Осы аптада Мемлекет басшысы Корея Республикасына мемлекеттік сапармен барды. Бұл сапарды кезекті дипломатиялық кездесудің бірі деп бағалау, қол қойылған келісімдердің санымен немесе инвестициялық жобалардың жалпы құнымен өлшеу жеткіліксіз. Сеулдегі келіссөздердің мазмұнына қарап Қазақстан мен Корея бұрыннан қалыптасқан экономикалық байланысты енді технология, өндіріс, энергетика және экономикалық қауіпсіздық мәселелерімен ұштастыруға ниетті деп сеніммен айтуға болады.
15 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Корея Президенті Ли Чжэ Мёң екі елдің қарым-қатынасын «болашаққа бағдарланған жан-жақты стратегиялық серіктестік» деңгейіне көтеруге келісті. Бұған дейінгі стратегиялық серіктестік 2009 жылы орнаған еді. Корея Президенті кеңсесінің ресми мәліметіне сүйенсек, ендігі ынтымақтастық аясы сауда мен инвестициямен шектелмей, экономикалық қауіпсіздік, озық өндіріс, ғылым мен технологияны және адамдар арасындағы байланыс сияқты бағыттарға дейін кеңеймек.
Қазақстан енді тек шикізат көзі емес
Президенттің Сеулдегі қазақ-корей іскерлік дөңгелек үстелінде келтірген мәліметіне сәйкес, 2025 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 3 миллиард доллардан асты. Корея Қазақстан экономикасына осы уақытқа дейін 12 миллиард доллардан астам инвестиция салған. Елімізде Samsung, Kia, Hyundai, Lotte, Doosan Enerbility, Shinhan Bank секілді компанияларды қоса алғанда, корей капиталы қатысатын мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Яғни, екі мемлекет арасында бизнестің өзіне таныс ортасы әлдеқашан қалыптасып қойған деп сеніммен айта алмыз.
Корея да Қазақстанды Орталық Азиядағы ең ірі сауда және инвестициялық серіктестерінің бірі ғана емес, энергия мен маңызды минералдарға бай мемлекет ретінде қарастырады. Корея Президентінің кеңсесі Қазақстанмен ынтымақтастықты экономикалық қауіпсіздікпен тікелей байланыстырып отыр. Президент Ли Чжэ Мёң Қазақстанды энергия мен табиғи ресурстарға ғана бай мемлекет емес, жоғары технологиялық салаларда әлеуеті зор және Кореяның экономикалық қауіпсіздігі үшін маңызды серіктес деп атады. Сеул Қазақстанның индустриялық жаңғыруына өзінің өндірістік және цифрлық технологиялары арқылы қатысуға дайын екенін де мәлімдеді.
Бұл риториканың астарында бүгінгі әлемдік экономиканың нақты өзгерістері жатыр. Жеткізу тізбегінің тұрақтылығы, энергия көздерін әртараптандыру, стратегиялық металдарға қолжетімділік қазір классикалық сыртқы сауда мәселесінен экономикалық қауіпсіздік мәселесіне айналды. Корея сияқты технологиялық экономикаға тұрақты шикізат базасы маңызды болса, Қазақстанға шикізатты жай экспорттаудан гөрі оны өңдейтін технология мен өндіріс қажет. Сеул келіссөздерінің негізгі мәні осы екі сұранысты түйістіруде жатқаны ресми құжаттардан анық байқалады.
Келіссөздерде аса маңызды минералдардың жеткізу тізбегін тұрақтандыру мәселесі де жеке қаралды. Қасым-Жомарт Тоқаев 16 қыркүйекте өткен алғашқы «Орталық
Азия – Корея Республикасы» саммитінде бұл бағытты өңірлік деңгейге шығаруды ұсынды. Мемлекет басшысының айтуынша, алдағы жұмыста өндірісті жергіліктендіруге, технология беруге, өңірлік кооперацияға және дайын өнімді өзге нарықтарға шығаруға мән берілуі керек. Ол осы мақсатта «Орталық Азия – Корея» өнеркәсіп және технологиялық даму серіктестігін құру туралы бастама көтерді. «Ресурс – технология – өнеркәсіп» моделінің мәні – қазақстандық кен орындары мен кореялық технологияны байланыстырып, тек шикізат өндірумен шектелмейтін толық өндірістік тізбек қалыптастыру. Алматыда Сирек және сирек кездесетін металдарды зерттеу орталығын құру жөнінде уағдаластық жасалды. Ақорданың мәліметінше, Корея стратегиялық санатқа енгізген он минералдың бәрі Қазақстанда кездеседі. Қазақстан тарапы геологиялық зерттеуден және өндіруден бастап терең өңдеуге, одан әрі жартылай өткізгіштерге, аккумуляторларға, электромобильдер мен робот техникасына қажетті компоненттер шығаруға дейінгі циклді дамытуды ұсынды.
