БэБи-бокс сәби қауіпсіздігінің кепілі ме?
Әлемнің бірқатар мемлекеттері сәби қауіпсіздігінің кепілі деп есептейтін бэби-бокстың пайда болғанына көп бола қойған жоқ. Айналасы 20 жылдың ішінде бірнеше елде қолданысқа енгізілген бұл жәшіктердің пайдасы мен зияны туралы тартыс толастар емес. Игілігі мен кедергісін таразыламас бұрын әуелі аты әйгілі «бесіктің» затына үңіліп көрелік. Бэби-бокс – арнайы медициналық жарақтандырылған жәшік. Оның көшеге қараған металлопластикті терезесі болады және жәшіктің іші арнаулы бесік-төсекпен жабдықталған. Температура 30 градус жылылықта сақталады. Шақалақ жәшікке тасталысымен, терезесі 30 секундтан кейін автоматты түрде құлыпталады. Содан кейін оны медицина қызметкерінен басқа ешкім аша алмайды. Арнайы орнатылған дабыл соғылған сәтте-ақ халаттылар тастанды сәбиді алып кетеді. Балалар заң бойынша мемлекет қамқорлығына алынады, бала асырағысы келетін мейірімді отбасыларға берілуі де мүмкін. Жәшіктерді орнатудағы басты міндет – осы. Тағы бір айта кетерлігі, бэби-бокс маңында бейнекамера да, күзет те болмайды. Бұл сәбиді өз анасының қолымен өлтіруден аман алып қалады. Аноним қалатынына кепілдік берілетіндіктен сәбиінен безінген аналар баланы сенімді орынға қалдырады. Яғни, бэби-бокс сәбидің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, көкек-ана алда-жалда ойланып, баласын қайтарып аламын десе, ДНК анализін тапсыру арқылы және комиссиядан өтіп, сәбиін қайта бауырына басуға мүмкіндік берілетіндіктен әлемнің бэби-бокстарға қызығушылығы артты. Бүгінде өмір терезелері Италияда, Оңтүстік Америка, Бельгия, Чехия, Австрия, Латвия мен Словакияда бар. Солтүстіктегі көршіміз Ресей де анасы бас тартқан сәбилердің өмірін сақтаудың жолы ретінде 2011 жылдан бастап бэби-бокстарды орната бастады. Тарихқа үңілер болсақ, үміт бесігін 1198 жылы Рим Папасы Иннокентий ІІІ ойлап тапқан көрінеді. Сол бір қасіретті замандарда қиындыққа төзе алмаған аналар омыраудағы нәрестелерін Тибр өзеніне ағызып жіберген. Судың ағысы жағалауға лақтырып тастаған өлі сәбилерді көрген Рим Папасы қатты қайғырып, храмның қабырғасына осындай жәшіктер орнатқызған. Баланы қалдырған кезде сыңғырлайтын қоңыраудың даусымен шіркеу қызметкерлері келіп, сәбиді алып кететін болған. Кейін бұл тәжірибені көптеген мемлекеттер іс жүзінде пайдаланды. 2005 жылы алғашқылардың бірі болып тастанды сәбилерге арналған жәшіктерді чехиялықтар орнатты. Соның арқасында Чехия мыңдаған нәрестенің өмірін аман сақтап қалды. Бұл мемлекетте жәшіктердің көпшілігі клиникалар мен ауруханалардың жанында орнатылған. Бүгінде Чехиядағы үміт бесіктерінің саны 50-ге жетті. Оңтүстіккореялықтар да тастанды сәбилердің өмірін сақтап қалу үшін бар мүмкіндікті жасауда. Жыл сайын Сеул көшелерінде жүздеген сәби тасталады екен. Олардың көпшілігі құтқарушылар назарына іліккенше шетінеп кетеді. Бұл қасіретке тосқауыл қойғысы келген кореялық Ли Чон-Рак атты діндар өз елінде нәрестелерге арналған жәшік ойлап тапқан. Сырты пошта жәшігіне ұқсайтын бесікке ол жылы орамал төсеп, жылытқыш қосады. Жәшіктің тұсына: «Сәбилерге арналған орын» деп жазып қояды. Алғашқы күндердің өзінде-ақ ол бес сәбидің өміріне қорған болған. 2015 жылы біздің еліміз де бэби-бокстарды орнатуды қолға алмақ болды. Үміт бесіктерін әуелі Алматы қаласына, ал 2015 жылдың соңына дейін еліміздің барлық шаһарына қоюды жоспарлаған болатын. Алайда бэби-бокстарды жаппай орнату тастанды балалар санын арттырады деп наразылық білдіргендер көбейгендіктен, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі өз шешімін өзгертті. Арнайы жәшіктерге баласын тастап кеткен әйелдер қылмыстық жауапкершілікке тартылмайтындықтан, әлеуметтік һәм моральдық қиындықтармен бетпе-бет келген аналардың бәрі сәбилерін бэби-боксқа тастап кетуді әдетке айналдыруы мүмкін деп есептейтіндердің қатарында БҰҰ-ның балалар құқығын қорғау комитеті те бар. Комитет үміт жәшіктерін қолданып жүрген елдерді бұл тәжірибеден бас тартуға үгіттеп жүргеніне бірнеше жылдың жүзі болды. Ұйым мүшелерінің пікірінше, бэби-боксқа қалдырылған сәбидің аты-жөні, ата-анасы белгісіз болып қалады. Ал бала есейгенде өзінің ата-анасын білуге құқы бар. Осы тұрғыдан келгенде, жәшіктерді орнату – баланың құқығын шектеу деген сөз. Бэби-бокстарды қолданысқа енгізу Қазақстан Республикасы «Неке және отбасы» туралы Кодекске қайшы. Заңның 60-бабында: «Әрбір бала отбасында тәрбиеленуге, өзінің ата-анасын білуге құқылы» деп жазылған. Десе де, адам өмірін сақтап қалу мәселесі көтерілгенде басқа түйткілдің бәрі екінші орынға ысырылуы тиіс деп есептейтіндер аз емес. Олардың пікірінше, ең маңыздысы – безбүйрек анасына керек болмаған нәрестелердің басы аман, дені сау болуы. Қазақстанда жетімдер саны азайғанымен, тастанды сәбилер саны кемімей отырғанын ескерсек, олардың өміріне қорған болу мәселесінің мүмкін болатын барлық шешімі жолға қойылуы керек.Мектептегі «мамалардың» саны көбейді
Елімізде тастанды балалар санының артуына себеп болып отырған негізгі факторлардың бірі – оқушылар арасында жүктіліктің көбеюі. Аңдамай жүріп от басқан жасөспірімдер өзінің ғана емес, құрсағына біткен шақалақтың өмірін де өксітуде. БҰҰ Халықты қоныстандыру қоры бағдарламасының (ЮНФПА) Қазақстандағы үйлестірушісі Ғазиза Молдақұлованың дерегінше, Қазақстандағы қыздардың ерте жүктілігі Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерімен салыстырғанда 6 есеге жиі кездеседі. «Ресми статистика мәліметтеріне қарағанда, 15-19 жастағы қыздардың бала туу жиілігі шамамен 35 оқиғаны, нақтырақ айтқанда 1000 қызға шаққанда 34,72 оқиғаны құрап, 2011 жылдан бері ұдайы артып келеді. Бұл үдеріс соңғы 10 жылда ешқандай өзгерген жоқ. 2011 жылы 1000 қызға шаққанда 29 оқиға тіркелген болатын. Сонымен қатар, кәмелетке толмағандардың бала тууына қатысты ең үлкен көрсеткіш Маңғыстау облысына тиесілі – 1000 қызға 54 оқиға, одан кейінгі орында Жамбыл облысы – 1000 қызға шаққанда 50,5 оқиға, сосын Атырау облысында 46 оқиғадан тіркелген. Айта кетерлігі, Қазақстандағы бұл көрсеткіш Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерімен салыстырғанда 6 есеге жоғары. Ұйым елдерінде кәмелетке толмаған мың қызға 4-6 оқиғадан тіркеледі», –деді Ғазиза Молдақұлова. Маманның айтуынша, ауылды жерлерде тұратын қыздарда ерте жүктілік көрсеткіші олардың қаладағы құрбыларына қарағанда 12 пайызға жоғары. Ұлттық тәрбиенің тал бесігі – ауылдың қастерлі атына таңба боп түскен мұндай оқиғалар қыз бала тәрбиесінің тізгінін босатып алғанымызды аңғартса керек. «Қызға қырық үйден тыйым» деген халық даналығының мән-маңызын ұқпайтын ұрпақ өсіп келеді. Өнеге берер ананың, үлгі көрсетер жеңгенің орнын айфон мен айпад алмастырған бүгінгі заманда қыздың ары құндылық болудан қалды. Атаның тілін алмаған ұлды, ананың тәрбиесіне көнбеген қызды қоғам қайтіп тезге салсын?