Тұмар патшайымның шаш үлгісімен әлемді таңғалдырған атыраулық шебер

Бүгін, 15:30 / Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ
Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Жуырда атыраулық сәнгер Ксения Володинаның әлемдегі үздік 5 шаш шеберінің қатарына енгені туралы отандық БАҚ жарыса жазды. Әсіресе, паб­лик­терде шебердің қолынан шыққан, Тұмар патшайым­ның құрметіне жасалған шаш үлгісінің суреті көп тарады. Шаш үлгісі өте майда әрі күрделі өрілгендіктен, әлеуметтік желі қолданушылары алғашында бұл фотоны жасанды интеллектінің көмегімен жасалған сурет деп ойласа керек. Осы шаш үлгісі арқылы көптеген әлемдік чемпионатта жеңіске жеткен Ксения жуырда әлемге әйгілі ONE SHOT Hair Awards конкурсында ТОП-5 hair-стилистінің тізіміне енді. Алдағы уақытта өзінің шығармашылық ізденісін жалғастырып, Қазақстанның ұлттық мәдениетін заманауи шаш өнері арқылы әлемдік сахнада танытуды көздейтін Ксенияға хабарласып, әңгімеге тартқан едік.

– Бір сұхбатыңызда шаш өру бала ке­зіңізден хобби болғанын оқып қал­дым. Қай уақыттан бастап бұл қызы­ғу­шылығыңыз кәсіпке айналды?
– Иә, шаш өруге бала кезден қызықтым. Кіш­кентайымнан үлкен-кішінің шашын өр­генді жақсы көретінмін. Сол үшін де 9-сы­ныптан соң колледжге шаштараз мо­де­льер мамандығына оқуға түстім. Мұнда да басқа шаш үлгілерін жасау емес, тек шаш өру ісі қы­зықтырды. Мұны бітірген соң өмірлік жағдайыма байланысты мамандығым бойын­ша жұмыс істемедім. Сонда да көр­шілерім, құрбыларым, таныстарымның ша­шын өріп жүрдім. Ал кәсіби түрде екінші сә­биімді дүниеге алып келгеннен кейін ай­налыса бастадым. Себебі екіншім – мүм­кін­дігі шектеулі, ерекше бала. Біреудің қол ас­тында жұмыс істей алмайтынымды түсіндім. Ол баланы бағу үшін үйде жұмыс істеуім ке­рек болды. Сол кезде «Неліктен ақшаға шаш өрмеске?» деп шештім. Басында аз сома­ға таныстарымның шашын өріп беріп жүр­дім. Кейін бірте-бірте келушілер қатары кө­бейді. Әдепкіде клиенттерімді екі жыл үйде қа­былдадым. Содан соң «Шаш өруді оқытшы» де­ген ұсыныстар келіп түсе бастады. Бірден оқы­туға кірісіп кеткенім жоқ. Алдымен кәсі­би тұрғыда өзімнің де біліктілігімді арттыр­ғым келді. Сол мақсатпен  басқа қалаларда шеберлік сыныптарына бардым, құны қым­бат курстарды да алдым. Сол аралықта брей­дингтен ТМД елдері арасындағы қатысушы­лар арасында онлайн чемпионат өтетінін естіп қалдым. Бағымды сынап көргім келді. Ол үшін келісті модель, кәсіпқой  фотограф, макияж жасайтын маманның көмегі қажет еді. Ал менде оларды жалдайтын қаражат бол­мады. Сөйтіп қаламыздың үздік фо­тог­ра­фына барып, жағдайымды айтып, тегін көмектесуін өтіндім. Ол бірден келісе кетті. Сол аралықта шашын өргізуге рұқсатын бер­ген көрші қыз да, тегін көмектескісі келетін визажист те табыла қойды. Алғаш рет қатыс­қан ол чемпионатта еш жүлде ала алмадым, алай­да маған мұндай сындағы жарыстарға қа­тысу ұнап қалды.
– Шашты түрлі тәсілмен өріп, сәндеу тех­никасы саналатын брейдингті кө­біне африкалық шаш үлгісімен ғана бай­ланыстырамыз ғой. Брейдингтен түр­лі чемпионат өтетінін білмеппіз де.
– Мен де алғаш естігенде таңғалдым. Жал­пы, шаштараздар арасында түрлі жарыс өтіп тұратынын білетінмін. Алайда брей­динг­тен өткен чемпионаттағы процесс өзіме қат­ты ұнады. Бірінші реттен жолым болмаса да, келесі жылы тағы қатысуға бел будым. Жай шаш өріп қоймай, әдемі әрі қызықты дү­ние жасағым келді. Бір жыл ішінде тәжіри­бе жинақтауды мақсат еттім. Астанада кәсі­би шеберден жеке сабақ алдым. Сөйтіп, айт­қанымдай,  2024 жылы өткен келесі чем­пионатта бірінші орын алдым. Жалпы, ма­ған фотограф, визажистпен жұмыс істеген ұнап қалды. Осыдан соң олармен бірлесіп жұ­мыс істеуді қолға алдым. Африкалық шаш үл­гілерін ғана емес, бізді ерекшелейтін эт­нос­­тильде де шаш өріп бастадым. Сол ара­лықта этносильдегі фото күндерін ұйым­дас­тырдық.