Прагматикалық өзек
Энергетика – екіжақты қатынастың тағы бір маңызды бағыты. Корея үкіметінің хабарлауынша, биыл сәуірде Қазақстаннан 18 миллион баррель мұнай сатып алу жөнінде басталған жұмыстың жалғасы ретінде Сеулдегі саммит кезінде мұнай саласындағы ынтымақтастықтың базалық келісімі жасалған. Екі ел энергия ресурстарын бірлесіп игеру мүмкіндігін де талқыламақ. Бұл Кореяға жеткізу көздерін әртараптандыруға мүмкіндік берсе, Қазақстан Азия нарығындағы энергетикалық қатынасты кеңейтуге мүмкіндік алмақ. Президент Тоқаев Сеулдегі өңірлік саммитте Кореяға энергия ресурстарын жеткізуді қайта жандандыруға дайын екенін айтып, геологиялық барлау мен жаңа кен орындарын игеру ісінде де ынтымақтастықты кеңейтуге болатынын мәлімдеді. Қазір Hyundai Engineering Қарашығанақ газ өңдеу зауыты жобасына қатысып отыр.
Атом саласы да күн тәртібіне жеке бағыт ретінде енді. Тараптар атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану жөніндегі меморандумға сүйене отырып, ядролық энергетиканың толық циклі бойынша ынтымақтастықты кеңейтуге келісті. Қазақстан жағы шағын модульді реакторларға қызығушылық танытып, KHNP және Doosan Enerbility компанияларымен технологиялық ықпалдастықты тереңдетуге дайын екенін мәлімдеді.
Сеулдегі уағдаластықтар атом энергетикасындағы ынтымақтастық алаңын кеңейтеді, алайда оларды автоматты түрде қандай да бір нақты атом стансасын салу жөніндегі түпкілікті шешім деу жаңсақтық болмақ. Ресми құжаттарда әзірге ынтымақтастық, технология, зерттеу және салалық байланыс туралы ғана айтылады.
Автомобиль өндірісі – өзгерістің ең анық мысалы
Қазақстанда Hyundai мен Kia көліктері шығарылады. Өндіріс жолға қойылған. Ақорданың мәліметіне сүйенсек, қазір екі елдің ортақ портфелінде автомобиль жасау, машина жасау, металлургия және өзге салалардағы жалпы құны 4 миллиард доллардан асатын 51 жоба бар. 2025 жылы Қазақстанда шамамен 170 мың автомобиль шығарылыпты, оның елеулі бөлігі – Hyundai мен Kia маркалары. Мемлекет басшысы Орталық Азия – Корея саммитінде сөйлеген сөзінде Қазақстандағы Корей автокөлік кәсіпорындарының айналасында толыққанды өндірістік кластер қалыптастыру мүмкіндігіне тоқталды. Оның пікірінше, осы тәжірибені өзге салаларға да таратуға болады.
Сапар кезінде бұл бастама жаңа келісімдермен негізделді. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі сапар аясында жалпы сомасы 401,9 миллион доллар болатын 15 құжатқа қол қойылғанын хабарлады. Соның бірі – «Астана Моторс» пен Hyundai Motor Company арасындағы жаңа Hyundai Tucson моделін өндіру жөніндегі 67 миллион долларлық келісім. Кореялық компания жаңартылған модельді шағын торапты әдіспен шығаратын технологиясын Қазақстанға бермек. Бұдан бөлек, автомобиль дискілерін өндіру туралы 50 миллион долларлық меморандум бекітілді.
