Ғылым қиял әлемімен үйлескенде ғана дамиды – Бағдат Телтаев

Бүгін, 14:45 / Ахмет ӨМІРЗАҚ

Абайдың «Екі кеме құйрығын, Ұста – жетсін бұйрығың» дейтіні бар ғой. Оны, әрине, әр нәрсенің басын бір шалып, ешбірінен оңды нәтиже шығармайтын жолбикелер туралы айтқан болса керек. Ал қабілет-қарымы ерекше адам бірнеше саланы теңдей игеріп, бәрінде өзін көрсете алатыны талай дәлелденген. Бұл орайда, ғылым мен әдебиетті қатар алып жүрген белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі және көрнекті ғалым, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының академигі Бағдат Телтаев есімізге түседі. Ол сөз өнерінде де, ғылымда да өзін танытқан тұлға. Әдеби салада 1997 жылы «Өлеңбаян» жыр жинағы жарық көрді. Поэ­зия­лық шығармалары 2014 жылы Қазақ поэ­зия­сының «Жыр маржаны» атты 10 том­дық ан­­то­логиясына, 2020 жылы «Шу өңірі ақын­дары­ның антологиясына» және 2025 жылы «Меркілік ақындар әлемі» кітабына енді. Тұң­ғыш республикалық жас ақындар мү­шәй­расының және Артығали Ыбыраев атын­дағы республикалық жыр жарысының жүл­дегері. Ал ғылымдағы жолына келсек, Ал­маты автомобиль-жол институтын бітір­ген, техника ғылымдарының докторы, про­фессор, Қазақстандағы жол құрылымдары механикасының ғылыми мектебін құрушы. 3 ғылыми ашылымның, 900-ге жуық мақа­ла­ның, 8 монографияның, 40 авторлық куә­ліктер мен патенттердің авторы. Со­ны­мен бірге 10 оқу құралы және 5 терми­но­ло­гия­лық сөздікті әзірлеп баспадан шығарған.


– Бағдат Бұрханбайұлы, сіз ақын жә­не ғалым ретінде танылған тұлғасыз. Әде­биетке, сосын ғылымға құш­тар­лы­ғыңыз қалай басталды? Не себеп болды?
– Жалпы, адам бойындағы білімге құш­тарлық жас кезінен басталады-ау деп ой­лай­мын. Тек соған бірдеңе себепші болса, жо­лы болады.
Төрт жасар кезім болуы керек, бір күні әкем­нің газет оқып отырғанын көрдім. Үйде, кешке таман, шай ішіп отырғанымызда. Сол кезде «Социалистік Қазақстан» деген атпен шы­ғатын, қазіргі «Егемен Қазақстан» газеті ғой.«О, мынау өйтіпті ғой, бүйтіпті ғой» деп газеттегі жаңалықтарды айтып отыр. Мен әкем­нен «Газет айтып жатыр ма?» деймін. «Жоқ айтпайды, жазады. Оны оқып үйрену ке­рек» деді.
Ол кезде телевизор жоқ. Радио ғана бар. Ен­ді газетке қызықтым. Ойланам, «оны қа­лай оқуға болады» деп. Содан кейін бір күні әке­ме менің де газет оқығым келетінін айт­тым. Әкем: «Ой, балам, оқу үшін алдымен әріп тану керек. Қазақ тілінде 42 әріп бар, со­ның бәрін оқып білсең ғана газет-журнал, кітап оқи беретін боласың», – деді. 
Сосын әкем әріптерді үйрете бастады, «мы­нау «а» деген әріп, мұның үлкені мынау, кі­шісі мынау. Үлкен әрібі сөйлемнің басында ке­леді» деп. «А»  әрпін білген күні газетті қара­дым. Қай жерде «а»  әрібі бар, бәрін оқып шықтым. Сөйтіп, әкем 42 әріпті түгел үйретіп шық­ты. Сосын әріптерді қосып, сөз оқуды, одан тұтас сөйлемдерді оқи бастадым. Сөз­дерді оқып үйренгенде керемет бір сезім болды. Бәрін біліп алған сияқты бір сезімде жүр­дім. Өйткені кез келген жерде басылған сөз­ді оқи беремін. Әкемнен жазулардың қара сөз­бен, өлеңмен жазылатынын білдім. Газет­ке басылатын жазулардың түгелге жуығы қара сөз болатынын, өлеңнің негізінен «Жұл­­дыз» сияқты журналға, кітаптарға ба­сы­­лып шығатынын ұқтым.
