Күй күмбірлеп, ән әуелеп тұратын

Күй күмбірлеп, ән әуелеп тұратын

Күй күмбірлеп, ән әуелеп тұратын
ашық дереккөзі
«... Ол – әкесіз, мен – шешесіз жетім өскенде, екеуміз де сол апайларымыздың арқасында өмірге «түңіле» отығып өстік. Сондықтан да мені атом полигонының аузынан жұлып алып шыққан Түбітқан мен Айымханды сондай құрмет тұтты. Сексенінші жылдары Жәнібектің айдарынан жел есіп, қолға түспей тұрғанда да Айымханның үйіне (ол Отырар ауданында тұратын) бір қонып, төріне аунап-қунап, арқа-жарқа болып қалатын. Екеуі сөйлескенде мені де ұмытып кетіп, жұтаң күндердегі жалаңаяқ кездері туралы әңгімелесетін. Бұл сәттегі Жәнібек бала Жәнібек болып кететін. Сөйтсем, ол өзінің апайларын және қарапайым ғана қоңыр тіршіліктегі ауызекі әңгімені сағынып жүреді екен ғой. «Тағдырдың талайына бас имеген қандас бауырым Айымханға інілік жүрегімнен ұсынамын», (12.12.80) – деп «Ақылбайдың әнін» жазып бергенде көз алдында Әсәуира, Рымғайша, Рахима, Рәпила, Бәну тұрса керек. Мен де Жәнібектің сол жөнінен жаңылмай осы апайларымды көргенде бұрын мәре-сәре болып қалушы едім, енді төсіне басымды иіп құмыға жылаймын. Олар да: «Жәнібегімнің көзі» деп, егіле-емірене бауырына басады. Жетілмеген жетім күндерде қоңырқай көлеңкелерден Жәнібек екеумізді жетелеп шыққан мейірім сәулелерінен тұла бойым еріп сала береді... Олар: сәби шағында жылаған кезде даусы құлақ тұндыратын құлынын, тулақты сүйрете келіп түнгі күзеттегі өздерімен қосылып ән салатын, қысты күндері мектепке бару үшін бұларды күтіп, бір пиманы кезектесіп киетін оқушы бауырын, екі баспалы сырнайды ертелі-кеш сүйретіп, кешке «Ақ қошқар қой бастаған-ау, Ай мүйізді»,–деп саңқылдай жөнелетін кішкентай әншіні, бір нәрсе бүлдірсе, саналы түрде бүлдіретін, өкпелегенінің өзін бойына тән емес кесектеу қылығымен көрсететін мінезді бауырларын, жағы бір сембей әндетіп жүргенде оған тыйым сала алмай ашуланатын шақтарын, «жағасының жыртығын жамап, жағасына тиген жаттың қолын қаққан» бойжеткен кездерін, ақыры айдай әлемге танымал бауырларының аңсап келіп құшағына кіретін мезетін есіне алады. Сөйтіп, қосыла қамығамыз. Бір-бірімізді құшақтай жұбатамыз. Бірақ олардың да, менің де құшағым толмайды. Толмай тұрған Жәнібектің бос орны. Жетпей тұрғаны – «Әй» деген Жәнібектің бір дауысы...» Осы бір жоқтау, қазақ ән өнерінің жарық жұлдызы, фәни дүниеден ертерек, тым асығыс кетіп қалған сырлас-қимас досты жоқтау – бізді де бейжай қалдырмады. Бұл мезгілсіз жол апатынан қайтыс болған белгілі әнші, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, Жастар сыйлығының лауреаты, жазушы, Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясы Халық әндері кафедрасының меңгерушісі Жәнібек Кәрменовті жоқтау-естелік болатын. Жүрек сыздатып, жан ауыртатын бұл тіркестердің авторы – белгілі жазушы Тұрсын Жұртбай. Шын мәнінде, қазақтың дәстүрлі әнін насихаттаушы, орындаушы талант иесі Кәрменовті еске түсірген осы бір естелік-жинақ бізді әнші Һәм жазушы Жәнібек ағаның шаңырағына жетеледі. Уәделескен жерге тоқтап, әншінің жары Тоты Тұрсынхановаға телефон шалғанымызда өзімізге бала күннен таныс дауыс құлағымызды елең еткізді. Кәдімгі Жәнібек Кәрменовтің керім де кербез даусы! Әсеттің әні «Қысмет»! Жан-жүрегімізді тербеткен әннің әсері болар, әңгіме көлік ішінде-ақ басталып кетті. – Екі қалта телефонымда да Жәкемнің орындауындағы әндер жазылған. Күнделікті таңғы ұйқыдан, кешке жатар алдында да құлағыма жағымды, жүрегіме жақын осы әндерді, оның даусын естімей ұйқыға жатпаймын. Әдетке айналды! Жақындарымның, таныстарымның телефон шалғанына да қуанатыным сондықтан, олардың амандығын білемін, әрі Жәнібегімнің даусын қоса естимін,– деді әншінің жары. – «Тірі адам тіршілігін жасайды» екен... – Ағатаймен қалай танысып едіңіз? – Ол кезде Талдықорған облысы, қазіргі Алматы облысының Сарқанд қаласындағы Абай атындағы орта мектепті алтын белгімен бітіріп, Қазақтың Қ.Сәтбаев атындағы политехникалық институтының автоматика-телемеханика факультетіне оқуға түстім. Бұл – 1969 жыл еді. Жетпісінші жылдың жазында Жәнібекпен таныстым. Жазғы демалыста ауылға да асықпай, қалада қалдым. Жекжат-жұрағаттар бар дегендей, сол кісілер кезек-кезек қонаққа шақырады. Қала аралаймын, қонаққа барамын, әйтеуір біраз уақыт қалада болдым. Бірде немере ағатайым Төлеуғазының үйіндегі Зоя апайымыз қонақ шақырып, біз де сонда бардық. Төлеуғазы ағатай «Казпотребсоюз» деген үлкен мекемеде бастықтардың бірі болғанымен, өнерге жақын азамат болатын. Отағасының осы қасиетін білетін Зоя апай сол күнгі дастарқанға тағы да бір-екі отбасымен қоса, екі әнші-домбырашы жігітті де шақырыпты. Екі бөлмелі пәтер болса да, дастарқаны пейілдеріне сай көл-көсір үйлері үнемі кісіден арылмайтын-ды. Өнерге үш қайнаса сорпасы қосылмайтын басқа саланың адамдары болса да, шаңырақтарынан қазақтың күмбірлеген күйі, әуелеген әні жиі естіліп тұратын берекелі-мерекелі отбасы болды. Сол жолы Жәнібек, Жабықбай деген әнші жігіттермен дәмдес болдым. Екеуі де бірінен-бірі өткен керім әншілер болып шықты. Алғаш көргенде өзімше менсініңкіремей, тәкаппарланып отырған менің де мойным қайта-қайта әншілер жаққа бұрылып, құлағым да түріле бастағандай. Саусақтары домбыра ішегіне тиер-тиместен бебеулей жөнелетін нағыз қас домбырашы серілер екен. Бірінен бірі іліп әкетіп, шырқай жөнелгенде бөлме ғана емес, жер тербеліп жатқандай. Үстел басындағылар да керемет бір күйге еніп, сілтідей тына қалған. Өнердің, әннің, қазақ әнінің құдіреттілігін тұңғыш сезінгендей өзім де қыбырсыз қалдым. Әсіресе, Жәнібектің томпиған момақан кейпі, орта бойлы болмысы, тіпті ашық та жағымды даусына, ән салғандағы қызылшырайлана бал-бұл жанып кететін балаң жүзіне қарап, қоңыр домбыраның ішегін қуалай көз ілеспес жылдамдықпен жорғалаған салалы саусақтары күмбірлеген әуенді төгіп, оған сай әуелете шыққан үнінен үй тербеліп кеткендей әсерде қалдым. Таң қалдым! Жап-жас жігіттің соншалықты кең тынысты қажет ететін халық әндеріне барын салып, тыңдар құлақтың құрышын қандыра, үстел басындағылардың ризашылығына бөленіп отырғаны, сүйсінгендерге бірінен кейін бір әнді үзбей рахат күй сыйлағанына, әрине, іштей қызыға, қуана қабылдап отырдым. Міне, біздің Жәкеңмен осылай басталған таныстық «Алматы» қонақ­үйінің «Есік» мейрамханасында өткен үйлену тойымызбен жалғасты. Бұл қонақүйдің директоры, қазақтың батыр ұлы Рақымжан Қошқарбаев Жәнібекке әкесіндей болған кісі, жазушы Кәкімжан аға Қазыбаев той асабасы