Бұрын диплом жоғары табыс пен тұрақтылықтың кепілі саналса, бүгінде институционалдық салмағынан айырыла бастады. Жаһандық цифрландыру мен жасанды интеллектінің жедел дамуы академиялық білім беру жүйесіндегі монополияны бұзып, еңбек нарығын біршама өзгертті.
Қазіргі университеттер мен кәсіби білім беру жүйесі еңбек нарығының жылдам ырғағына ілесе алмай, біршама қиындыққа тап болып отыр. Академиялық орта консервативті әрі салмақты болғандықтан, өзгерістерге өте баяу бейімделеді. Жаңа оқу бағдарламасын әзірлеп, оны ресми аккредиттеуден өткізу және оқытушылардың біліктілігін арттыру кемінде 2-4 жылды алады. Ал технология мен нарық сұранысы әр 6 ай немесе жыл сайын жаңарып жатқан заманда созбалаңқылыққа салыну оқу орны беретін білім мен шынайы өмірдің талабы арасында үлкен алшақтық тудырып отыр.
Бұл сәйкессіздік ең алдымен теориялық білім мен қолданбалы дағдылардың аражігінен аңғарылады. ЖОО-лар теориялық негіздерге басымдық берсе, жұмыс берушілерге бірінші күннен бастап өндірістік процеске кірісе алатын, заманауи бағдарламалық қамтамасыз етумен және дербес құралдармен жұмыс істей білетін мамандар қажет. Оның үстіне академиялық профессорлық-оқытушылық құрамның басым бөлігі нақты өндірісте немесе бизнес-ортада жұмыс істемегендіктен, білім беру мазмұны нарықтық қатынастан алшақтап қалған. Сонымен қатар университеттер тар шеңберлі мамандық бойынша терең білім беруге тырысқанымен, қазір ең жоғары бағаланатын бейімделгіштік, кросс-командалық коммуникация және сын тұрғысынан ойлау сияқты дағдыларды оқытудың жүйелі әдістемесін қалыптастыра алмай отыр.
Академиялық білімнің қажетсіз болып қалуының тағы бір себебі технологиялық серпілісте. Төртінші өнеркәсіптік революция мен жасанды интеллект жоғары білімнен әлдеқайда асып түсті. Студент университет қабырғасында төрт жыл бойы меңгерген техникалық білімнің жартысына жуығы дипломын қолға алам дегенше өзектілігін жоғалтып үлгереді. Оған қоса, сертификаттау бағдарламалары, микро-кредициалдар мен Coursera, edX сияқты платформалар білімге қойылған бұрынғы монополияның тас-талқанын шығарды. Google, IBM, Microsoft сынды IT-гиганттардың сертификаттары дәстүрлі дипломға қарағанда кәсіби дағдыны әлдеқайда жылдам әрі дәл айқындап берді десек, қателеспейміз.
Экономикалық тұрғыдан алғанда, еңбек нарығында диплом инфляциясы етек алды. Жоғары білімі бар мамандардың шектен тыс көбеюі оның бұрынғы құнын төмендетіп, жұмыс берушілерді тіпті карапайым лауазымдардың өзіне диплом талап етуге итермеледі. Бұл білім сапасын көтерген жоқ, тек жұмысқа кіру межесін жасанды түрде өсірді. Осының салдарынан университетте оқу бағасы өсіп, ал түлектердің жалақысы керісінше шатқаяқтады. АҚШ пен Еуропада жоғары білімге жұмсалған инвестицияның ақталу мерзімі соңғы 15 жылда екі есеге ұзарғаны – осы экономикалық диспропорцияның айқын дәлелі.
Сонымен бірге, еңбек нарығының өзіндік әлеуметтік архитектурасы қайта құрылуда. Жұмыс берушілер бұрынғыдай қағаздағы көрсеткішке емес, кандидаттың күрделі мәселелерді шешу қабілетіне, бейімделгіштігіне және жұмсақ дағдыларына басымдық береді. Фриланс пен гиг-экономиканың өркендеуі «аптасына 40 сағаттық тұрақты штат» ұғымын ығыстырып, орнына маманның нақты портфолиосы мен рейтингін шығарды. Әсіресе, IT, цифрлық маркетинг және креативті индустрияда код жазу тесттері мен нақты кейстер академизмнің орнын басты. Десе де, медицина, заң, авиация секілді қатаң лицензиялауды талап ететін дәстүрлі салаларда диплом өз салмағын әлі де сақтап тұр.