Капиталдан – технологияға
Сапар кезінде ең көп назар аудартқан жаңалықтың бірі – шамамен 19 миллиард долларлық коммерциялық келісімдер. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты кездесуде де, Орталық Азия – Корея саммитінде де айтты. Ресми мәліметке сүйенсек, бұл сапар аясында жасалған коммерциялық келісімдердің жалпы құны. Яғни, түрлі кезеңдегі жобалар мен міндеттемелердің ықтимал ауқымын білдіретін портфель. Олардың шынайы экономикалық салмағы жобалардың қаржыландырылуына, құрылыстың басталуына, өндірістің іске қосылуына және нақты капитал салымына қарай анықталады.
Қаржыландыру арналары да қатар пысықталып жатыр. «Бәйтерек» холдингі мен Shinhan Financial Group Қазақстандағы инвестициялық жобалар мен бизнесті қаржыландыру үшін 500 миллион долларға дейін қаражат тарту туралы меморандумға қол қойды. Сонымен бірге холдинг Кореяның Экспорт-импорт банкімен және шағын және орта бизнес пен стартаптарды қолдайтын KOSI институтымен келіссөз жүргізді.
Alatau City – байланыстың жаңа алаңы
Сапар кезінде Alatau City жобасының бірнеше рет айтылуы да тегін емес. Қазақстан жаңа қаланы кореялық капитал, инженерлік тәжірибе, цифрлық технология және білім жүйесін бір алаңда біріктіруге болатын жоба ретінде таныстырды. Ақорданың дерегіне сәйкес, Кореяның KIND корпорациясы қаланың бас жоспары мен тұрғын аудандарын жобалауға қатысып жатыр. Президент екіжақты келіссөз кезінде Alatau City-ге ерекше мән беріп, шетелдік инвесторларға қажетті құқықтық кепілдіктер жасалатынын атап өтті. Сондай-ақ Алатауда Кореяның озық ғылым және технология институты KAIST құрылымын ашуға қатысты келісім жасалып жатқаны мәлім болды.
Корея Президенті кеңсесінің ресми қорытындысында Alatau City-ді дамыту, деректер мен цифрлық технология, болашақ авиациялық мобильдік және ғылыми-білім беру жобалары ынтымақтастықтың жаңа бағыттарының қатарына енгізілген.
ЖИ күн тәртібіне шықты
Қазақстан мен Корея арасындағы байланыс туралы сөз бола қалса, ең алдымен автомобиль, құрылыс немесе мұнай-газ саласы еске түсетін. Бұл жолғы сапарда жасанды интеллект, деректер, ғылым және технология да келіссөздердің негізгі тақырыптарының қатарына шықты.
Қазақстан Сеул ұлттық ғылым және технология университетімен бірлескен Жасанды интеллект институтын, Павлодар облысында қуаты бір гигаватқа дейін жетуі мүмкін деректерді өңдеу орталықтары экожүйесін және кореялық Samsung Electronics пен SK Hynix сияқты компаниялармен микроэлектроника мен жартылай өткізгіштер саласында байланыс орнауы мүмкін екенін айтты. Өңірлік саммит барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Кореямен бірлесіп Орталық Азияға арналған AI Talent мамандар даярлау бағдарламасын бастауды ұсынды.
Корея тарапы екі ел арасында ЖИ мен ғылым саласындағы байланысты кеңейту туралы уағдаластық жасалғанын хабарлады. Сонымен қатар жаңа ғылыми-білім жобаларын жүзеге асыру мәселесі талқыланғаны айтылған.
Екіжақты қатынастан – өңірлік саясатқа
16 қыркүйекте Сеулде мемлекет басшылары деңгейіндегі алғашқы «Орталық Азия – Корея Республикасы» саммиті өтті. Осыған дейін 2007 жылдан бері жұмыс істеп келген Корея – Орталық Азия ынтымақтастық форумы негізінен министрлік деңгейінде дамыған еді. Биыл бұл механизм алғаш рет мемлекет басшылары деңгейіне көтерілді. Корея басшылығы саммит қарсаңында Орталық Азиямен байланысты жоғары саяси деңгейге көтеріп, өңірдің даму қажеттіліктерін Кореяның жеткізу тізбегі мен нарығын әртараптандыру мүддесімен ұштастыруды көздейтінін ашық мәлімдеді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші «Орталық Азия – Корея Республикасы» саммитінде Кореядан Орталық Азия арқылы Еуропаға шығатын тұтас көлік-логистикалық тізбек қалыптастыруды ұсынды. Қазақстан Транскаспий халықаралық көлік бағытының өткізу қабілетін таяу жылдары 20 миллион тоннаға жеткізуді, ал ел аумағындағы жалпы транзит көлемін 100 миллион тоннаға дейін ұлғайтуды көздеп отыр. Ақорда дерегіне сәйкес, кейінгі 6 жылда Орта дәліз арқылы өткен жүк тасымалы 5 есе өскен. Президент Пусан порты мен Қазақстанның Каспийдегі порттары арасында тәжірибе және ақпарат алмасуды да ұсынды.