болды. Қазақтың белгілі жазушысы Сапарғали Бегалин бәйбішесімен, Еркеғали Рахмадиев Клара жеңгеймен, Рымғали Нұрғалиев Ләтипа апаймен, Мұхтар Мағауин, Ғафу Қайырбеков жұбайларымен тойдың төрінде отырып, ақ баталарын берді. Қайрат Байбосынов, Қапыш Құлышева, Қанат Құлымжанов, Құныпия Алпысбаев, Жабықбай Сапарғалиев сынды Жәнібектің әнші достары той дастарқанын ән-жырмен қыздыра түсті. Бір өкініштісі, ұлы ұстазы, қазақтың күміс көмей әншісі Жүсіпбек Елебеков жолсапарда болды да, тойымызға қатыса алмады. Келгеннен кейін үйге келіп, батасын беріп, кішігірім той жасап берген. Осындай еліміздің мәдениет-өнер-әдебиет саласындағы зиялы қауым өкілдерінің батасымен құрылған жас шаңырағымыздың шаттығы тұңғышымыз Әсеттің өмірге келуімен жалғаса түсті. Әкесі ұлының атын Біржан қойғысы келіп, балалар жазушысы С.Бегалин ағайға азан шақырып, есімін қойып беріңіз деген өтініш жасады. Шілдеханаға арналған дастарқан басында Сапарғали ағамыз: «Мен 1913 жылы Қоянды жәрмеңкесінде Әсет әншіні көріп, тыңдап едім. Біржан, Ақан есімді балалар Жүсекеңнің үйінде де бар ғой, рұқсат берсең Әсет деп қоямын»,– деді. Әрине, ешкім қарсы болмады. Сөйтіп, іңгәлап жарық дүниеге келген тұңғышымыз Әсетті қазақтың бұлбұл-дүлдүл әншілері әлдилеп, бесік жырын айтты. Ол да бір сағына отырып, елжірей еске алатын шақтар еді. – Әсет демекші, білуімше, сіздің есіміңіз Тұрар ғой, қалай Тоты атандыңыз? – Иә, ағаларың еркелетіп «Тотайым» дегені Тоты болып кетті ғой. Жаратылысы бөлек, аса мейірімді жаратылған жан еді. Менің ғана емес, жолдастарының ғана емес, еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін қабағына қарап, көңіліндегісін тауып, ығына жығылып жүретін-ді. Бақытты әйел атандым. Ол кісі барда қазан оттан түспейтін, үй қонақтан арылмаушы еді. Күн-түн демей ағылып келіп-кетіп жататын. Көпшіл еді. «Қонағы бар үйдің ырыс-берекесі мол болады» деп әзілдей жүріп, ас мәзіріне өзі де араласып кететін. Білек сыбана астау толы етті қиғаштай сәндеп турайтын. Тіпті, ас дайындағанды да керемет жақсы көретін. Әңгімесін айтып жүріп, аузы бір тынбай күле жүріп, мені де күлдіріп, қасымнан бір елі қалмай жүгіріп жүріп ас дайындайтынбыз. Мектепті өте жақсы бітіргенім бар, институтты да жақсы бітіріп, диплом алған соң, сол білімімді еңбегім арқылы қайтаруым керек деген мақсатым бар, әйтеуір, бір күн жұмыстан ретсіз қалып не сұранып көрген емеспін. Патриот болдым. Сол еңбегімнің арқасы шығар, зейнеткерлікке шыққаннан кейін де табаны күректей 8 жыл жұмыс істеп, осы жылдың сәуірінде ғана демалысқа шықтым. «Алматыэнерго» деген, бүкіл Алматы облысын электр қуатымен қамтамасыз етіп отыратын, қазір АПК деп аталады, үлкен мекеме бар, сол мекемеден зейнеткерлікке шықтым. Ұжым дегеніңіз де отбасыңнан кейінгі тірегің ғой, қуаныш-жақсылықтарымды, қайғы-қасіретімді де бөліскен, жанашырлық танытқан осы үлкен мекеме болды. Кеңес үкіметінің тұсында, әлде біздің халыққа қатал болды ма, әйтеуір мекемелерде темірдей тәртіп болды. Бала күтіміне арналған мерзім болмаса, артық дәрігерлік қағазың болса да жұмыстан қалуға болмайды. Сондай тәртіппен өскен ұрпақпыз, оның үстіне өз қызметіңе деген жауапкершілік басым болды ма, жұмыстан қалмауға тырысатынбыз. Ал, ағаларың