– Тұмар патшайымның құрметіне ата­ған шаш үлгісі де сол аралықта жа­сал­ды ма?
– Иә. Дегенмен мұның өзіндік тарихы бар. Жоғарыда айтқан чемпионатты ұтып ал­ған соң, маған хейт жазғандар көп болды. Олар «Әділетсіз ұттың», «Жолы болды», «Қа­зақ­станнан жалғыз қатысушы болған соң, төре­ші болысты» дегендей пікір көп жазыл­ды. Сол кезде шамданып, «А солай ма? Келесі жарыста тағы да өз деңгейімді көрсетейін» деп буырқанып алғаным бар. Келесі чем­пио­натта шаштараз шеберлері Woman Power концепциясы бойынша жарысу керек болды. Мен халқымыздың қайсар әйелдерінің кей­пін көрсетуді мақсат еттім. Біздің тарихта ең ұлы әйел кім? Әлбетте, Тұмар патшайым. Оның айбар да асқақ келбетін, мінезін шаш үлгі­сі арқылы көрсету үшін көп іздендім. Ал­дымен киносын қарадым. Көп тың дерек оқы­дым. Ержүрек қолбасшы әрі ел билеген патшайым болғасын шашты тек тік өре сал­ғым келмеді. Тәуекелге бел буып, Тұмар пат­­­­­шайымның келбетін ұлттық ою-өрнек­тері­мізбен үйлестіруді көздедім. Әдепкіде қа­лай істерімді білмей дал болдым. Сосын ішін­де ою-өрмегі бар боямақты қолданып, ондағы өрнектерді қағазға түсірдім. «Мы­на­ны бұлай өруге болады, ал мына оюды осы­лай өруге болады» деп болжап, ойша сыз­басын құрастырдым. Кейін мұны жасанды шаш­та өріп шықтым. Сосын мұны әріптес­тері­ме, фотографтарға көрсеткен едім, олар жо­ғары бағасын беріп, қолға алу керек еке­нін айтты. Сосын барып модель қыздың ша­шын өрдік.  Содан соң Атырауда үш ло­ка­цияда фотосессия жасап, бұл жобаны соңы­на дейін жеткіздік.
 

