2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында Астанаға шамамен 830 мың турист келді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12%-ға көп. Оның ішінде 187 мыңға жуығы – шетелдік туристер, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бұл туралы Астана қаласы әкімінің орынбасары Евгений Глотов елордада өтіп жатқан Kazakhstan Travel Forum 2026 халықаралық туристік форумының ашылуында айтты.
Kazakhstan Travel Forum 2026 биыл «Қауіпсіз туризм» тақырыбына арналған. Форум мемлекеттік органдардың, туристік бизнестің, әуе компанияларының, қонақүй индустриясының, халықаралық ұйымдар мен салалық қауымдастықтардың өкілдерін біріктірді. Іс-шара аясында туристердің қауіпсіздігі, саланы дамыту, көлік қолжетімділігі, қызмет көрсету сапасы және мемлекет пен бизнестің өзара іс-қимылы мәселелері талқылануда.
Бүгінде Астанада оқиғалық, іскерлік, мәдени және медициналық туризм қатар дамып келеді. Туристер ағынының артуына байланысты қала қонақтарға арналған ұсыныстарды кеңейтуде: жаңа туристік нысандар ашылып, халықаралық қонақүй брендтері тартылып, ірі мәдени, спорттық және іскерлік іс-шаралардың күнтізбесі қалыптасып келеді.
Жыл сайын елордаға 1,6 миллионнан астам турист келеді. Орта есеппен қалаға келетін туристер саны жыл сайын 10–12%-ға артып отыр.
«Астана әлдеқашан тек жұмыс бабымен келетін қала болудан қалды. Жыл сайын елордаға 1,6 миллионнан астам турист келеді және бұл көрсеткіш орта есеппен жылына 10–12%-ға өсіп отыр. Бүгінгі міндетіміз — қонақтың Астанаға концертке немесе іскерлік кездесуге келіп қана қоймай, қалада ұзағырақ аялдап, кейін қайта оралуына жағдай жасау. Қазір әлем қалалары дәл осындай турист үшін бәсекеге түсуде және Астана бұл бәсекеге белсенді қатысып келеді», — деді Евгений Глотов.
Оқиғалық туризмді дамыту негізгі бағыттардың бірі болып қала береді. Ірі халықаралық концерттер, спорттық жарыстар, іскерлік және мәдени іс-шаралар елордаға қосымша туристік ағын тартуға және қонақтардың қалада болу ұзақтығын арттыруға мүмкіндік береді.
Туристік инфрақұрылым мен оқиғалық күнтізбені дамыту Астананың Қазақстандағы жетекші туристік орталықтардың бірі ретіндегі орнын нығайтуға және халықаралық туристік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.