шығармашылық салада, сондықтан бос, еркін дегендей, тіпті шығармашылықпен үйде отырып та айналыса береді. Сонда да Әсетіміз үлкен кісілердің қолында тәлім-тәрбие алды. Ал Ақбота – әкесінің жеке меншігіндегі бала болып өсті. Оның балабақшаға баруы-келуі, кейін мектепке баруы-келуі, тіпті ата-аналар жиналысына дейін әкесінің мойнында болды. Ботасын ерекше қадір тұтты, бөлекше жақсы көрді. Үнемі әңгімеге тартып, үлкендерше сөйлесіп отырушы еді. Қызметтегі қатал тәртіп, қоғамдағы қаталдық себеп болды ма, Ақботадан кейін біраз уақыт перзент жайлы, өмірге сәби әкелу жайлы ойлана қоймаппыз. Соңғы жылдары ғана: «Әй, Тотай, Ботаға серік керек болады-ау деп ойламайсың ба» деп қалжыңдайтын. Өмірден ертерек кететінін білді ме екен, қайдам, бала сүйгісі келіп еміреніп жүрді. Әсіресе, қайтарының алдында, жүрегі құрғыр сезген болар, бұрынғы сабырлы қалпын салмақтылық жеңіп жүрді, көп сөйлемейді, емен-жарқын күлкі де сирек. Кейін білдік қой, сол тұстарда сыйлас-сырлас досы Тұрсынға Ақботаны ерекше тапсырып жүріпті... Жүрегім ауыратындықтан, бойыма бала біткеннен жарық дүниеге келгенше дәрігердің бақылауында, төсекте жаттым. Сөйтіп, қызымыздан кейін араға он алты жыл салып, Шаһ-кәрім дүниеге келді. Сондағы қуанғанын айтып жеткізу мүмкін емес. Айналып-толғанып қасынан шықпайды, бірде балалардың былдырын қызықтап, мәре-сәре боп отырғанбыз. Жәкең тағы да: «Осы баламның қызығын сен көретін боласың» дегенді айтып салсын. Ол кезде жамандыққа жорып, ойыма ештеңе де келмеді. Дегенмен, сол сөзді айтқандағы қоңырқай тартқан жүзін елестетсем, жан-дүниемде алапат боран соғады... Солай болды да. Ұзақ күткен ұлының былдыр-былдырын ғана естіп, тәй-тәй басқанын ғана қызықтады.  width= – Жәнібек ағаның сіз бағалаған ерекше қасиеттері қандай еді? – Жәнібектің керемет әншілігін, кең тынысты жазушылығын, көсемсөз шебері, ауыздыға сөз бермейтін шешендігін айтып, мақтаушылар көп болды. Сонда үнсіз тыңдаған ол: «Менің бойымдағы анамның ақ сүтімен, атамның күшімен дарыған өнерімнен, талантымнан басқа титтей жақсы қасиетім болса, ол алдымдағы ағалардан дарыған» деуші еді. Шынында да, Сапекең, Жүсекең, Рақымжан, Рымғали, Мұхтар, Сұлтан, Есентай, Қадыр, Көпен, Ақселеу сынды ағаларын қатты құрметтеді, қадір тұтты. Оларсыз той-томалақ, қуаныштарымыз өтпейтін. Әсіресе, 1984 жылы Қазақстан Жастар сыйлығын алған кезде ерекше қуанып, шабыттанып жүрді. Ағалары да ақжарылқап қуанып, әншілік ғұмырының атаулы сыйлығы екенін айтып, қосыла қуанды. Олардың жүрекжарды тілектері, әзіл-әңгімелерінен күш-қуат алып, әсерлене түсті. Алматыға бала Жәнібек болып келіп, осы асыл ағалары арқылы ортасы толып, көңілі өсіп, шығармашылығы артып, сол кісілер сияқты ел-жұрты мойындаған, әншілік қасиетін қабылдаған дана Жәнібекке айналса, әрине, бақыттан басы айналады. Әдебиетте, өнерде жүрген өзіне дейінгі ағаларды үлгі-ұстаз тұтса, кейінгі толқынға ерекше мейіріммен қарап, олардың да жетістіктеріне балаша қуанатын. Жер-жерге, ел-елге бөліну дегенді білмей кетті. Өнердің айналасындағыларға қамқор көңілмен қарайтын, тіпті сырттай тілеулес болып отыратын. Сол қасиеті болар, өзі десыйлы еді. Кез-келген аралас-таныс жолдастардың үйіне қонаққа барғанда да, Жәнібектің ұнататын