Павлодар облысында 3 мыңға жуық жұмысшының еңбек қауіпсіздігі тексерілді

Бүгін, 12:30 / Інжу Әлихан

Павлодар облысының прокуроры Алмат Байшулаковтың төрағалығымен ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының басшылары мен мамандарының қатысуымен еңбек қауіпсіздігі мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жиында жабық резервуарларда жұмыс істеу қауіпсіздігіне ерекше назар аударылды. Мұндай нысандарда адам өміріне қауіпті химиялық заттар жиналуы мүмкін.

Облыстағы бірқатар ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында осындай нысандар бар. Онда шамамен 3 мың адам еңбек етеді. Жүргізілген талдау жұмысшылардың қорғаныс құралдарымен және қажетті жабдықтармен жеткілікті деңгейде қамтамасыз етілмегенін көрсетті.

Талқылаудан кейін арнайы алаңда қатысушыларға жабық резервуарларда жұмыс істеу кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтау тәртібі және төтенше жағдай кезінде әрекет ету жолдары көрсетілді.

Алмат Байшулаков жұмысшылардың өмірі мен денсаулығына жауапкершілік ең алдымен жұмыс берушіге жүктелетінін атап өтті. Оның айтуынша, қауіпсіз еңбек жағдайы мен қажетті қорғаныс құралдарын қамтамасыз етпей, жұмысшыны жұмысқа жіберуге жол берілмейді.