Біздің үйде бір үлкен қалың кітап жататын, сыртқы мұқабасы жоқ. Ашып қарасам – бәрі өлеңмен жазылған екен. Қазақша кітап болған соң сөздері тү­сінік­ті. Кейбір сөздері болмаса, жалпы тілге жеңіл және әдемі ұйқастырып жазылған. Пат­шалар, батырлар туралы, соғыстар тура­лы айтылған, оқыған сайын қызықтырып әкетіп барады...
– Қандай кітап екен ол?
– Кейін білдім ғой, кітап болғанда да анау-мынау емес, атақты ақын Тұрмағамбет Ізтілеуовтің Фирдоусидің «Шахнамасынан» аударған «Рүстем –Дастаны» екен, 1961 жы­лы Мұхтар Әуезовтің алғысөзімен шыққан! Ғала­мат кітап енді. Оқығанды бірден тартып ала­ды. Сөйтіп, әдеби шығарма оқуды «Шах­намадан» бастаппын! Менің сөз өнеріне құш­тар болуыма, кейін ақындық жолға тү­суіме себеп болған сол шығар деп ойлаймын. Өйткені адамға жас кезінде не нәрсе қатты әсер етсе, соның көп пайдасы тиеді ғой.
– Бірақ кейін техникалық сала бойынша білім алып, ғылым жолына түсіп кеттіңіз ғой...
– Иә... Өмір деген күтпеген бұрылыстарға толы ғой, адамның сана түпкірінде – түйсігінде тағдырына әсер ететін ақпараттар жатады. Күндердің күнінде сол ойыңды оятып, болашағыңды белгілейтін шешімдерге әкеледі-ау деймін.
Мәселен, мен неге кішкене кезімнен хат та­нып, «Рүстем – Дастан» секілді әдеби туын­дыдан нәр алып, өлеңге құштар бола тұра ғылымға кеттім? Былай қарағанда, өмірімді әдебиетке арнап сол жолда еңбек­тен­сем бәрі заңды болмас па еді? Демек, ғы­лым­ға келуіме әлгі сана тереңінде өміріме әсер еткен бір жағдайдың себебі бар. 
– Ол қандай жағдай?
– Мен Жамбыл облысы, Меркі ауда­нын­дағы Жауғаш батыр деп аталатын ауылда дүниеге келдім. Мына жағы – Қырғызстан, мы­на жағы – Баласағұн. 
Біздің ауылда асфальт төселген жол жоқ бо­латын, өз еліміздің үлкен жолына шығу үшін де, Қырғызстанға бару үшін де тегіс жол жоқ. Шаңдатып, қара жолмен жүреміз. Ау­дан­ға баратын жолға шығу үшін 5-6 ша­қырым, Қырғызстанға өту үшін 10 шақырым­дай жерге жаяу барамыз. Автобус жүрмейді. Кө­лікке жету үшін жаңағы айтқан, 5-6 не 10 ша­қырым жаяу жүру керек...  
Бала кезімізде әке-шешемізге еріп та­лай жаяу жүріп, жүк көтерісіп, көте­ріп, жолсыз, жаяу жүрудің азабын тарттық. Пә­лен шақырым топырақ кешіп, күн ыс­тық­та жаяу жүрудің қиындығы миыма әбден сіңіп қалған болуы керек, сол кезде «Өскенде жо­ғары білім алып, ауылыма жол салатын ма­ман болсам» деп ойлайтынмын.  Ойымды әке­ме айтып, жол салу үшін қандай оқу оқу керегін сұрағанымда, ол маған «Алматыда Автомобиль жолдары институты бар, соны оқығандар жол салады» деген. Сөйтіп мектеп бітірген соң басқа жаққа бұрылмай, Алматы автомобиль жолдары институтына құжат тапсырдым. Жолым болып студент атандым. Жақсы оқыдым. Қоғамдық жұмыстарда белсенді болдым. 
Техникалық оқу орнына түскеннен кейін бірінші курста жоғары математика, фи­зика, химия секілді пәндер оқытылса, сыз­ба геометрия, теориялық механика, ма­териалдар кедергісі деген қиын сабақтар болады. Оның орысша аталымын қысқартып «начертат», «термех», «сопромат» дейді. Соған орай студенттер арасында начертатты тап­сырдың ба – студент атандың, термехты тап­сырдың ба – ғашық болсаң болады, соп­роматты тапсырдың ба – үйленуге болады» дейтін әзіл бар. Сол сабақтардан алынатын сынақта құлап, оқудан шығып қалатындар аз болмайды...