асын бөлек әзірлеп, құрмет көрсетіп жататын-ды. Жылқының етін жақсы көрмейтін қазақ жоқ шығар, Жәкем де сүйсініп жейтін. Бірақ, неге екенін қайдам мәнтіні жақтырмай, ал түшпараны ерекше жақсы көрді. Тағы бір мені сүйсіндірген қасиеті, ол үй тірлігіне бейімділігі, еркек-әйелдің шаруасы демейтін, үнемі жанымда жебеушім болып жүрді. Балажан еді. Әсіресе, жоғарыда айттым ғой, екі ұлдың ортасында болған соң ба, Ботасына жүрегі елжіреп, жанын беруге дайын еді. Соңғы кездері тым салмақты болып алды. Табиғатынан байсалды жігіт қой, дегенмен томаға-тұйық жүрді. Мүмкін ән жазуға дайындалып жүрген болар, әдетте шығармашылықпен айналысар кезде осылай өзімен-өзі оқшауланып, оңашаланып жүретін-ді. Мынау соңғы жолсапары, Қызылордада Сырдарияның жағасында терең ойға батып отырып суретке түсіпті.. Қайтыс болғаннан кейін естідім, Тұрсынға көрген түсін айтып, марқұм анасының қасына шақырып жүргенін айтып, балаларын, әсіресе қызын қатты тапсырыпты... Әңгіме барысында Жәнібек ағаның орындауындағы әндері, күмбірлете тартқан күйлері де тыңдалды. Жанарына келіп қалған мөлдір тамшыларын саусағының ұшымен сүртіп тастап Тоты апатай отыр. Құлағымыз әнде, қолымда тағы да әнші өміріне арналған естелік-жинақ. «... Сол сапарға шыққан күні әлі есімде. Әдеттегіндей қарбалас. «Мен де барайыншы» дегім келді. Демедім. Соным үшін өзімді әлі кешіре алмаймын. Білмеймін, әйтеуір сол жолы мен бірге шыққанда жол апаты болмайтын сияқты көрінеді де тұрады... 1992 жылдың көктемі. Мен 17 маусым күні мектеп бітірдім, әкем 22 маусым күні өмірмен қош айтысты... Мен әкемнің жеке меншік қызы болдым. Ағам Әсет нағашы ата-әжеміздің қолында өсті де, Шаһкерім дүниеге келгенше біздің шаңырақтың бар байлығы, еркесі мен болдым. Әкем асты-үстіме түсіп, айналып-толғанатын да жүретін. ...Кейде отырып алып ойланамын да таң қаламын, біздің үйде қалайша он бала болмады екен? Әкемнің пейілі, мінезі осыған сай еді ғой. Дәл әкемдей балажан адамды көрмеппін», – деп басталатын Ақбота Жәнібекқызының иісі қазаққа бала болған, дана болған көмейлі әнші-әкесіне деген перзенттік махаббатың көз жүгіртіп оқыған оқырман бір сәт терең ойға жетелеп, жанарына еріксіз жас алатыны сөзсіз. Үнсіздік. Тағы да Жәнібек Кәрменовтің орындауындағы әндер! Алаштың азаматы Ақселеу Сейдімбековпен қатар отырған экрандағы бейнесі, іле-шала үстінде қазақы үлгіде тігілген ақ жібек шапанының етегі желмен жарыса, аспандағы құстың үнімен жалғасып жатқан керім дауыс иесі көз алдымыздан көлбең қағып кетер емес. Ойдан ойға жетелеп, сарытап сағыныштың сары сергелдеңіне түсіп кеткен сыңайлымыз. Әңгіме ары қарай жалғасты. Әншінің жары үнсіздіктен кейін әңгіме тізгінін тағы да өзі алды. – «Орнында бар оңалар» дейміз ғой, Құдайға шүкір, балалары, немерелері өсіп-өніп жатқан жайы бар. Тұрсын Жұртбай, Несіпбек Айтов, Құныпия Алпысбаев сынды сонау студенттік кезден достасқан сыйлас азаматтар әлі хат-хабар үзбей, жиі болмаса да басымыз қосылған сайын бір жылап-бір күліп отырып еске аламыз. Олар менсіз де жиі әңгіме етіп, үнемі еске түсіріп отырады. Сағыныштарын жасыра алмайды, еңкілдеп жылап та алады. Ондай сәттерде етегім жасқа толып, мен де ағыл-тегіл жылап аламын. «Көзімнің жасы көл болды» деген