Деректер мен дәйектер
Әлемдік статистика да осы бетбұрыстың ақиқатын айғақтап отыр. ЭЫДҰ мен Халықаралық еңбек ұйымының деректеріне сүйенсек, дамыған елдердегі жоғары оқу орындарын бітірген түлектердің үштен бірінен астамы өз әлеуеті мен біліміне сай келмейтін төменгі дәрежелі қызметтерді қанағат тұтуға мәжбүр. Ал Дүниежүзілік экономикалық форумның зерттеулері көрсеткендей, халықаралық ірі компаниялардың тең жартысынан астамы кадр таңдауда түйіндемедегі дипломға емес, ең алдымен маманның нақты дағдысы мен қабілетіне басымдық бере бастаған. Соның айқын көрінісі ретінде, кейінгі он жылда Big Tech гиганттарының қатарында арнайы дипломы жоқ, бірақ өз ісінің шебері саналатын мамандардың үлесі 40-50 пайызға дейін бір-ақ көтерілді. Burning Glass Institute & Harvard Business Review зерттеуі бойынша, 2014 жылдан бері АҚШ-тағы жұмыс хабарландыруларының 46 пайызында орта және жоғары буын лауазымдарына қойылатын «бакалавр дипломы міндетті» деген талап өз күшін жойды.
Әлемдегі ең беделді әрі танымал оқу орнының бірі Гарвард бизнес мектебі өз баяндамасында жұмыс берушілердің 70 пайыздан астамы дағдыға негізделген жалдау жүйесі дәстүрлі диплом жүйесіне қарағанда анағұрлым әділ және тиімді нәтиже беретінін растаған.
Дүниежүзілік экономикалық форум сарапшыларының пайымдауынша, жақын жылдары әлемдегі әрбір екінші қызметкер кәсіби тұрғыда қайта оқып, жаңа дағды меңгеруге мәжбүр болады. Еңбек нарығындағы мұндай өзгеріс сұранысқа ие болудың жалғыз жолы – үздіксіз ізденіс екенін айқын көрсетті. Сарапшылардың пікірінше, бұл бәсекеде топ жаратын басты қабілеттерге салқынқанды аналитикалық ойлау, шығармашылық еркіндік және кез келген соққыға төтеп беретін икемділік пен психологиялық төзімділік жатады.
McKinsey Global Institute жүргізген зерттеуінде автоматтандыру мен жасанды интеллект 2030 жылға қарай жаһандық еңбек нарығының «келбетін» түбегейлі өзгертеді деп мәлімдеді. Мамандар алдағы жылдары жоғары технологиялық сауаттылық пен күрделі когнитивті қабілеттерге, атап айтқанда сыни ойлау мен түйткілдерді шешуге деген сұраныс 55 пайызға артады. Керісінше, біркелкі қайталанатын қол еңбегі мен базалық когнитивті тапсырмалардың салмағы 15-20 пайызға дейін құлдырап, өзектілігін жоғалтады.
LinkedIn платформасындағы жұмыс орындары талап ететін дағдылар 2015 жылдан бері 25 пайызға жаңарыпты. 2027 жылға қарай бұл көрсеткіш 50 пайызға жетіп, еңбек нарығындағы кәсіби талаптардың тең жартысы толықтай қайта «түзіледі».
Ақпараттық технологиялар нарығына мамандандырылған АҚШ-тың алдыңғы қатарлы Gartner компаниясының зерттеуінше ірі халықаралық компаниялардың 60 пайыздан астамы кадр саясатында бұрынғы қатып қалған лауазымдық нұсқаулықтардан бас тартып, икемді дағдыларды енгізуге көшкен. Бұл тәсіл қызметкерді тар шеңбердегі бір міндетке байлап қоймай, оның бойындағы мықты қасиеттерін нарықтың өзгермелі сұранысына сай тиімді қайта бөлуге мүмкіндік береді.