– Ғылымдағы жолыңыз қалай бас­тал­ды?
– Институтта Қазақстанның жол ісі бойын­ша тұңғыш профессоры Бақытжан Мұр­тазиннің кафедрасында білім алдым. Ол кісі шәкірттерінің қарым-қабілетін танитын сұң­ғыла кісі еді. 
Үшінші курста оқып жүргенімде ұстазым, доцент Бақыт Атымтаев «Мына баладан бо­ла­шақта ғалым шығуы мүмкін» деп мені Қазақ КСР ҒА корреспондент-мүшесі (кейін ҚР ҰҒА академигі) Шмидт Айталиевке алып барды. Шмидт Мұсаұлы өмірде көпті көрген тәжірибелі ғалым ғой, маған сенім артты. Сөйтіп, мен бастауы академик Қаныш Сәт­баевтан басталатын, академик Жақан Ержа­нов негізін қалаған механика ғылыми мек­те­бінің есігін аштым. 
1991 жылы Алматы автомобиль-жол инс­титутының (бүгінгі М.Тынышбаев атын­дағы ALT университеті) жол факультетін қызыл дипломмен бітірген соң аталған білім ордасындағы ғылыми кеңестің шешімімен оқытушылық қызметке қалдым. Академик Ш.Айталиев аспирантураға қабылдатып, сол кісінің және физика-математика ғылым­дары­ның кандидаты Ә.Ысқақбаевтың жетек­шілігімен әл-Фараби атындағы Қазақ мем­лекеттік университетінің механика ка­фед­ра­сының зертханасында КСРО ҒА ака­де­мигі Ю.Работнов (Москва) пен Қазақ КСР ҒА ака­демигі Ж.Ержановтың әдістеме­лері не­гізін­де асфальтбетон үлгілеріне сы­нақтар жүр­гіздім.
1994 жылы Ұлттық ғылым академиясы Механика және машинатану институтында жол төселімдерінің механикасы бағыты бойынша кандидаттық диссертация қорғадым. Ғылым кандидаты атанған соң ұстазым академик Ш.Айталиевтің кеңесімен бірден докторлық диссертация тақырыбы бойын­ша жұмыс істеуді бастап кеттім. Шмидт Мұсаұлы мені «Қазақстан механик­те­рі­нің атасы» саналатын өзінің ұстазы, атақ­­ты академик Жақан Ержановпен таныс­тыр­­ды. Ол кісі мені сырттай біліп жүрсе ке­­рек, док­тор­лық диссертациям бойынша бірін­ші ғы­лыми кеңесшісі болуға келісімін бер­ді. Сөй­тіп ғылыми жұмысымды төрт жыл­да жа­зып шығып, жол төсемелерінің құрылым­дарын жобалау әдістерін және беріктікке есептеулерді жетілдіруге арналған доктор­лық диссертациямды Алматыда бір институт пен бір академияда, Бішкекте бір институт пен бір университетте және Ташкентте екі инс­титутта талқылаудан өткізіп, Мәскеу авто­мобиль-жол институтының докторлық кеңесінде алдын ала қорғаудан өтіп, 1998 жылы қорғап шықтым. 
– Осы аралықта әдебиеттен қол үзіп кет­педіңіз бе?
– Әрине, бұл кезеңде негізінен ғылыммен ай­налыстым ғой. Бірақ әдебиетті де ұмытқан жоқ­пын. Исраил Сапарбаев, Мәди Қайың­баев, Аманхан Әлімұлы секілді ағалармен ара­ластым. Өзіміз қатарлы Аманғазы Кәріп­жа­нов, Бауыржан Бабажанұлы, Әділ Бот­па­нов секілді жас ақындармен бірге жүрдік. Сен­бі, жексенбі күні ҚазМУ-дің журфагінің жа­тақханасында жүргенмін. Өзіміз секілді жас ақындармен жарысып өлең оқимыз. 1990 жылы алғаш өткен ақындар мүшәйра­сын­да үшінші орын алдым. Көрнекті ақын Са­ғи Жиенбаев батасын берді. Ол кездері Қа­зақстан Жазушылар одағының хатшысы Ұлық­бек Есдәулет ағамыз Жастар кеңесін бас­қаратын. Ұлықбек Есдәулет пен Ғалым Жай­лыбай ағаларымыздың да ағалық қам­қорлықтарын көрдім. Айтыстарға қатысып, бірнеше рет жүлделі орындарды да иелендім. Ерік Асқаров ағамызға шәкірт болып, біраз уа­қыт ілесіп жанында жүрдім. Ерік ағам Сә­кен Жүнісов ағамыз бен таныстырды. Сәкен ағам батасын берді. 
