Биыл «Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының жарық көргеніне 105 жыл толды. Басылымның алғашқы саны «Қызыл Қазақстан» деген атпен 1921 жылы 15 қыркүйекте Орынбор қаласында жарық көрді. Басылымда Абдолла Асылбеков, Ерғали Алдоңғаров, Смағұл Сәдуақасов, Нығмет Нұрмақов, Нәзипа Құлжанова және т.б. майталман тұлғалар еңбек етті. Әр жылдары журналдың аты бірнеше рет ауысты. «Ауыл коммунисі», «Коммунист», «Қазақстан большевигі», «Қазақстан коммунисі» деп аталған кезеңдері болды.
Тәуелсіздіктің қарсаңында сол кездегі бас редактор Камал Смаиловтың бастамасымен «Ақиқат» деп өзгертілді. Бір ғасырдан астам уақыт бойы үздіксіз жарық көрген басылымды тек ақпарат таратушы құрал деп бағалау жеткіліксіз. «Ақиқат» – әр дәуірдегі қазақ қоғамының ойлау жүйесін, рухани ізденісін көрсететін басылым дер едім. Осы тұрғыдан келгенде, журналдың ескі сандары – өткен күннің сарғайған парақтары ғана емес, ұлт санасының қалыптасу жолын танытады.
Бүгінгі Aqiqat журналы өзінің 105 жылдық салиқалы жасына қарамастан заманға сай болуға, уақыт көшінен қалмауға күш салып келеді. Журналдың байырғы дәстүрлерін сақтай отырып, еліміздің ақпарат кеңістігінде өз үні бар басылым ретіндегі абырой-беделге ие. Басылым заманауи технологиялардың барлық түрін кеңінен қолданып келеді. Полиграфиялық безендіру, контентке жұмыс істеу, әлеуметтік желілермен де байланыс орнату жолға қойылған. Ең бастысы журналдың өзіндік болмысы сақталды. Журналдың «Ақиқат» аталуының өзінде де терең мағына бар. Себебі «ақиқат» ұғымы – бір адамның немесе бір кезеңнің ғана меншігі емес. Ол қоғамдағы түрлі пікірдің, көзқарастың, тәжірибенің өзара тоғысуы арқылы айқындалатын ғылыми категория. Сондықтан мұндай басылымның міндеті дайын тұжырымдарды оқырманға ұсынумен шектелмейді. Оның басты мұраты – қоғамды ойландыру. Ой қозғалған жерде қоғамдық сана жаңғырады, ал қоғамдық сана жаңғырған жерде елдің дамуына жол ашылады.
Белгілі бір жылдары мен де осы басылымда еңбек еткенімді мақтаныш етемін. Студенттік кезден аралас-құралас болып келе жатқан досым Аманхан Әлімұлы 2012 жылы «Ақиқат» журналының бас редакторы қызметіне тағайындалды.
Аманхан досым менен журналдың алдағы нөміріне қоғамдық мәселені қозғайтын бір мақала жазып беруімді тапсырды. Осылайша, журналмен тығыз байланыс жасап, қызметке қабылдандым. Сол жылдары Қазақстанның білім және ғылым саласында үлкен өзгерістер болды. Елдегі жоғары білім жүйесі жалпыеуропалық «Болондық жүйеге» ауыстырылған еді. Өкінішке қарай, сол кезде «Ақиқат» республикалық Жоғарғы аттестациялық ғылыми мақалалар шығаратын журналдар тізімінен шығарылды. Бұл «Ақиқат» журналының мәртебесін өзгертіп, жаңа стратегиясын айқындауға алып келді. Әрине, бұл бұрындары «Заң» газетінде, өзге де басылымдарда өткір публицистикасымен танымал Аманхан Әлімұлы үшін аса көп қиындық тудырған жоқ. Журналдың бағытын ұлттық мүдде мен болмыс, ұлттық мәдениет пен дүниетаным, ұлттық экономика мен әлеуметтік маңызды мәселелерді көтеруге бұру маңызды деген шешім қабылданды.
Бұл өзі «айтуға оңай», бірақ «атқарылуы қиын» іс еді. Себебі еліміздегі қалыптасқан басқару жүйесі оны сынауға тыйым салып қойғаны белгілі. Аманханның өзі айтпақшы, ондай жағдайда журналға «өткірдің жүзімен» жүруге, «сауысқаннан сақ болуға» тура келетіні анық еді. Енді, редакция алдында «осы стратегияны қалай жүзеге асырамыз?» деген риторикалық экзистенциялық сұрақ тұрды. Талқылай келе, «дөңгелек үстел» форматында өтетін «Келелі кеңес» айдарын ашуды жөн көрдік. «Келелі кеңеске» қоғамға белгілі, айтар ойлары бар азаматтар шақырылды. Сөйтіп, өткір мәселелерді қозғаудың жолын таптық.