Диплом талап етпейтін, кәсіби және тұлғалық дағдыға негізделген мұндай тәжірибеге көшу әлемдік еңбек нарығында экономикалық өзгерістермен қатар әлеуметтік трансформациялар тудырды. Университет түлектерінің дипломына емес, үміткерлердің нақты қабілетіне сүйенген кезде бос жұмыс орындарын толықтыру уақыты едәуір қысқарған. Жұмыс өнімділігі де арта түскен. LinkedIn пен Burning Glass Institute зерттеулері көрсеткендей диплом талабы алынып тасталған лауазымдарда жұмыс істейтін мамандар академиялық талаппен келген қызметкерлерден өнімділік немесе ұжымда тұрақтау мерзімі жағынан еш кем түспейді, керісінше мол тәжірибесінің арқасында жаңа ортаға әлдеқайда жылдам бейімделеді. Бұл ретте HR процестерінің объективтілігі артып, түйіндемедегі беделді оқу орнының атауы мен субъектілік факторлар екінші орынға ысырылып, нақты тесттер мен портфолио нәтижелері шешуші рөл атқара бастады.
Экономистер мен әлеуметтанушылардың пікірі екіге жарылады. Бірінші тарап бұл жүйені мүмкіндіктер теңдігінің құралы десе, екінші тарап белгілі бір әлеуметтік қауіптерді алға тартады. Жүйені жақтаушылардың айтар уәжі ақылға қонымды. Қымбат ЖОО-да оқуға қаржылай жағдайы жоқ, шалғай өңірлерден шыққан немесе әлеуметтік осал топтағы талантты жастар үшін бұл модель мансап жолында серпіліс жасайтын нақты әлеуметтік лифтке айналды. Өз бетінше онлайн білім алып, сертификат жинаған немесе мықты портфолио түзген кез келген талапты маман ірі трансұлттық компанияларға жол таба алады. Ал керісінше сыни көзқарастағы әлеуметтанушылар дағдыға негізделген экономика кейде формальды емес немесе әлеуметтік тұрғыдан қорғалмаған сапасыз еңбекке және тұрақсыз гиг-экономикаға әкеп соғатынын ескертеді. Мұнда олар тұрақты еңбек шарты, әлеуметтік пакет, медицинaлық сақтандыру мен зейнетақы аударымдарынан қағылып, мамандардың құқығы толық қорғалмай қалуы мүмкін. Осылайша, кәсіподақтардың «қорғанысынан» тыс қалған мұндай қызметкерлер жұмыс берушілердің алдында өте осал күйде қала береді.
Дегенмен әлемнің озық білім беру жүйелері бұл алшақтықты еңсерудің инновациялық модельдерін сәтті қолданып келеді. Алдыңғы қатарда Германия, Швейцария және Аустрияда кеңінен тараған дуальді білім беру моделі тұр. Бұл жүйеде студенттер уақытының 30-40 пайызын университетте немесе колледж аудиториясында теорияға арнаса, 60-70 пайызын нақты өндірісте қызметкер ретінде жалақы ала отырып өткізеді. Бұл модель түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткішін 90 пайыздан асыруға мүмкіндік берді. Германияда дуальді білім беру жүйесінен өткен студенттердің 74 пайыздан астамы оқуын аяқтаған бойда өздері тәжірибеден өткен компанияларға тұрақты жұмысқа орналасады.
Ал АҚШ пен Сингапурде микро-кредициалдар және модульдік білім беру форматы қарқынды дамуда. Дәстүрлі төрт жылдық бакалавриаттың орнына студенттерге қысқамерзімді (3-6 айлық) нақты дағдыларды беретін MicroMasters және NanoDegrees сияқты модульдер ұсынылады. Бұл модульдерді жинай отырып, студент қажет болған жағдайда толық дипломға қол жеткізеді немесе бірден нарыққа шығып кете алады.
