«Шындыққа сәйкес келмейді»: «Қайрат» клубы «Астана» бапкерінің мәлімдемесіне жауап берді

Бүгін, 10:27 / Інжу Әлихан
«Қайрат» ФК

«Қайрат» футбол клубы «Астана» ФК бас бапкері Григорий Бабаянның матчтан кейін айтқан мәлімдемелеріне қатысты өз ұстанымын білдірді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Клубтың мәліметінше, «Қайрат» «Астана» командасымен матчты ауыстыруға кедергі келтірді деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді.

«Қайрат» пен «Астана» арасындағы Премьер-лиганың 19-тур матчы бастапқыда 2024 жылғы 31 тамызға жоспарланған. Кейін кездесу 1 қыркүйекке ауыстырылды. Клубтың хабарлауынша, матчты ауыстыру туралы шешім «Астананың» УЕФА Конференция лигасының іріктеу кезеңіндегі ойындарына қатысуына байланысты 2024 жылғы 21 тамызда ресми түрде жарияланған.

Осыған байланысты «Қайрат» ФК бұл кездесуді ауыстыруға қандай да бір жолмен кедергі келтірді деп айту дұрыс емес», – делінген клуб мәлімдемесінде.

Сонымен қатар «Қайрат» 2024 жылы «Астана» клубының Алматыда матчтарын өткізген кезеңіндегі өзара іс-қимылды еске салды.

Клубтың мәліметінше, сол уақытта «Қайрат» мамандары Алматының Орталық стадионындағы футбол алаңын дайындау және оған қызмет көрсету жұмыстарына тікелей қатысып, «Астананың» өз ойындарын өткізуіне қажетті жағдайларды қамтамасыз еткен.

Осыған байланысты «Қайрат» ФК «Астанаға» Алматыда ойнаған кезеңінде ешқандай қолдау көрсетпеді деген мәлімдемелер де шындыққа сәйкес келмейтінін атап өтті.

Айта кетейік, бұған дейін «Астана» ФК бас бапкері Григорий Бабаян «Қайрат» клубы 2024 жылы еурокубок матчтары кезінде елордалық командаға Алматыдағы стадион мен киім ауыстыратын бөлмені бермегенін айтқан болатын. Сондай-ақ «Астана» «Браннмен» матчқа дайындалуына байланысты Қазақстан Премьер-лигасындағы ойынды бір күнге ауыстыруды сұрағанын, алайда бұл мәселе бойынша да қиындықтар болғанын мәлімдеген еді.

Еске сала кетейік, елордалық «Астана» футбол клубы Қазақстан Премьер-лигасының 27-турында өз алаңында алматылық «Қайратты» 1:0 есебімен жеңді.