Балқашта оқушы қыздардың қауіпті әрекеті видеоға түсіп қалды

17 қыркүйек, 2026 / Жамбыл Жайлау
видеодан скриншот

Балқаш қаласында екі мектеп оқушысының көпқабатты үйдің төртінші қабатындағы терезеден балконға өтіп жүрген сәті видеоға түсіп қалды. Қауіпті әрекет әлеуметтік желіде тарап, полиция жағдайға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Желіде жарияланған кадрлардан кішкентай қыздардың бір бөлменің терезесінен шығып, төртінші қабаттағы балконға өтуге әрекеттеніп жатқанын көруге болады.

Видеоны түсірген әйел балалардың әрекетіне алаңдаушылық білдірген.

«Бұл не деген сұмдық? Ата-анасы қайда қарап отыр? Кім баласын таныды, шұғыл шара қолданыңыздар», – дейді кадр сыртындағы әйел.

Кейін оқиға туралы ақпарат Балқаш қалалық полициясына түскен. Тәртіп сақшылары балалардың кім екенін анықтаған.

Полиция мәліметінше, олар қаладағы мектептердің бірінде оқитын 8 жастағы үшінші сынып оқушылары болып шыққан. Қыздар пәтер ішінде өздеріне ешқандай қауіп төнбегенін, ал терезеден балконға өтуді тек ермек үшін жасағандарын түсіндірген.

Оқиғадан кейін балалардың ата-аналары бала тәрбиесі мен оларды бақылау жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Сонымен қатар полиция қызметкерлері оқушылармен профилактикалық әңгіме өткізіп, мұндай әрекеттің өмірге қаншалықты қауіпті екенін түсіндірген.

Құқық қорғау органдары ата-аналарды балаларын қараусыз қалдырмауға және қауіпсіздік ережелерін үнемі түсіндіріп отыруға шақырды.

Тэгтер:

Балқаш