– Бұл шаш үлгісін екі күн істепсіз. Рас па?
– Жалпы, мұны істеуге 13 сағат кетті. Бірін­ші күні 9 сағат шаш өрдім. Екінші күні бо­латын түсірілім алдында модель сергек жүруі керек. Сол үшін мұның жалғасын екін­ші күнге қалдырып, онда тағы 4 сағат өрдім. Бәрі ойдағыдай шыққан соң, чемпионатқа дәл осы шаш үлгісін жіберуді ұйғардым. Әл­бетте, мұның басқа шаш үлгілерінің ара­сын­да ерекшеленетіні белгілі. Сөйтіп, 2025 жылы ТМД брейдинг шеберлері арасында өткен ол жарыста тағы 1-орын алдым. Марапаттау рә­сіміне Мәскеуге арнайы барып қайттым. Со­сын бұл жұмысты Нью-Йоркте IBI Beauty Awards марапатына онлайн жібердім. Бағым жанып, ол жақтан да 1-орын алдым. Ұйым­дас­тыру­шылар маған Нью-Йорктен Оскар сыйлығына ұқсас, әдемі, десе де ауыр кубок беріп жіберіпті. Осыдан соң жарыстарға он­лайн емес, барып қатысуды мақсат еттім. Өте қатты қуандым. Әйгілі топ-стилист, шаш­тараз-модельер Георгий Кот үнемі әлем­дік деңгейде чемпионат өткізеді. Былтыр Сочиде өткен жарысқа Қазақстан құрама­сы­ның сапында қатыстық. Құрамада брейдинг бағы­ты бойынша қатысқан мен ғана болдым. Сөй­тіп, осы бағыт бойынша абсолютті чем­пион атанып, үлкен кубок иелендім. Айым оңынан туып, тағы да олжалы қайттым. Сол уа­қытта маған брейдинг бойынша ұлттық құра­маның бапкері болуды ұсынды. Қазіргі біл­ген-түйгеніммен ғана бапкер болмай, та­ғы да біліктілігімді көтеруді көздедім. Сөй­тіп, Сочиге барып, аттестациядан өтіп, ха­лық­аралық деңгейдегі шаштараз бапкері төл­құжатын иелендім. 
– ТМД шеберлері арасында шаша­сы­на шаң жұқтырмай жүрген сіз биыл шаш сәні саласындағы әлемдегі ең ірі бай­қаулардың бірі – ONESHOT Hair Awards-та ТОП-5 үздік hair-стилистердің қата­ры­на еніп, кәсіби деңгейіңізді тағы бір мәр­те дәлелдедіңіз. 
– Әлемнің түпкір-түпкіріндегі 100-ге жуық шаштараз мамандары қатысатын бай­қау­да үздік бестікке кіру мен үшін – үл­кен жетістік. Мұнда бір номинацияға 2 мың­нан астам өтініш келіп түседі екен. Сол 2 мың­ның іші­нен менің жобамның үздік бестікке кіруі көңіл қуантпай қоймайды. Тағы бір же­тістік, шет­ел­дегі әріптестерім маған дауыс бергенін, өрілуі қиын өрнектерді жасап шығарған ерек­ше шаш үлгісінің бірінші орынға лайық еке­нін айтып, ағынан жарылғаны да төбемді көк­ке жеткізді. 


