 52-і ұл, 17-сі қыз.

"Сіздерді мынадай белгілер ерекше алаңдатуы тиіс: баланың қолында ақшаның немесе қымбат заттардың кенеттен пайда болуы, телефон мен хат алмасуды жасыруы, әр түрлі күмәнді скриншоттар. Қосымша табыс белгілері - орама қалташалар, шағын пакеттер, оқшаулағыш таспа, электрондық таразылар және басқа да күмәнді заттар. Жасөспірімнің араласатын ортасына, бос уақытын қалай өткізетініне, әлеуметтік желілерде кімдердің аккаунтарына тіркелгенін, мессенджерлерде кімдермен сенімді байланыс орнатқанына ерекше назар аудару қажет", - деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің басқарма бастығы Бақытжан Әмірханов.

ІІМ есірткі қылмыстарын жасағаны үшін қылмыстық жауаптылық 16 жастан басталатынын еске салып, балалардың құқықтық тәрбиесіне белсенді қатысуға шақырды.