Таиланд премьер-министрі әрі ішкі істер министрі Анутин Чанвиракун ел заңын бұзатын шетелдіктерге қатысты талаптарды күшейтуге шақырды. Ол жеке зираттар мен рұқсатсыз діни нысандар ашу мәселесіне тоқталып, шетелдіктерге қатысты даулы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды turkystan.kz tass.ru-ға сілтеме жасап.
Премьердің сөз айтуына шетелдіктер үшін жеке зират ашу жөніндегі өтініштердің бірі себеп болған. Чанвиракун мұндай бастамалар Таиланд заңнамасына ғана емес, жергілікті қоғамның мәдениеті мен дәстүріне де сәйкес келуі керек екенін айтты.
«Жақында жеке зират ашу туралы өтініш түскенін білдім. Бұл шектен шығып барады. Егер өлетін болсаңыздар, өз елдеріңізге барып өліңіздер. Мұнда өлу міндетті емес», — деді ол.
Таиланд билігі бұған дейін елдегі зираттар мен кремация нысандарын жаппай тексеруге кіріскен. Бұған Чаченгсао провинциясындағы еврей зиратының лицензиясына қатысты дау себеп болды. Ішкі істер министрлігі барлық осындай нысандардың тізімін жасап, олардың заңды жұмыс істеп тұрғанын тексеруді тапсырды.
Чанвиракун сондай-ақ мейрамхана ашуға рұқсат алып, кейін ғимаратты діни рәсімдер өткізу үшін пайдалануды дұрыс емес деп атады. Оның айтуынша, Таиланд туристер мен инвесторларға ашық, бірақ елге келу жергілікті заңдар мен ережелерді елемеуге құқық бермейді.
Премьер губернаторларға заң бұзған немесе қоғамдық тәртіпке қауіп төндірген шетелдіктерге қатысты депортация шараларын жедел қолдануды тапсырды. Ол мұндай шешімдерді ұшақ билетінің құнына байланысты кешіктірмеуге шақырып, қажет болған жағдайда шығынды мемлекет өтейтінін айтты.
Таиландта шетелдіктерді елден шығару тәртібін жеделдететін жаңа ереже 2026 жылғы 28 тамызда күшіне енген. Құжат заңсыз көші-қон, рұқсатсыз жұмыс істеу және қоғамдық тәртіпке қауіп төндіретін бірқатар құқық бұзушылық бойынша депортация рәсімдерін нақтылайды. Сонымен бірге ережеде азаптау немесе мәжбүрлі жоғалу қаупі бар елге адамды жібермеуге қатысты қорғаныс тетіктері де қарастырылған.