Силикон алқабы, Израиль және Оңтүстік Кореяда университет пен бизнестің кластерлік интеграциясы сәтті жүзеге асырылған. Мұнда университеттер ірі индустриялық гиганттармен бірлескен R&D (зерттеу және әзірлеу) лабораторияларын ашып, оқу бағдарламаларын бизнес өкілдерінің тікелей сұранысына сай бекітеді, ал үздік студенттерге екінші курстан бастап-ақ жұмысқа орналасуға ұсыныстар түседі. Сонымен бірге Франциядағы School 42 немесе Minerva University модельдері сияқты лекциялық форматтан толықтай бас тартып, білім беруді шынайы кейстер мен компаниялар беретін өндірістік тапсырмаларды шешуге негіздеген проблемаға бағытталған және жобалық оқыту тәсілдері де өзінің жоғары тиімділігін дәлелдеп отыр. Футурологтардың айтуынша, бүгінгі бастауыш мектеп оқушылары 65 пайызы болашақта қазір әлі жоқ немесе жаңадан қалыптасып келе жатқан мамандықтар бойынша жұмыс істейтін болады.
Отандық нарықтың заңдылықтары
Жаһандық еңбек нарығын шайқалтқан бұл тектоникалық өзгерістер Орталық Азияны, соның ішінде Қазақстанды да айналып өткен жоқ. Қайта біздің икемі бөлек, заңы басқа отандық нарықта бұл үдеріс өзіндік ұлттық сипат алып, тереңдей түскен ішкі диспропорциялармен көрініс табуда.
Қазақстанның еңбек нарығында дипломы бар мамандардың көптігі мен жұмыс берушілердің нақты сұранысы арасында үлкен алшақтық қалыптасқан. Мемлекеттік органдар мен еңбек сарапшыларының деректеріне сүйенсек, елде «диплом гиперинфляциясы» мен кадр тапшылығы бір мезгілде қатар жүріп жатыр.
Мұндағы басты мәселе диплом мен нақты дағдының арақатынасында болып отыр. Отандық ЖОО мен колледж түлектерінің басым бөлігі оқу бітіргеннен кейін өз мамандығы бойынша жұмысқа орналаса алмай, басқа салаға кетеді. Бұл университет дипломының еңбек нарығындағы басты сапа белгісі ретіндегі институционалдық салмағы азайғанын айғақтайды. Сонымен қатар нарық ұсынатын бос орындардың жартысына жуығы жоғары академиялық білімді мүлде талап етпейді. Сондықтан елімізде «дипломды жұмыссыздық» немесе маманның өзінің кәсіби біліктілігінен төмен орында қызмет етуі қалыпты үрдіске айналып барады.
Жұмыс берушілер сұранысына ие бағыттарды сараласақ, нарықта мүлде өзгеше картина қалыптасқан. Еңбек ресурстарын дамыту орталығының және Электрондық еңбек биржасының мәліметінше, сұранысқа ие бос орындардың 45-50 пайызына жуығы орта арнаулы білімі бар жұмысшы мамандарға, атап айтқанда құрылысшылар, машина жүргізушілері, дәнекерлеушілер, техниктер мен техникалық қызмет көрсету мамандарына тиесілі. Сондай-ақ әлеуметтік секторда, соның ішінде мектеп мұғалімдеріне, әсіресе жаратылыстану-математика бағыты бойынша, балабақша тәрбиешілеріне, мейірбикелер мен дәрігерлерге сұраныс тұрақты түрде жоғары. Ал IT, инженерлік және өндірістік секторда киберқауіпсіздік, Data Science, автоматтандырылған өндірістік жүйелерді басқару инженерлері, сондай-ақ тау-кен мен өңдеу өнеркәсібінің геологтары мен бұрғылау супервайзерлері ең жоғары жалақы ұсынылатын, бірақ табуы өте қиын тапшы кадрлар қатарынан түспей келеді.