тіркестің мәнін Жәкемді жоғалтқалы түсініп жүрмін. Шын мәнінде, осы жылдар ішіндегі менің шарқ ұрып іздеп-жоқтап жылаған көз жасымнан, қайдам, пәленбай көл тұрғызуға болар ма еді?! Амал жоқ, жылағаннан өлгеннің қайтып келмесі тағы анық. «Қадіріңді білдік пе, қайран уақыт» деп жырлайтын ақын жүрегін түсінгендей, сезінгендей боласың. Адам көзі тірісінде бір-бірінің қадір қасиетін сезінсе, құрмет көрсетсе деп ойлаймын. Жәкеммен өткен 20 жыл, көзді ашып-жұмғанша зу ете қалғаны, мына жарық дүниеде мәңгі бірге жүретіндей, ешқашан ешқайда кетпейтіндей, бір кездері жаныңдай жақсы көрген жаннан айырылып қалам-ау деген үрей-қорқыныш та болмағанын, тіпті ойға келмейтінін... ал өлген соң қайта келмейтінін, мәңгі сағынышқа айналып, мәңгілік елес боп қаларын кім ойлаған?! Жәнібегім де ойда-жоқта ғайып болды. Әне-міне келіп қалатын жолаушылап кеткен кісідей елеңдеп, әлі күнге күтемін. Елегізимін! Сағынамын! Іздеймін! Сенгім келмейді, сене алар емеспін. Бірақ жүректе сызылта салған әндері, күйлері сайрап тұр. Сол жанға демеу. Әсет пен Шаһкәрімдей, Ботадай ұл-қыздары бар, соған шүкіршілік жасаймын. – Өсіп-өнген әулеттен атасы сынды әншілер шығар ма екен? – Кенжеміз Шаһкәрім әлі үйлене қойған жоқ. Алда күтер қуаныш-жақсылықтарымыз көп деген сөз бұл, ал көзге көрінген немерелер ішінде, әсіресе, Ақботаның қызының бойынан нағашы атасының көп қасиеттерін көремін, өнерге жақындығы, сөйлеу мәнері, тапқырлығы Жәкемнен аумайды. Көптеген байқауларға қатысып, жүлделі орындар да алып жүр. Бұйыртса, басқалары да өнерден, сөз өнерінен алшақ болмайды-ау! Иә, өнер, қазақ өнері дегенде ішкен асын жерге қоятын халықтың болашағы да жарқын, өнері де өрісті болмақ. Бірақ, бүгінгідей «Шөп те өлең, шөңге де өлең...» деп атамыз Абай айтқандай, екінің бірі өнерпаз, екінің бірі әнші заманда, кешегі Жәнібектердей тума таланттардың орны ойсырап тұрғаны жанға батады-ақ. Тағы да, әнші туралы естелікке жүгінсек: «...Біржан келе жатыр», – деп естіген Абай Барлыбайдың жазығына шағаладай ақ үйлер тіктіріп, Тобықтының сөз біледі, жөн біледі дейтін игі жақсыларын, әнші-күйші дейтін қыз-келіншек пен сал-серілерді жинатып, Біржанды қарсы алыпты. Біржан айлап жатыпты. Абай Біржанның асыл әндерінің бәрін естіп, әбден сусыны қанып, мейірімі қанып, алты өлең жайындағы әңгіме ойына арқау болып, көңіліне түрткі салады. Қатты толқыған ақын Біржанды шығарып салып тұрып айтқан екен дейді: – Қайран Біржан аға-ай! Ән шығарсаңыз, сіз шығаруыңыз керек екен ғой, ән айтсаңыз, сіз айтуыңыз керек екен ғой. Сіздей де ән шығаратын адам, сіздей де әнші адам туар ма екен, шіркін жалған! – деп тамсаныпты қия алмай. Алдына үйір-үйір жылқы салып, иығына шапан жауып, қатты құрметтеп, осымен сыйымды өткіземін ғой деп тұрған Абайға Біржанның айтқан сөзі екен: – Ей, қарағым Абай-ай! Бұл ат төбеліндей сорлы халық кімді туғызбайды дейсің? Мендей ән шығаратын адам да туар, мендей ән айтатын әнші де туар, бірақ мына тап сендей тыңдаушы тумай қор болады ғой, – депті». «Өлсем орным қара жер, сыз болмай ма?.. «Ойламаңдар, жігіттер», «Адам боп келіп өмірге, Адам боп кетсем тілегім....»... деп шырқап өткен Жәнібек Кәрменов жайлы әлі талай әңгіме-естеліктер айтылары да, жазылары да сөзсіз!