– Тұмар патшайымның құрметіне жасаған шаш үлгісінің суреті Париждегі беделді көрмелердің біріне қойылады екен.
– Иә. Осы шаш үлгісі жан-жаққа таралған соң, Парижде көрме өткізумен айналысатын бір қыз хабарласты. Ол менің жұмысымды галереядағы Art hair бөліміне қоюға рұқсат сұрады. Онда туындысын қойғысы келетін­дердің қатары көп болса керек. Әрі арнайы шақыру алу керек екен. Бұйырса, 13 қазанда Париждегі галереяда менің жобам талғамы жоғары Еуропа көрерменінің назарына ұсынылады. 
– Сізге сұхбаттасуға хабарласқа­ным­да үш сағаттан соң босайтыныңызды айтып қалдыңыз. Бір шаш үлгісін өру осыншама уақыт ала ма?
– Әрқалай. Ең оңайы кемі үш сағатта өрі­леді. 10-12 сағат жасалатын жұмыс та бар. 
– Осыншама сағат бойы тік тұрып, шаш өру­ге шаршамайсыз ба? Ұзақ уақытты талап ете­тін бұл жұмыста күш-қуатыңызды қалай сақтайсыз?
– Еш шаршамаймын, керісінше ләззат аламын. Бұл іс маған медитация іспетті. Әлбет­те, аяғым, белім ауыратыны анық. Десе де,  қолым ауырмайды. Маған Instagram-ға са­ла­тын видеоны жарты сағат монтажда­ған­нан гөрі 10-12 сағат шаш өрген әлдеқайда оңай. Шаш үлгілері бар видеоны монтаждап біт­кенше дегбірім қашады. Ал шашты сүй­сі­ніп өремін. Мен шаш сәндеудің түр-түрін бі­ле­мін. Дегенмен шаш өруден басқасы оң жам­басыма келмейді, көңіліме қонбайды. Ме­нің ісім емес екенін сеземін. Ал шаш өру про­цесінде басқа әлемге сүңгіп кетемін. 
Былай қарап тұрсаңыз, шаш қиып қана ақ­ша тауып жүре беруге болады ғой. Маған көп шаштараз «Мұны қайтесің? Одан да бас­қа шаш үлгілерін жасап, қыруар қаражат тап­­саңшы» деп ақыл айтады. Олар тек ақша та­буды бәрі­нен биік қояды. Бұл да дұрыс. Бұл – қажеттілік. Алайда мен үшін шығармашылық бірінші орында тұрады. Мен тек шаш өріп қоймай­мын, өнер туындысын жасай аламын. Деген­мен бұл құлшынысымның кері әсері отба­сыма тиеді. Өйткені бүкіл ақшамды чем­пио­натқа, шығармашылыққа жұмсаймын. Са­ғаттап үйде болмаймын.
 

– Қазақша акцентсіз, таза сөйлеге­ніңіз­ге таңмын. Қазақ тілін мектептен бас­тап үйрендіңіз бе?
– Мен – Құлсарының тумасымын. Қа­зақ­тар­дың арасында өстім. Ойнауға шыққанда олар орысша, мен қазақша түсінбей дал бо­ла­мыз. Ақыр аяғында қазақша үйреніп ал­дым. Кейін мектеп пен балалар үйінде қа­зақ­шам жақсара түсті.
– Балалар үйінде тәрбиелендіңіз бе?
– Иә, мен 5 жасымда жетім қалдым. 12 жа­­­­сым­да Атыраудағы балалар үйіне қабыл­дан­дым. Онда да қазақтар көп болды. Олар ме­нің шүлдірлегеніме «Мына қыз не қыл дей­ді?» деп түсінбейтін. Мектепті орысша оқы­дым, алайда 1-9 сынып аралығында қа­зақ тілін беске оқыдым. Ал орыс тілінен үнемі төрттіке шығатынмын. Балалар үйінде түр­лі сайыстарға қатыстым, өте белсенді бол­дым. Абайдың «Онегиннің Татьянаға жазған хатын» жаттап, жарысқа қатыстым. Қадыр  Мырза Әлінің «Қазақтарды шетел қонақтарына таныстыру» өлеңін де жатқа білемін. Жалпы, қазақша көп кітап оқыдым. Қазақша көп кеш жүргіздім. Балалар үйі ма­ған өмірлік сабақ берді. Сол жерде көргенім, сезінгенім, бастан өткергенім мені шыңдады. Айтпақшы, шаш өруді де балалар үйінен үйрен­дім. Біз үнемі сахналық қойылымдар қойып, жазғы лагерьлерге көп баратынбыз. Бәрін өзіміз ойлап тауып, өзіміз ұйым­дас­тыра­тын едік. Ол кезде интернет деген жоқ. Қы­зықтың бәрін өзіміз жасайтынбыз. Қазір жа­рыстан жарысқа қызыға, жүгіріп жүріп қа­тысатыным да сол себептен шығар. 
 

