Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» акциясында әлеуметтік саладағы мәселелерге, соның ішінде мүгедектікті айқындау кезінде кездесетін заң бұзушылықтарға назар аударды, деп хабарлайды Ақорда.
«Әлеуметтік салада, әсіресе, түрлі деңгейдегі мүгедектікті айқындаған кезде әлі де заңды белден басу фактілері кездесетінін осыдан-ақ аңғаруға болады.
Біз кездері мүгедектігі бар жандар 800 мыңнан асып кетті, ал халық саны – 20 миллион. Бейбіт заманда бұған сену қиын. Жазушы Чеховтің сөзімен айтсақ, «Бұлай болмауға тиіс, өйткені олай болуы ешқашан мүмкін емес».
Қазақстанда ғана босанған әйел үш жылға декреттік демалысқа шыққанда, қаржылық пакеті мен жеңілдік төлемдері, ең бастысы, жұмыс орны сақталатынын еске салғым келеді. Мемлекет жас аналарды, кем дегенде, бұрынғы жұмысына орналастыруға міндетті.
Халықаралық рейтингтерде ұдайы көш бастайтын елдердің бірқатарында мұндай әлеуметтік жеңілдіктер жоқ, болуы да мүмкін емес.
Ол жақта босанған аналар жарты айдан кейін қызметіне оралуға асығады, әйтпесе жұмысынан айрылады. Мемлекет кепілдік беретін тегін көмек жайында естімеген, ондай әлеуметтік қолдау шаралары бар дегенге сенбейді де.
Ал біз мұны ашық айтпаймыз. Халықаралық рейтингтерде 30, 40, 50-орындарда, тіпті, одан да төмен сатыда орналасамыз. Азаматтарға қандай қамқорлық көрсетіліп жатқанын ешкім білмейді», – деді Президент.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы бастауыш сынып оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамту, зиянды тағамдарды мектеп мәзірінен алып тастау және әлеуметтік көмектердің мақсатқа сай берілуі туралы айтты.
«Сол сияқты бастауыш сынып оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамту дегенді көз алдарына елестете алмайды. Аз қамтылған немесе ауқатты отбасыдан шыққанына қарамастан, 1-4 сынып оқушыларының барлығына ыстық тамақ беріледі. Мұны жақсы білесіздер. Талаптар мен нормаға сай, таңғы және түскі ас бала күні бойы алуға тиіс құнардың 40 пайызын өтеуі керек. Мұндайды қай елден көрдіңіздер?
Сондай-ақ шұжық, фастфуд, газдалған сусын секілді зиянды тағам түрлерін мәзірден толығымен алып тастадық, қант пен тұз мөлшерін азайттық. «Гүлденген социализмнің» тұсында да мұндай қамқорлық болмаған.
Парламенттің бұрынғы құрамы заңнамаға есту қабілеті бұзылған балаларға арнайы құрылғыны ақысыз беру туралы өзгерістер енгізу қажет деп ұйғарды. Мұндай аппараттар шетелде шығарылады. Сондықтан Үкімет тез арада отандық өндірісті жолға қоюы керек. Жалпы, Үкімет Құрылтаймен және қоғамның белсенді өкілдерімен бірлесіп, әлеуметтік көмектер мен жеңілдіктердің мақсатқа сай берілуін қамтамасыз етуі қажет.
Бір сөзбен айтқанда, мемлекет шын мәнінде мұқтаж жандарға көмек қолын созуға міндетті. Сонда ғана әділдік салтанат құрады. Бұл жұмыстан осы аттас партия да тыс қалмайды деп сенемін», – деді Мемлекет басшысы.