Саммит қорытындысы бойынша «Сеул декларациясы» қабылданып, ынтымақтастықты институционалдандыру, бейбітшілік пен тұрақтылық, инновация мен өркендеу және адамдар арасындағы байланыс секілді бағыттар айқындалды. Кореяның ресми мәліметіне сәйкес, тараптар саммитті тұрақты форматқа көшіруге, өнеркәсіп пен жеткізу тізбегі бойынша министрлік тетіктерін дамытуға, жасанды интеллект, ғылым, климат, энергия және аса маңызды минералдар саласындағы әріптестікті кеңейтуге келісті. Келесі саммитті екі жылдан кейін Қазақстанда өткізу жоспарда бар.
5 қыркүйектегі бизнес кездесуде Қазақстан–Корея бірлескен логистикалық кәсіпорнын құру бастамасы да айтылды. CJ Logistics пен LX Pantos секілді кореялық компаниялардың Қазақстандағы жобалары айтылды.
Тарихи байланыс тыс қалған жоқ
Экономикадан бөлек, мәдени-гуманитарлық байланыстың да тамыры тереңде жатыр. Қазақстанда 120 мыңнан астам корей ұлтының өкілі тұрады.
Корея тарапы ресми келіссөздерде 2021 жылы генерал Хон Бом Доның сүйегін тарихи отанына қайтаруға Қазақстанның көрсеткен көмегін екі ел арасындағы ерекше сенімнің белгісі деп бағалайтынын бірнеше рет атап өтті. Президент Ли Чжэ Мёң Қазақстан халқының кезінде жер аударылған корейлерді қабылдағанын да еске салды.
Бұл тақырып екі ел басшыларының кездесуінде де қозғалды. 2027 жылы корейлердің Орталық Азияға жер аударылғанына 90 жыл толады. Қасым-Жомарт Тоқаев осы датаға байланысты арнайы іс-шара өткізуді және жастар, білім мен мәдениет байланысын кеңейтетін жаңа бағдарлама әзірлеуді ұсынды.
Айдар Құрмашев,
ҚСЗИ Азиялық зерттеулер бөлімінің басшысы:
Болашаққа бағытталған әріптестік
– Алғашқы «Орталық Азия – Корея Республикасы» саммитінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өнеркәсіптік және технологиялық даму бойынша әріптестік құруды ұсынды. Оның мақсаты – технология трансферті мен сыртқы нарықтарға шығуға бағытталған бірлескен өндірістік жобаларды қалыптастыру. Президенттің айтуынша, сапар аясында жалпы құны шамамен 19 млрд долларды құрайтын коммерциялық келісімдерге қол қойылды. Бұл – іске асырылуы алдағы уақытта бағалануға тиіс уағдаластықтардың жалпы көлемі.
Мен үшін бұл ұсыныстың ең мазмұнды бөлігі – кореялық инвестицияларды отандық кәсіпорындардың дамуымен байланыстыру мүмкіндігі. Дәл осы тақырыпты біз кеше Сеулде өткен сараптамалық семинарда талқыладық. Президент жылына 70 мың автомобиль шығаруға есептелген KIA Qazaqstan жобасын мысалға келтіріп, осындай ынтымақтастық моделін басқа салаларда да қолдануды ұсынды. Мұндағы экономикалық әсер зауыттың өзімен ғана шектелмеуі мүмкін: тұрақты тапсырыстар жеткізушілерге құрал-жабдыққа инвестиция салуға, сапа талаптарын игеруге және мамандар даярлауға мүмкіндік береді. Келесі қадам – бұл кәсіпорындардың басқа тапсырыс берушілермен де жұмыс істей алу қабілетін қалыптастыру.