– Өмірге деген құлшынысыңыздың, әр нәрсеге қызығушылығыңыздың жо­ғары екені бірден аңғарылады.
 – Мен өміріме ризамын! Қазір екі бала тәр­биелеп отырмын. Көп жыл үй кезегінде тұр­дым. Мемлекет пәтер берді. Жалға алсам да, бұл – мен үшін үлкен көмек. Мен Қазақ­стан­ды шексіз жақсы көремін. Мемлекет ма­ған білім, үй бергенін үнемі айтып жүре­мін. Жарыстарға барғанда Қазақстаннан екенімді мақтана айтамын. Балалалар үйінде жүргенде «Маған неге әділетсізсің, өмір? Неге мен мұндамын? Неге өзгелер секілді анамның қа­сында емеспін?» деп налыған кезім көп бол­ды. Мұның бәрі қай уақытта өзгергенін біле­сіз бе? Екінші балам дүниеге келген соң, дү­ниетанымым өзгере бастады. Аяғым ауыр кез­де дәрігерлер баламның бір бүйрегі бол­майтынын айтты. Туған соң аман қалу қаупі екіталай деп тағы ескертті. Сөйтіп, босануға Астанаға жіберді. Балам бір бүйрекпен туды, екі рет ота жасалды. Бір жасқа дейін көп ауыр­ды, бір жыл бойы ауруханада тұрдым де­сем де болады. Соған қарамастан өмірден по­зитив іздеп, шығармашылыққа бет бұра бас­тадым. Психологпен жұмыс істедім. Уақыт өте келе, қатты ауыр сөз айтып, біреуді кінәлауды қойып, керісінше барыма шүкір деуді үйрендім. Балалық шағым ауыр өтпесе, қа­зір көп жайтты көтере алмай, морт сынып қа­лар едім. Керісінше, балалар үйінде шың­дал­ғанның арқасында қазір көп түйткілді мә­селені оңай шешемін. Тағы бір айта кетер­лігі, жақсылық жасауды қолға алдым. Өзіңіз­ді салыстырудан, қызғаныш пен ре­ніш­тен алыс­тап, назарыңызды өзіңізге, бала­ла­рыңызға және жақсылық жасауға бұру – жанға жеңілдік әкелетін таңдау. Қазір ба­ла­лар үйіне шеберлік сынып өткізіп тұрамын. Кейде балалардың шашын тегін өріп беремін. Мен біреуге көмек берсем, маған Құдай есе­леп қайтаратынын білемін. 


– Ендігі меже қандай? 
– Өкініштісі сол, Атырауда мұндай шаш үл­гісі Алматы,  Шымкент, Астанадағыдай аса та­нымал емес. Мен кейде апта бойы жұмыс­сыз отырамын. Күйзеліске түспеу үшін шы­ғармашылыққа бет бұрамын. Шашын түрлі үлгі­де жасағысы келетіндер «Ұят болады?», «Көр­шілер не айтады?» дегеннен ары аса ал­май, тартыншақтайды. Оған қоса, Атырауда бьюти индустрия жоқтың қасы. Сол себепті алда­ғы уақытта үлкен қалаға көшкім келеді. Үл­кен нарыққа шығып, модельер, дизай­нер­лермен жұмыс істесем деймін.  Шеберлік сы­­ныбын тек Қазақстанда емес, шетелде де өт­кізгім келеді. Көп адаммен үлкен жоба істеу­ді армандаймын. 
Астанада 18-20 қыркүйек аралығында ха­лықаралық чемпионат өтеді. Әлемнің 40 елінен қатысушылар келіп, мыңдаған маман өзара кім мықтыны анықтайды. Бізде жа­рыс­тарға қатысу өз есебімізден жүргізіледі. Қа­зір негізгі мәселе –  демеуші іздеп, Қазақ­стан чемпионатына қаражат табу. Былтыр Со­чидегі чемпионатқа 2,5 млн теңгеге жуық ақша жұмсадым. Сондықтан сол чем­пио­натта Қазақстан құрамасы сапында өнер көр­сетіп, жүлделі болсам деймін. 
– Іске сәт!

Әңгімелескен 
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

Тэгтер:

шаштараз Ксения Володина шаш өру Тұмар патшайым Атыраулық Ксения Володина брейдинг