Жамбыл Жабаев – бір ғана дәуірдің емес, тұтас түркі руханиятының жадында сақталған алып тұлға.
Ол – халықтың тарихи жадын жырмен сөйлеткен, елдік сананың тамырын тереңнен тартқан жырау. Сондықтан Жамбыл мұрасын тану – бір ақынның шығармашылығын танумен қатар, тұтас халықтың рухани тарихын, көрші елдермен ортақ мәдени кеңістігін зерделеу деген сөз.
Осы тұрғыдан келгенде, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, зерттеуші Қанат Алтынбектің қолымызға тиіп отырған «Жамбыл – тарих тереңінде, қырғыз-өзбек дерегінде» атты әдеби-танымдық зерттеу еңбегі – жамбылтану ғылымына қосылған елеулі олжа деп сеніммен айта аламын.
Бұл кітап – жеңіл жолмен жазылған еңбек емес. Автордың ұзақ жылға созылған ізденісі, мұрағат пен дереккөздерге қайта-қайта үңілуі, қырғыз және өзбек әдеби-тарихи кеңістігіндегі Жамбыл туралы мәліметтерді жинақтап, салыстыра қарастыруы – бәрі де көзге көрініп, мәтіннің өн бойынан сезіліп тұрады. Қанат Алтынбек бұл еңбегінде тек дерек тізіп қана қоймайды, әр мәліметке ой сүзгісін салып, тарихи, әдеби, рухани контексте пайымдайды.
Зерттеу барысында автордың үлкен жауапкершілікпен, үздіксіз ақылдасып, пікір алмасып отырғаны да аңғарылады. Бұл – жалғыздың емес, ортақ ойдың, ғылыми және әдеби ортадағы пікірталастың жемісі. Әсіресе, Жамбыл тұлғасының қырғыз бен өзбек деректерінде қалай қабылданғаны, қандай тарихи оқиғалармен сабақтас қарастырылғаны, қандай бағалар берілгені – кітаптың негізгі салмағын арттырып тұрған тұстар.
Жамбыл – тек қазақтың ғана емес, күллі түркі жұртына ортақ рухани құбылыс. Қанат Алтынбек осы ақиқатты нақты деректер арқылы, көркем әрі ғылыми тілде дәлелдеуге ұмтылған. Қырғыздың жыр дәстүрі мен өзбектің жазба мәдениетіндегі Жамбыл бейнесін салыстыра отырып, автор Жамбылдың шын мәніндегі аймақтық емес, өркениеттік тұлға екенін көрсетеді.
Бұл еңбектің тағы бір айрықша маңызы – Жамбыл Жабаевтың туғанына 180 жыл толған мерейтойлы кезеңде жарық көруінде. Мұндай белесті яғни атаулы жылды салмақты, ойлы, тың қырынан жазылған зерттеулердің қажет екені белгілі. Осы тұрғыдан алғанда, аталған кітап – мерейтойлық даңғазаға емес, ғылыми салмақ пен әдеби тереңдікке құрылған еңбектердің қатарын толықтырған құнды дүние.
Кітапта Жамбылдың тарихи тұлғасы мен ақындық болмысы көрші халықтардың дереккөздері арқылы кеңейе түседі. Бұл – жамбылтанудың жаңа бір арнасы, болашақ зерттеулерге жол ашатын бағыт. Жас зерттеушілер мен әдебиеттанушылар үшін де, жалпы оқырман үшін де бұл еңбектің берері мол.
«Жамбыл – тарих тереңінде, қырғыз-өзбек дерегінде» атты бұл зерттеу – жамбылтану ғылымындағы маңызды қадам, 180 жылдық мерейтойға тартылған лайықты рухани сый. Еңбек авторына ізденіс жолында табандылық, шығармашылық қуат тілей отырып, бұл кітаптың оқырманын тауып, ғылыми әрі әдеби ортада лайықты бағасын аларына сенім білдіремін.
Автор Жамбыл тұлғасын қырғыз бен өзбек деректері арқылы зерделей отырып, әдебиеттің тұйық жүйе емес, бір-бірімен үнемі тоғысып, бірін-бірі толықтырып отыратын тірі құбылыс екенін нанымды түрде көрсетеді. Мұнда әдеби байланыс формалды салыстыру деңгейінде қалмай, тарихи жағдайлармен, тұлғалар арасындағы рухани үндестікпен, ортақ көркемдік дәстүрмен сабақтастырыла талданады. Бұл – жамбылтануда бұрын жеткілікті деңгейде қамтыла бермеген, тың бағыттардың бірі.
Осы еңбектің логикалық жалғасы ретінде, болашақта автордың зерттеу аясын одан әрі кеңейтіп, қарақалпақ, әзербайжан, түркімен, тәжік секілді бауырлас халықтардың кітапханалары мен архивтерінде сақталған Жамбылға қатысты деректерге арнайы тоқталатынына үміт артуға толық негіз бар. Өйткені Жамбыл жыры мен оның ақындық беделі тек бір өңірмен шектелмей, түркі және оған іргелес мәдени кеңістіктерге де ықпал еткен құбылыс екені белгілі. Мұндай кешенді ізденістер Жамбыл мұрасын халықаралық ғылыми айналымға кеңірек енгізуге жол ашары сөзсіз.
Бұл тұрғыда Қанат Алтынбектің бүгінгі еңбегі – келешек зерттеулердің бастау нүктесі іспетті. Автордың зерттеушілік ұстанымы, дерекке мұқият қарауы, асығыстықтан аулақ, жүйелі ой түюі оның алдағы уақытта да жамбылтану саласында іргелі еңбектер жазарына сенім ұялатады. Әдебиет пен тарихты, дерек пен көркем ойды ұштастыра білуі – соның айқын дәлелі.
Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,
жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткер