АҚШ-та бір отбасының бес ұрпағының өкілдері бір күнде – 14 қыркүйекте дүниеге келген. Ерекше сәйкестік Гиннесс рекордтар кітабына ресми түрде енгізілді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Рекордты 2025 жылғы 14 қыркүйекте АҚШ-тың Небраска штатындағы Омаха қаласында дүниеге келген Артур Белл толықтырған.
Сәбидің анасы Эмма Белл де 14 қыркүйекте, 1997 жылы туған. Оның атасы Дональд Харлоу 1972 жылғы 14 қыркүйекте дүниеге келген.
Отбасының келесі өкілі – Эдди Харлоу. Ол 1948 жылғы 14 қыркүйекте туған. Ал әулеттің үлкені Уилбер Харлоу 1920 жылғы дәл осы күні өмірге келген.
Осылайша, бір әулеттің қатарынан бес ұрпағының туған күні 14 қыркүйекке сәйкес келген.
Гиннесс рекордтар кітабы өкілдерінің мәліметінше, бұған дейін төрт ұрпақ өкілінің бір күнде туған жағдайлары тіркелген. Алайда бес ұрпақтың туған күнінің бір датаға сәйкес келуі алғаш рет ресми рекорд ретінде тіркеліп отыр.
Отбасы бес ұрпаққа ортақ алғашқы туған күн мерекесін де бірге атап үлгерген.