Кейіннен анықталғандай, бұл шешім журнал үшін өте дұрыс болып шықты. «Келелі кеңес» айдарына заңғар жазушы Қабдеш Жұмаділов, академик Асқар Жұмаділдаев, саясаттанушы Дос Көшім, өзге де танымал экономист ғалымдар, жазушылар, ақындар, қоғам қайраткерлері, ұстаздар, кәсіпкерлер тұрақты спикерлер ретінде қатысып жүрді.
Сарапшылардың айтқан ойлары құнды пікірлер ретінде әрі тәуелсіздігіміздің тарихын зерттеуші болашақ ғалымдар үшін қоғамдық ойдың көкжиегін көрсететін материалға айналды. «Қазақстандағы қазіргі діни ахуал мәселелері», «Дін және мемлекет», «Қазіргі қазақ мәселесі», «Қайта құру қазаққа не берді?», «Тарихты кім жазады және қалай, не үшін жазады?». «Қазақтың ұлттық мінезі және менталитеті қандай?» деген сынды маңызды тақырыптар көтерілді. Міне, осы тақырыптардан-ақ көзіқарақты, ойы сергек оқырман «Ақиқат» журналының мақсаты мен мүддесін тани алады. Әрине, мұндағы айтылған ой пікірлердің көбі жүзеге аса бастағанын байқауға болады. Қазір еліміздің мемлекеттік дамуында қазақ ұлтының «мемлекет құраушы» мәртебесі айқындалды. Ұлттық мәдениетіміз бен дәстүріміз, мәдени құндылықтарымыз еліміздің барлық азаматтарын біріктіретін әрі бірегейлендіретін нақты рухани күшке айналуда.
Қоғамның рухани деңгейі оның қандай сұрақ қоя алатынынан және сол сұрақтарға қаншалықты адал жауап іздейтінінен көрінеді. Осы тұрғыдан алғанда, «Ақиқат» журналының тарихи миссиясы – әр кезеңнің маңызды сұрақтарын күн тәртібіне шығарып, ұлттық ойдың үзілмеуіне қызмет ету. Дәуір алмасады, қоғамдық құндылықтар өзгереді, ақпарат тарату құралдары жаңарады. Бірақ адамның ақиқатты тануға, өткенін пайымдап, болашағын бағдарлауға деген қажеттілігі өзгермейді. Демек, «Ақиқаттың» да қоғам алдындағы рухани міндеті жаңа мазмұнмен толығып, жалғасып келеді.
– Бүгінгі басты мақсат – журналымыздың оқырмандар санын көбейту. Келесі мәселе «Ақиқат» журналын – индекстелетін ғылыми басылымдар санатына да қосқымыз келеді. Өйткені бізде ғалымдардың зерттеу мақалалары жарияланып тұрады. Олар да осы мәселе туралы бізден сұрайды. Жоғары білім министрлігі осы мәселеге назар аударады деген сенімдеміз. «Қазақ газеттері» ЖШС-на қарасты «Ақиқат» пен «Мысль» журналдары бұрын ВАК журналдарының тізімінде болған. Бұл журналдарда 2011 жылға дейін публицистика мен ғылыми мақалалар қатар жарияланып келген. Осы дәстүрді қайта жаңғыртуымыз керек. Әрине, біз таза ғылыми журналға айнала алмаймыз. Өйткені таза ғылыми журналдың талаптары бөлек. Ғылыми мақалаларды жеке блок ретінде жариялап тұруға әбден болады деп ойлаймын. Сонымен қатар бұрынғы журналдар санын қарап отырсақ, оның беттерінде министрлердің, жоғары лауазымды тұлғалардың мақалалары жарияланып тұрған екен. Бұл да журналдың ел өміріндегі саяси салмағының жоғарылығын көрсетеді. Сондықтан да, осы дәстүрді жаңғыртқымыз келеді, – дейді қазіргі бас редакторы Дәуіржан Төлебаев.
Иә, «Ақиқат» бұл – мемлекеттік басылым. Мемлекеттік ойдың мінбері. Сондықтан бұл басылымда мемлекеттік атқарушы органдарда қызмет істейтін адамдар жиі жарияланып тұрғаны өте маңызды. Бұл журналдың мәртебесіне әбден лайық. Алайда мемлекеттік ойдың мінбері болу – тек ресми ұстанымды жариялау деген сөз емес. Мемлекет пен қоғамның арасы шынайы ой, ашық пікір және жауапты сөз арқылы жалғасқанда ғана мұндай мінбердің беделі артады. Қоғамның өзекті мәселелерін дөп басып айтуда, халықтың көкейіндегі сауалдарды билік өкілдеріне жеткізуде «Ақиқат» журналы мемлекет мүддесі мен қоғамның мәселелерін тоғыстыратын парасат алаңына айнала білді.
Әбдірашит БӘКІРҰЛЫ,
философ