Бірінші курста оқып жүргенде «Туған жер» деген әңгіме жазып, бірнеше өлеңдерім­ді алып белгілі жазушы Рахымжан Отар­баев­қа барғаным бар. Ол кісі жазғанымды ұна­тып, «Аудитория» деген студент жастар жи­на­ғына ұсынды. Ол кезде жас қаламгерлердің про­залық туындылары басылатын «Арман қа­натында», жас ақындардың поэзиялық шы­ғармалары енгізілетін «Аудитория» деген дәс­түрлі әдеби жинақтар болатын. Біздің тұ­сымызда еліміздің экономикасы тұралап жат­қан кезде шықпай қалды ғой.
Ол кезде қазіргідей қаптаған басылымдар жоқ. Жастарға арналған «Жалын» журналына шы­ғу бір арман. Бірақ менің жолым болды. 
«Жалын» журналында «Талаптың мініп тұлпарын» деген айдармен болашағынан үміт күттіретін жастардың шығармалары жария­ланып жататын. Менің өлеңдерімді «Жалынға» ұсынған Мәди Қайыңбаев пен Мереке Құлкенов ағаларымыз болды. Мереке ағамыз: «Бағдат айналайын, жолың болсын. Өлең­деріңді дайындап, журналдың бас ре­дак­торы Мұхтар Шаханов ағаңа бердім. Енді оның жариялануын бір Құдай, сосын Мұхаң ағаң шешеді» деді. Сөйтіп, өлеңдерім «Жа­лын­ға» қазақтың ірі ақындарының бірі Есен­бай Дүйсенбаевтың алғысөзімен жа­рия­ланды. О, оның әсері сұмдық қой енді. Туын­ды­ларың Шахановтың сынынан өтіп, жур­налға шығуы – ақын ретінде мойындалу де­ген сөз! 
Дегенмен кейін ғылымға бет бұрған соң уақытымның көбі соған арналды. 1997 жы­лы «Өлеңбаян» деген жыр жинағым шықты, екін­шісін алдағы уақытта шығарсам ба деп отыр­мын. Алғашқы жыр жинағымды сту­дент кезімде «Жалын» баспасынан Есенбай Дүй­сенбаев ағамыз шығармақшы болған...
Мені Жазушылар одағына мүшелікке ұсынғандар қатарында Темірхан Ме­детбеков пен Әділғазы Қайырбеков ағ­а­ларымыз да болды.  
– Сізді қазақ ғылымындағы ең жас ғылым докторларының бірі дейді...
– Иә, ғылым докторы атанғанымда 32 жас­та едім. Менің ғылыми бағытым – жол құ­рылымдарының механикасына арнал­ған­дықтан, елімізде осы саланың бастауында тұр­ғандардың қатарында атымыз аталып жа­тады. Еңбегіміздің бағаланғаны шығар, 2008 жылы шыққан «Қазақстан» деген 10 том­дық ұлттық энциклопедияның 8-томын­да менің өмірбаяным мен суретім беріліпті.
Жалпы, өз елін сүйетін адам сол елінің бо­лашағы үшін беріле еңбек ету керек. Атақ-даңқты ойлап, еңбегім бағалана ма, баға­лан­бай ба деген алаңмен өмір сүрген пенденің ісі алға баса бермейді. Әрине, өмірде еткен ең­бегінің лайықты бағасын алмай өткен тұл­ғалардың кездесетіні өкінішті. Десекте, қан­дай да бір салада жеткен жетістігің, ең­бегіңнің мән-маңызы ұмытылмайды. Елі бар­да, халқы барда өз ісіне адал азаматтар ес­керусіз қалмайды деп ойлаймын.
– Ғылым мен сөз өнерін қатар алып жүру қиын емес пе?
– Мен өмірде ғалым болып та, ақын бо­лып та өмір сүріп жатырмын деп ойлаймын. Бір-біріне кедергісі жоқ, болса,  ол – уақыт тап­шылығы. Меніңше, ақынның жүрегімен жән­е ғалымның көзімен қарау керек, сонда кө­рінбейтін нәрсенің өзін көре аласың.  Адам­ның миында логика мен фантазия бірік­се ол құдіретке айналады. Орыс әдебие­ті­нің классик ақыны А.Пушкин «Геометрияға да шабыт керек» дегенді біліп айтқан.