Аса маңызды шикізат саласында Президент бірлескен қазақ-корей компаниясын құруды ұсынды. Сондай-ақ Алматыда сирек және сирек жер металдарын зерттеу орталығын құру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді. Әзірге бұл – ұсыныс пен орталық құру туралы уағдаластық қана, алайда олар шикізатпен жұмыс істеуге анағұрлым нақты негіз қалыптастырады.
Бұдан әрі Қазақстанда нақты қандай материалдарды өңдеудің тиімді екенін және дайын өнімді кім сатып алатынын айқындау қажет. Кореялық серіктес технология мен өнеркәсіптік тапсырыс берушіге қолжетімділікті ұсына алады. Ал Қазақстан тарапы ресурстық базаны, энергия мен судың құнын бағалауы тиіс. Мұндай жобада өнімді ұзақмерзімді жеткізу туралы келісімнің маңызы шешуші болуы мүмкін: нақты сұраныс болмаса, заманауи жабдықтың өзі жобаның рентабельділігін қамтамасыз ете алмайды.
Бұл мәселе Президент сөзінің көлік-логистикалық бөлігімен де байланысты. Қасым-Жомарт Тоқаев Ляньюньган арқылы өтетін бағыттарды Орталық Азиямен байланыстырып, Еуропаға шығуды, сондай-ақ Пусанның Қазақстанның Каспийдегі порттарымен өзара іс-қимылын дамытуды ұсынды.
Кәсіпорын үшін мұндай байланыстың құндылығы нақты көрсеткіштермен өлшенеді: тасымалдау қанша тұрады, жеткізу мерзімі қаншалықты болжамды және бүкіл маршрут бойынша кім жауап береді. Егер осы жағдайлар қазақстандық зауытқа өнімін шетел нарықтарына шығаруға мүмкіндік берсе, көлік дәлізі өндірісті дамытудың маңызды факторына айналады. Сонымен қатар Өзбекстанға немесе Қырғызстанға жеткізілетін өнімдер үшін өңір ішіндегі логистикалық байланыстарды дамыту бойынша жеке жұмыс қажет.
Дәл осы жерде «Орталық Азия – Корея Республикасы» форматының практикалық мәні көрінеді. Мысалы, кореялық компания Қазақстандағы өндіріске қатысып, компоненттердің бір бөлігін көршілес елден сатып алып, дайын өнімді бірнеше нарықта өткізе алады. Мұндай жобаны іске асыру үшін үкіметтер нақты рәсімдерді келісуі, ал компаниялар коммерциялық мүдделерін растауы қажет.
Ұсынылып отырған әріптестік ірі инвесторлардың айналасында күрделі тапсырыстарды өз бетінше орындай алатын жергілікті компаниялар қалыптасқан жағдайда тұрақты нәтиже бере алады. Бұл жағдайда Қазақстанның өндірістік мүмкіндіктері кеңейіп, оларды әртүрлі сыртқы серіктестермен экономикалық байланыстарды дамыту үшін пайдалануға мүмкіндік туады.
Андрей Чеботарев,
саясаттанушы:
Жаңа форматтағы алғашқы қадам
– Сеулде өткен алғашқы «Орталық Азия – Корея Республикасы» саммиті өңір мен Оңтүстік Корея арасындағы қатынасты жаңа деңгейге шығарды. «C5+K» форматының негізі қаланғанына 19 жылдан астам уақыт өтсе де, алты мемлекеттің басшылары алғаш рет бір үстел басында кездесті. Осы тұрғыдан алғанда, Сеулдегі жиын бұған дейін негізінен министрліктер мен сарапшылық алаңдар шеңберінде дамып келген байланысты жоғары саяси деңгейге көтерген оқиға болды.
Саммиттің басты нәтижелерінің бірі – 28 тармақтан тұратын Сеул декларациясының қабылдануы. Құжатта мемлекет басшылары кездесулерді тұрақты түрде, екі жылда бір өткізуге келісті. Саммит әр жолы қатысушы елдердің бірінде өтіп, оны қабылдаған мемлекет «C5+K» форматына төрағалық етпек. Келесі саммитті 2028 жылы Астанада өткізу жөніндегі Қазақстан бастамасы да қолдау тапты.
