Медицина, үйірме, көші-қон: «Әділет» партиясының Ашық есік күнінде қандай мәселе талқыланды?

Бүгін, 16:30 / Інжу Әлихан
Фото: turkystan.kz

Бүгін Астанада «Әділет» партиясының қоғамдық қабылдау орталығында балалардың құқығын қорғау мәселелеріне арналған Ашық есік күні өтті. Іс-шара «Қазақстан балалары» Ұлттық бағдарламасы аясында ұйымдастырылып, оған Әйелдер қанатының жетекшілері қатысты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қоғамдық қабылдау барысында азаматтардың кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әлеуметтік қолдау көрсету, денсаулығын қорғау және балалар инфрақұрылымын дамыту мәселелері бойынша өтініштері қаралды.

Іс-шараның мақсаты – азаматтардың мәселелерін жедел анықтап, оларды шешуге ықпал ету, сондай-ақ балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау бағытындағы мәселелерді талқылау болды.

Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Ләззат Жылқыбаева көші-қон мәселесін ерекше назарға алып, қандастардың мәртебесін бекіту және құжаттарын заңдастыру кезінде кездесетін қиындықтарға баса көңіл бөлетінін айтты.

«Тұрғындарды толғандырып, шешімін табуға қиындық туғызып отырған проблемалар көп. Мәселен, ерекше балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар қайда жүгінуге болатынын, мемлекет тарапынан қандай тегін көмек түрлері көрсетілетінін сұрады.

Тағы бір маңызды мәселе – көші-қон ісі. Бұл мәселені өзіме түртіп алдым, әрі қарай зерттеп қараймын. Қандастарымыз елімізге келген кезде өз мәртебесін бекіту үшін көп қиындыққа кездеседі екен. Одан кейін құжаттарын заңдастыру мәселесіне қатысты да сұрақтар туындап жатыр.

Сондықтан бүгінгі қоғамдық қабылдаудың маңызы зор екенін байқадым.

Қабылдауға келген азаматтар арнайы формаға сәйкес өтініштерін қалдырып жатыр. Соның негізінде тиісті органдарға хат жолдап, жауабын өтініш иелеріне жібереміз.

Екіншіден, егер заңнамаға өзгерістер енгізу қажет болса және мәселені Құрылтай деңгейінде қарастыру керек болса, нақты мәлімет алу үшін тиісті мамандармен байланысамыз. Сұрақ толық шешімін тапқанша өтініш иелерімен де байланыста боламыз. Айтылды да, қалды деген болмайды», – деді Ләззат Жылқыбаева.

Әділет партиясы жанындағы Әйелдер қанаты қызметінің қамтамасыз ету басқармасының басшысы Саракөз Жұмаділованың айтуынша, қоғамдық қабылдауда тыңдалған негізгі сауалдар медицина, білім беру, қандас мәртебесін алу және құқықтық мәселелерге қатысты болды.

«Бүгін республика көлемінде Әйелдер қанатының жетекшілері мен қоғамдық қабылдау орталықтары бірлесіп, әлеуметтік мәселелерге қатысты кездесу ұйымдастырды.

Әйелдер қанатының жетекшілері халық пен билік арасында көпір болып, азаматтарды мазалаған сауалдарды тыңдады.

Қоғамдық қабылдауға келген әйелдердің басым көпшілігі медицина, мектептерде қосымша ұйымдастырылатын үйірмелер және қандас мәртебесін алу жөнінде сұрақтарын қойды.

Медицина саласында балалардың тісін тегін емдетуге қатысты мәселелер айтылды. Сонымен қатар мұғалімдердің жұмысқа орналасуы және құқықтық нормаларға байланысты мәселелер де көтерілді.

Ұсыныстар мен сауалдардың барлығын жазып алдық. Мүмкіндік болған жағдайда сол жерде түсіндірме бердік және кері байланыс орнататынымызды айттық. Көтерілген мәселелер тиісті мемлекеттік органдарға жолданады. Біз азаматтарға міндетті түрде жазбаша жауап қайтарамыз.

