«Сыйақы – 10 млн теңге»: Министр қазақстандықтарды «Жылдың 10 оқырманы» жобасына қатысуға шақырды

Бүгін, 11:31 / Інжу Әлихан
Мәдениет және ақпарат министрлігі

Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев қазақстандықтарды «Жылдың үздік 10 оқырманы» жобасы аясындағы жалпыұлттық кітап оқу марафонына белсенді қатысуға шақырды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оның айтуынша, 1 қыркүйектен бері жобаға 1 миллионнан астам азамат тіркелген. Алты айға созылатын марафон аясында қатысушылар 15 кітап оқып, интеллектуалдық сайыстарда бақ сынайды. Жылдың үздік 10 оқырманы атанғандарға 10 млн теңге сыйақыдан табысталмақ.

«Биыл Мемлекет басшысы кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру туралы Жарлыққа қол қойды. Бүгінде осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Соның бірі – «Жылдың үздік 10 оқырманы» жобасы аясында басталған жалпыұлттық кітап оқу марафоны.

Былтыр пилоттық негізде Шымкент қаласы, Қарағанды және Қостанай облыстарында өткен марафонға 180 мыңнан астам адам қатысты. Биыл кітап оқу марафоны бүкіл ел аумағында өткізіледі. Оған оқушылар мен студенттер, педагогтер, мемлекеттік қызметшілер, отбасы және зиялы қауым өкілдері қатыса алады. Қоғамның кітап оқуға деген ықыласының жоғары екені қуантады.

1 қыркүйектен бастап reading-nation.kz платформасына 1 миллионнан астам азамат тіркелді. Марафон аясында әр қатысушы өз санаты бойынша 15 кітап оқып, интеллектуалдық сайыстарда білімін сынайды. Марафон алты айға созылады.

Келесі жылдың наурыз айында аудандық, қалалық және облыстық деңгейлерде 4 мыңға жуық жүлдегер анықталып, оларға қаржылай сыйақы беріледі. Ал республикалық кезеңде жылдың 10 үздік оқырманы анықталып, 23 сәуір – Ұлттық кітап күні олардың әрқайсысына 10 миллион теңгеден табысталады.

Құрметті достар, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, «Озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу».

Осыған орай марафонға көшбасшылық және мемлекетшілдік тақырыбындағы 15 кітапты қамтитын «Парасат» атты арнайы санат енгіздік. Бұл санатта жүлде немесе ақшалай сыйақы қарастырылмаған

Мен де «Парасат» санаты бойынша марафонға қатысып, платформаға тіркеліп қойдым. Әріптестерімді, Үкімет мүшелерін, Парламент депутаттарын, әкімдерді, кәсіпкерлерді және қоғам қайраткерлерін марафонға қатысуға шақырамын.

Мемлекет басшысы айқындаған прогрессивті, кітап оқитын ұлт қалыптастыру бағыты бізден ортақ күш-жігерді талап етеді.

Баршаңызды «Жылдың 10 үздік оқырманы» жобасына белсенді қатысуға шақырамын», – деді министр