Бұл орайда ЖОО мен колледж түлектерінің арасында айтарлықтай алшақтық байқалады. Жұмыс берушілер түлектердің теориялық базасы болғанымен, қазіргі зауыт жабдықтарын, арнайы бағдарламалық қамтамасыз етуді немесе бизнес-процестермен жұмыс істей алмайтынын жиі алға тартады. Сонымен бірге жастар арасында іскерлік коммуникация, командада жұмыс істеу, жауапкершілік алу, стреске төзімділік және тайм-менеджмент секілді дағдылар ақсап тұр. Тіпті, IT немесе инженерлік мамандық түлектерінің өзінде халықаралық құжаттамамен жұмыс істеуге немесе заманауи цифрлық аналитикалық құралдарды қолдануға қажетті кәсіби ағылшын тілі деңгейінің төмендігі кері әсерін тигізуде.
Еліміздегі білім беру жүйесі мен жұмыспен қамту статистикасы мәселенің ауқымы қаншалықты терең екенін айқын көрсетеді. Жыл сайын еліміздің ЖОО-лары мен колледждерін 150 мыңнан астам түлек бітіріп шығады. Ұлттық статистика бюросы мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректеріне сүйенсек, жоғары оқу орны түлектерінің шамамен 35-40 пайызы алғашқы жылы өз мамандығы бойынша жұмысқа орналаса алмайтынын немесе басқа салаға ауысатынын мәлімдеді.
Электрондық еңбек биржасында жарияланатын 1 миллионнан астам жылдық бос орынның басым бөлігі біліктілігі төмен немесе орташа жұмысшы мамандарға бағытталғаны байқалады. Мұны Ғылым және жоғары білім министрлігінің деректері де растайды. Бізде заң, экономика және гуманитарлық бағыттағы дипломды мамандар шамадан тыс көп болса, керісінше инженерлік-техникалық, агрономиялық және педагогикалық бағыттарда кадр тапшылығы жоғарылап барады.
Ару ҮКЕНОВА,
PhD, Astana IT University, Шығармашылық индустриялар
мектебінің ассистент-профессоры:
Диплом – қабілеттің кепілі емес
Қазір IT саласына кіру үшін міндетті түрде төрт жыл университетте оқу қажет емес. Қысқа курстар, кәсіби сертификаттар, ашық білім ресурстары және нақты жобалар арқылы бірнеше айдың ішінде бастапқы дағды игеріп, жұмысқа орналасуға болады. Бұл – білімге қолжетімділікті кеңейткен оң өзгеріс.
Иә, бүгінде дипломның өзі қабілеттің кепілі емес. Ол белгілі бір оқу бағдарламасының талаптары орындалғанын көрсетеді, бірақ түлектің жаңа технологияны өздігінен меңгеретінін, сапалы код жазатынын немесе командада тиімді жұмыс істейтінін автоматты түрде дәлелдемейді. Мәселен, IT маманының кәсіби жұмысы мен информатика саласындағы ғылыми зерттеуді бір өлшеммен бағалауға болмайды. Әзірлеушінің міндеті көбіне берілген талапқа сай жұмыс істейтін, қауіпсіз және қолдауға болатын жүйе жасау. Ғалымның міндеті – бұрын толық жауабы болмаған мәселені анықтап, тексерілетін сұрақ қою, әдіс таңдау, балама түсіндірмелерді қарастыру және нәтижені басқа зерттеушілер қайта тексере алатындай ұсыну. Бағдарламаның жұмыс істеуі ғылыми гипотезаның дәлелденгенін білдірмейді. Осы тұрғыдан дипломның құндылығы қағазда емес, оған дейінгі сапалы үдерісте. Егер докторлық бағдарламада білікті жетекшілік, зерттеу семинары, әдіснама дайындығы, ашық рецензия және академиялық адалдық болмаса, PhD атағы ғылыми қабілеттің әлсіз белгісіне айналады. Керісінше, талаптары жоғары бағдарлама зерттеушінің белгісіздік жағдайында сенімді білім өндіре алатынын бірнеше жыл бойы тексереді. Біріккен Ұлттар Ұйымының Білім, ғылым және мәдениет жөніндегі ұйымы (UNESCO) ғылым еркіндігімен қатар зерттеушінің қоғам алдындағы жауапкершілігін, адалдығын және нәтижелердің ашықтығын маңызды норма ретінде көрсетті.