Сондай-ақ осы мәселелерді Құрылтай депутаттарымен талқыладық. Қажет болған жағдайда кейбір мәселелер мемлекеттік деңгейде көтерілетін болады», – деді Саракөз Жұмаділова.

Қоғамдық қабылдауда мұғалім Әсел Айтимова жалғызбасты аналарды тұрғын үймен қолдау және мектептерге мұғалім қабылдау кезінде олардың кәсіби біліктілігін іс жүзінде бағалау жөнінде ұсыныстарын жеткізді.

 «Мен – жалғызбасты анамын. Мамандығым – педагог. Менің сұрағым елімізде мемлекеттік мекемелерде жұмыс істейтін жалғызбасты аналарды қолдауға қатысты болды.

Әйелдерді қолдау қанатының басшылары осында келіп отырғанын пайдаланып, баспана мәселесін көтеру үшін келдім. Мемлекеттік мекемелерде жұмыс істейтін жалғызбасты аналарға көмек және қолдау ретінде уақытша жалдамалы тұрғын үй берілсе деген ұсынысымды айттым.

Ұсынысымды жазып алып, ескеретіндерін айтты. Аталған мәселені қарастырып, жақын күндері толық жауап беретіндерін жеткізді. Сонымен қатар мектептерге мұғалімдерді қабылдау мәселесіне қатысты да ұсынысым болды. Ұстаздар – ұлт болашағына жауапты мамандар. Сондықтан сапалы білім мен тәрбие беру үшін мұғалімдерді жұмысқа қабылдау тәртібіне де назар аудару қажет деп санаймын.

Қазір мектепке мұғалім қабылданғанда, негізінен, құжаттары электронды түрде тапсырылады. Менің ұсынысым – мұғалім жұмысқа қабылданар алдында балаларға сабақ беріп, өзін іс жүзінде көрсетуі керек. Осы арқылы оның қаншалықты дайын екенін, білім деңгейі мен тәжірибесін, балалармен жұмыс істеу қабілетін және оларға білім беруге деген жауапкершілігін бағалауға болады. Сондай-ақ оқушылардың мұғаліммен өзара байланысы мен кері байланысын да ескерген жөн деп ойлаймын. Өзім педагог болғандықтан, осы мәселеге қатысты өз ұсынысымды білдірдім», – деді ол.

Ал Space School жекеменшік мектебінің директоры Нұрболат Бейсенғалиев жекеменшік мектептерді мемлекеттік қаржыландыру және оларға мемлекеттік тапсырыс беру мәселесін көтергенін айтты.

 «Әділет» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмесіне жекеменшік мектептерді жыл басына шаққандағы қаржыландыру мәселесі бойынша келіп, өз сұрағымды қойдым. Қазір оқу жылы басталып кетті.

Білім басқармасы басшысының орынбасары Маржангүл Қайырбаеваға жолықтым. Ол кісі қазір жекеменшік мектептерге қатысты комиссия отырысы өтіп жатқанын мәлімдеді.

Егер жекеменшік мектеп барлық талапқа сай келсе, бұрыннан қаржыландырылып келе жатқан мектептер мемлекеттік қаржыландыруды ала береді.

Маған Астана қаласына шамамен 10 мың бала көшіп келгенін айтты. Мектептер тез толып қалады. Кейбір сыныптарда оқушылар саны 30-37 балаға дейін жеткен. Сондықтан мемлекеттік мектептерге түсетін жүктемені азайту мақсатында жекеменшік мектептерге мемлекеттік тапсырыс беріліп жатыр.

Мемлекеттік тапсырыс қажет. Егер ол болмаса, балабақша мен мектептегі оқу ақысы да өседі. Мұның барлығы ата-аналардың қалтасына ауыр тиеді.

Осы мәселеге қатысты қанағаттанарлық жауап алдым. Сонымен қатар жекеменшік мектептерге бөлінетін бюджет мәселесі бойынша мәслихат депутаттарына да жолықтым», – деді ол.