Бұл шешімнің маңызы тек кездесулердің мерзімді өткізілуінде емес. «C5+K» енді бір реттік саяси диалог емес, тұрақты жұмыс істейтін көпжақты алаңға айналуға бет алып отыр. Әртүрлі деңгейдегі консультацияларды жүйелеу де осы мақсатқа бағытталған.
Сеул декларациясында ынтымақтастықтың ауқымы да едәуір кеңейтілді. Қауіпсіздік, сауда мен инвестиция, көлік, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы, энергетика, критикалық минералдар, цифрлық трансформация, ғылым мен технология негізгі бағыттардың қатарына енгізілді. Бұдан бөлек, өңдеу өнеркәсібіндегі нормативтік-құқықтық талаптарды өзара жақындастыру мәселесіне де назар аударылды.
Нақты қадамдардың бірі – Орталық Азия елдерінің бейінді мемлекеттік органдарында Korean Desk арнайы бөлімшелерін ашу туралы уағдаластық. Бұл құрылымдар кореялық компанияларға жергілікті нарықта жұмыс істеуге көмектесіп, әкімшілік және институционалдық мәселелерді жедел шешуге тиіс. Мұндай тетіктің пайда болуы Орталық Азия елдерінің кореялық бизнесті өңірге тартуға мүдделі екенін көрсетеді.
Саммитте Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары да өз ұсыныстарын ортаға салды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия – Корея Республикасы» өнеркәсіптік және технологиялық даму серіктестігін құруды ұсынды. Бастаманың мәні – байланысты тек саудамен шектемей, бірлескен өндіріс, технология және өнеркәсіптік кооперацияға көбірек көңіл бөлу. Қазақстан тарапы көлік мәселесін де жеке көтерді. Орта дәліз бен TRIPP бағытын ұштастыру арқылы Оңтүстік Кореядан Орталық Азия арқылы Еуропаға дейінгі тұтас көлік-логистикалық тізбек қалыптастыру ұсынылды. Сонымен қатар жастар арасындағы байланыс пен білім және мәдени алмасуды кеңейтуге арналған Central Asia – Korea Future Generation бағдарламасын іске қосу бастамасы айтылды.
Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров «C5+K» аясындағы Сыртқы істер министрлері кездесулерінің рөлін күшейтіп, оларға қабылданған шешімдердің орындалуын бақылау міндетін жүктеуді ұсынды. Бұдан бөлек, инвестициялар жөніндегі мемлекеттік мекемелер кеңесін құру және таулы өңірлердің климаттық орнықтылығы бойынша жеке серіктестік қалыптастыру идеясын көтерді.
Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев ұзақмерзімді «Орталық Азия – Корея Республикасы: озық даму серіктестігі» тұжырымдамасын әзірлеуді ұсынды. Оның бастамаларының қатарында критикалық минералдар бойынша өңірлік инвестициялық альянс, климат пен көміртек саласындағы серіктестік және адами капиталды «тапсырыс – даярлау – жұмысқа орналастыру» қағидаты бойынша дамыту да бар.
Алайда бұл форматтың шынайы салмағы алдағы жылдары анықталады. Негізгі өлшем – қабылданған декларацияның немесе жарияланған бастамалардың саны емес, олардың нақты жобаларға, инвестицияға, өндіріс пен технологиялық кооперацияға қаншалықты айналатыны. Осы тұрғыдан 2028 жылы Астанада өтуі жоспарланған келесі саммит алғашқы екі жылдың нақты нәтижесін бағалайтын маңызды кезең болмақ.
P.S.
Сеул сапарын қорытындыласақ, екі ел өзара байланысын бірден бірнеше бағытта кеңейтпек: мұнай, атом энергетикасы, аса маңызды минералдар, автомобиль өндірісі, инфрақұрылым, қаржы, жасанды интеллект, ғылым және жаңа қалаларды дамыту. Корея Президенті кеңсесінің мәліметінше, саммит барысында түрлі бағыт бойынша 13 меморандум жасалды. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі өз саласы бойынша ғана жалпы құны 401,9 миллион доллар болатын 15 құжатқа қол қойылғанын хабарлады. Екі елдің мүддесі нақты жобаларда тоғысса, қазақ-корей қатынасы инвестиция көлемінен бөлек жаңа өндіріс орындары мен технологиялар арқылы өлшенбек.