Білім – ғылым ашқан жаңалықтардан құра­лады. Ғылым – үнемі ізденіс, құпияны табу. Ғалымдар ғылымға белгісіз құпияларды табуға ұмтылады. Сол жолда адасып та жа­тады. Мысалы, Альберт Эйнштейн жалпы са­лыстырмалы теориясын жасаған кезде ма­тематикалық мәселелермен айналысып,  кеңістіктің қисықтығын математикалық әдіс­пен өрнектеймін деп үш жыл ізденген. Өзі де математик болған, логикасы мықты, Құдай қарым-қабілет, дарын берген адам. Үш жы­лдан кейін барып: «Бұл жолым нәтиже бер­мейді екен» деп, қайтадан үш жыл бұрын­ғы бастаған нүктесіне келген. Сөйтіп, қай­тадан басынан бастап зерттеп барып нәти­жеге жеткен.
Көрдіңіз бе? Ондай тарихта көп. Де­мек, ізденуші үшін, яғни ғалымға да ұш­қыр қиял, фантазия қажет. Яғни, бұл тұр­ғыдан келгенде, ақындық керек. Көрдіңіз бе? Ендеше, ғылымның дамуына ақындық­тың фантазиясы, қиялы күш-қуат беріп, алға жетелеп тұрады десек, қателеспеспіз!
– Орыстың белгілі ақыны Борис Слуц­кий 1959 жылы «Физиктер мен ли­риктер» деген өлең жазып, қалам­гер­лерді төмендетіп, ғалымдарды көтер­ме­легені бар ғой. Оның соңы біраз дау-да­майға себеп болғаны бар. Сол қазіргі за­ман­да да қайтадан көкейкесті мәселе­ге айналып бара жатқан жоқ па?
– Бұл сұраққа ішінара жоғарыда аздап жауап беріп кеттім-ау деймін. Дегенмен то­лық­тырып, мәселеге кеңірек тоқталғанымыз жөн шығар.
Иә, кезінде Б.Слуцкийдің сондай өлең жа­зып, қоғамда ғалымдар мен әдебиетшілер екі жарылып айтысқаны рас. Бірақ ақын заман тудырған құбылысты алға тартып, сол ар­қылы сөз өнерін төмендеткені тым ұш­қа­ры әрекет болды. Өткенді ұмытуға болмайды ғой, ұмытсақ, бүгінгі жаңалықтың түп-негізі қайда жатқанын білмей, күндердің күнінде адасамыз. Әдебиеттегі қиял ұшқырлығы бар ғы­лымның негізі. Ертегілерде айтылатын «ұшатын кілем» оқиғасы бүгінгі ұшақ, тікұ­шақ атаулыдан бұрын пайда болды ма, кейін пайда болды ма? Осы сұрақтың жауабының өзі әдеби шығармалардағы фантазияның ғы­лымға түрткі болғанын білдірмей ме?
1950-жылдардың соңында КСРО-да жә­не өзге елдерде ғылым мен техника қар­қын­ды дами бастады: алғашқы жасанды жер серігі ұшырылды, атом энергетикасы өр­кен­деді. Осы кезде қоғамда «Болашақ кімдікі: нақ­ты ғылымдар ма, әлде өнер мен поэзия ма?» деген сұрақ туды. Слуцкий өз өлеңінде сол заманның шындығын дөп басып си­пат­тады: физиктер (ғалымдар, инженерлер) ал­дыңғы қатарға шығып, лириктердің (ақын­дар, жазушылар) танымалдылығы тө­мен­дей бастағанын мойындады. Бірақ адам­ның жанын, ой-қиялын дамытатын, оны ізгілікке тәрбиелейтін сөз өнерінің құдіретін жо­ққа шығаруға бола ма?
