Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдының «Алматы ақшамы» газетінде жарияланған мақаласында мегаполистің жаңа даму кезеңі, экономикалық әлеуеті, көлік және инженерлік инфрақұрылымы, экологиясы, туризмі туралы айтты. Қала әкімінің пікірінше, Алматының басты мақсаты – жай ғана аумағы мен халқы өсетін мегаполис болу емес, тұрғындарға қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастырып, адам капиталын қаланың негізгі қозғаушы күшіне айналдыру, деп хабарлайды turkystan.kz.
Дархан Сатыбалды өз мақаласында Алматының тарихы терең, Қазақстанның экономикалық, ғылыми және мәдени орталығы екенін баса айтып өтті. Ұлы Жібек жолының бойында Шығыс пен Батысты жалғаған шаһар бүгінде жаңа дәуірдің талаптарына сай даму кезеңіне қадам басып отыр.
Қала әкімінің пікірінше, қазіргі урбанистиканың негізгі өлшемі – қаланың көлемі емес, өмір сүру сапасы. Осы тұрғыдан алғанда, көлік кептелісі, инженерлік желілердің тозуы, ауа сапасы, мектептер мен балабақшаларға деген сұраныс секілді мәселелерді жеке-жеке емес, біртұтас жүйе ретінде шешу қажет.
– Бүгінде экономикасының көлемі 72 миллиард АҚШ долларына жуықтайтын Алматы – Қазақстанның ең қуатты экономикалық орталығы. Қалада мыңдаған шетелдік компания мен әлемдік ірі корпорациялардың өңірлік кеңселері орналасқан. Қазақстанға тартылатын тікелей шетелдік инвестицияның 40 пайыздан астамы осы шаһарға тиесілі. Бұл – жәй ғана статистика емес.
Бұл – Алматыға деген халықаралық бизнестің сенімі. Қала еліміздегі жалпы өнімнің төрттен біріне жуығын өндірсе, мемлекеттік бюджет кірістерінің үштен бірі Алматының экономикалық белсенділігі есебінен қалыптасады, – дейді қала әкімі.
Дархан Сатыбалды жаңа аудандарда тұрғын үймен бірге жұмыс орындары, мектеп, балабақша, медицина, сауда, мәдениет және демалыс орындары қатар орналасуы қажет екенін айтады. Бұл «15 минуттық қала» қағидатына сәйкес келеді. Яғни, тұрғын күнделікті қажет қызметтердің басым бөлігіне үйінен жаяу немесе қоғамдық көлікпен қысқа уақытта жете алуы керек.
Алматыда «Шығыс қақпасы» мен Almaty Downtown полицентрлерін қалыптастыру жоспарланған. Кейін бұл жүйеге «Батыс қақпасы», Оңтүстік-батыс және Солтүстік полицентрлері қосылады. Қала әкімі бұл тәсіл көлік қозғалысына түсетін салмақты азайтып қана қоймай, экономикалық белсенділікті қаланың әр бөлігіне теңгерімді орналастыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Алматының тағы бір үлкен артықшылығы – табиғаты мен географиялық орналасуы. Тау мен қаланың жақындығы мегаполистің қайталанбас ерекшелігін ғана емес, туризмді дамытудың қуатты мүмкіндігін де қалыптастырады. Осы бағытта Алматы тау кластерін дамытуға басымдық беріліп отыр. Шымбұлақ, Кимасар, Бутаковка секілді нысандарды біртұтас жүйеге біріктіру арқылы тау туризмін жыл бойы жұмыс істейтін экономикалық экожүйеге айналдыру көзделуде.
2025 жылы Алматыға шамамен 2,5 миллион турист келген. Оның 750 мыңнан астамы шетелдік қонақтар. Қала әкімінің айтуынша, ендігі міндет – туристердің санын ғана көбейту емес, олардың Алматыда өткізетін уақытын және қала экономикасына қосатын үлесін арттыру.
Бұл ретте тарихи мұраны туристік әлеуетпен ұштастыру маңызды. Боралдай мен Есік өңіріндегі сақ қорғандары, Ұлы Жібек жолының ізі, тарихи сәулет нысандары Алматының мәдени-тарихи келбетін айқындайды.
Бүгінде қалада 36 жоғары оқу орны, еліміздегі ғылыми ұйымдардың үштен бірі және Қазақстан ғалымдарының 40 пайызы шоғырланған. Бұл Алматының адам капиталы мен интеллектуалдық әлеуетінің жоғары екенін көрсетеді.
2026 жылдың Цифрландыру және жасанды интеллект жылы ретінде жариялануы да қала үшін жаңа мүмкіндіктер ашып отыр. Сатыбалдының пікірінше, Алматы технологияны тек тұтынатын емес, оны жасайтын орталыққа айналуы қажет. Ол үшін университеттер, техностартаптар, креативті индустрия мен инвестициялық экожүйе өзара байланыста дамуы керек.
– Технологияның түпкі мақсаты – қаланы цифрландырудың өзі емес. Түпкі мақсат – адамның өмірін жеңілдету. Мемлекет басшысы ғылыми қауымдастықпен кездесуде: «Қазақстан Еуразиядағы ең ірі цифрлық хабтардың біріне айналуы тиіс. Оған еліміздің әлеуеті толық жетеді. Мақсатқа жету үшін жасанды интеллектіні барлық салаға жылдам енгізу қажет» деп атап көрсетті.
Бұл – Қазақстанның технологиялық болашағына қойылған биік меже. Бұл жерде Алматының жетекшілік рөлі де, жауапкершілігі де жоғары. Олай болса, біз тек жаңа технологияларды тұтынушы қала болмауымыз керек. Алматы технологияны қолданатын ғана емес, технология жасайтын қалаға айналуға тиіс, – дейді ол.
Дархан Сатыбалдының пікірінше, Алматының келешектегі негізгі артықшылығы оның ғимараттарының биіктігімен емес, тұрғындарының өмір сапасымен, білім деңгейімен, қауіпсіздігімен және жаңа мүмкіндіктерімен өлшенуге тиіс.