Жасанды интеллекттің кеңінен қолданылуы білім мен диплом туралы пікірталасқа жаңа өлшем қосып отыр. Бүгінде жасанды интеллект қысқа уақытта бағдарламалық код жазып, үлкен көлемдегі деректі өңдеп, күрделі мәселені талдап, тіпті басқарушылық шешімнің бірнеше нұсқасын ұсына алады. Соның нәтижесінде бұрын бірнеше жылдық тәжірибені қажет еткен кейбір міндеттерді аз уақытта орындауға мүмкіндік пайда болды. Адамның жаңа мамандықты меңгеруіне, кәсіби бағытын өзгертуіне және өз саласында жоғары нәтижеге жетуіне жол ашып отыр. Алайда технология ұсынған жауаптың жылдамдығы оның дұрыстығына кепілдік бермейді. Жасанды интеллект деректегі бұрмалауды қайталауы, шынайы көрінетін қате ақпарат ұсынуы немесе шешімнің адамға, ұйымға және қоғамға тигізетін ұзақмерзімді салдарын ескермеуі мүмкін. Сондықтан болашақ маманға дайын құралды қолдану ғана жеткіліксіз. Ол жасанды интеллект ұсынған нәтижеге күмән келтіріп, оның дереккөзін тексеріп, дәлелінің сапасын бағалап және қолданудың этикалық шекарасын анықтай білуге тиіс. UNESCO-ның Жасанды интеллект этикасы жөніндегі ұсынымында да адам құқықтары, ашықтық, жауапкершілік және адам бақылауы ЖИ қолданудың негізгі қағидалары ретінде белгіленген.
Осы тұрғыдан қарағанда, дипломның рөлі жоғалып жатқан жоқ, бірақ оның мағынасы өзгеріп келеді. Диплом адамның білім алуды аяқтағанын білдірмеуі керек. Ол белгілі бір академиялық даярлық кезеңінен өткенін және әрі қарай өздігінен білім алуға қажетті негіз қалыптастырғанын көрсетуге тиіс. Университеттің міндеті студентке бір ғана бағдарламалау тілін немесе қазір сұранысқа ие құралды үйретумен шектелмейді. Ол адамға жүйелі ойлауды, дереккөзбен жұмыс істеуді, өз пікірін дәлелдеуді, өзгенің сынын қабылдауды және шешімінің салдарын бағалауды үйретуі қажет.
Қысқа курс нақты дағдыны жылдам меңгеруге көмектеседі, ал университет сол дағдыны кең теориялық және қоғамдық контексте түсінуге негіз береді. Технологиялар тез өзгергендіктен, университетте алынған білімнің өзі де тұрақты түрде жаңартылып отыруы керек. Адам қай мамандықта жұмыс істесе де, кәсіби курстар, ашық ресурстар, тәжірибе және жасанды интеллект арқылы өзін дамытуын жалғастыруға тиіс. Демек, қазіргі қоғамға дипломы бар адамдардан бұрын, білім алуды тоқтатпайтын адамдар қажет.
Жоғары жауапкершілік жүктелетін басшылық қызметтерде терең академиялық даярлықтың болуы маңызды артықшылық деп есептеймін. Университетте адам кәсіби пәндерді меңгерумен қатар оқытушылардың бағалауынан өтеді, өз тұжырымын негіздеуді, қарсы пікірді тыңдауды және академиялық талаптарды сақтауды үйренеді. Магистратура мен докторантурада бұл дағдылар тереңдей түседі: білім алушы мәселені бірнеше қырынан талдап, дәлел мен жорамалдың айырмасын ажыратып, қолданған әдісінің шектеулерін көрсетуге дағдыланады.
P.S.
Түйіндей айтқанда, дипломның институционалдық монополиясы ыдыраған кезеңде еңбек нарығындағы басты капитал дипломдағы мөр емес, маманның бейімделгіштігі мен үздіксіз оқуға дайындығы болмақ. Еліміздің білім беру жүйесі бұл майданнан тыс қала алмайды. Заман талабына сай нарық өз ережесін диктаторлық жолмен орната бермек...