Алысқа бармай-ақ қояйық, өзіміздің әл-Фара­би бабамыз музыканы зерттеп, алғаш рет теориясын жасап, «Музыканың үлкен кі­­­табы» деген еңбек жазды. Өзі де ақын бол­ған ғой. Ғалым ретінде математикадан бас­тап, астрономияға дейін сол замандағы са­ла­ның бәріне арнап трактат жазған. Сосын ғы­лымды дамытқанда бойымызға сөз өнері ар­қылы сіңетін ізгілік атты қасиетті қалай ұмы­тамыз? Жаны ізгілікке толы адам пы­шақ­ты ет кесетін құрал ретінде таниды, ал ние­ті бұзық адам оны оп-оңай суық қаруға ай­налдыруы мүмкін. Атом энергиясын адам­затқа пайдасы тиетін АЭС салуға болады, ен­ді біреулер соның күшін адамзатты жоя­тын аса қатерлі бомбаға айналдырды. Екеуін де ғылым жолында жүрген адамдар жасап шық­ты. Сонда ізгілік қай жағында? Әдебиет адам­ды ізгілікке тәрбиелейді, ізгілікке арқа сүйе­меген ғалым – ғылым күшін жаман нәр­сеге пайдалануы әбден мүмкін. Әл-Фараби ба­ба­мыздың «Адамға ең бірінші білім емес, тәр­бие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім – адам­заттың қас жауы» деп отырғаны сол ғой.
Қазіргі ақпараттық технология зама­нын­да еңбек етіп жатқандар да сол тағылым­ды есінен шығармауы керек. Енді жасанды интеллект заманы басталды. Қазірдің өзінде оның пайдалы да, зиянды жағы да көрініп жатыр. ЖИ-ге «ән салдырып», сурет жасатып, мәтін жаздырып жатқандар көп. Байқап қол­данбаса, мұның соңы өнер, әдебиет саласына тигізетін зардабы мол болуы мүм­кін. Егер оны ғылымға пайдаланып өмірді жеңіл­дететін жолды тапса, уақыттан ұту үшін қиын тапсырмаларды орындатып, адам­ға пайда әкелетін жағын дамытса нұр үс­ті­не нұр. Бірақ қаншама адамның көз майын тауысып жасаған еңбегін оп-оңай пай­даланып, адам баласын ойланудан шет­тететін болса – ол аса қатерлі құбылыс. Де­мек, ізгілікті ұмытпау керек. Ізгілікке тәр­бие­лейтін сөз өнері!
– Бәрекелді, сөз өнері құдіретінің ғы­лымға тигізетін пайдасы жөнінде та­маша ойлар айттыңыз! Енді ғылым­дағы өз салаңыз туралы айтып берсеңіз: Қа­зақстандағы жолдардың сапасы қа­лай және жол салуда қандай әлемде қан­дай жаңа технологиялар өндіріске еніп жатыр?
– Мен бұл саланы жол салу өнері деп атар едім. Жақсы жол салу үшін терең білім, қомақты тәжірибе және жоғары мәдениет қажет. Бізде де сапалы, жақсы жолдар бар. Біз де үздіксіз ізденіс үстіндеміз... Әлемдегі қан­дай заманауи технологиялар болмасын, олар­дың бәрі дерлік біздерге белгілі. Оларды бір­тіндеп меңгеріп, өндіріске тәп-тәуір ен­гізіп те жатырмыз. 
Кейінгі жылдары Қазақстанда жол жөн­деу және салу қарқыны күрт артты. Мәселен, Үкі­мет мәліметінше, 2025 жы­лы елімізде ша­­­­ма­мен 13 мың шақырым жол жөнделіп, құ­­ры­лыс саласында тарихи ре­кордтық көр­сет­­кішке қол жеткізілді. Жол­дардың 94 пайызы жақ­­сы және қанағаттанарлық күйге жет­кізілген. 
«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолы атты ғасыр жобасы ел аумағы арқылы өтетін ең ірі халықаралық транзит дәлізіне айнал­ды. Қытайдан Еуропаға жүк тасымалдау уақытын айтарлықтай қысқартты. 
«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында  Астана қаласын өзге аймақтармен бай­ланыстыратын «Орталық-Оңтүстік», «Ор­талық-Шығыс» және «Орталық-Батыс» ба­ғыттарында заманауи көпжолақты авто­бандар салынды.
«Астана – Алматы», «Астана – Қараған­ды», «Алматы – Қорғас» сияқты маңызды ба­­ғыт­тардағы ірі жобалар толық аяқталып, өңір­лер арасындағы қатынас қауіпсіз әрі жыл­дам болды.
Тізе берсек, еліміздің жол құрылысы са­ла­сында мұндай жаңалықтар көп. Бұл Тәуел­сіздігін алғанына 35 жыл толғалы отыр­ған еліміз үшін үлкен жетістік. Өзге де са­лаларда жетістігіміз аз емес, тек отан­шыл­дық көзқарасымызды күшейтуіміз қажет! 
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан – Ахмет ӨМІРЗАҚ