Жапонияда 100 жастан асқан адамдар саны алғаш рет 100 мыңнан асты. Елдің Денсаулық сақтау, еңбек және әл-ауқат министрлігінің мәліметінше, биыл мұндай тұрғындардың саны 107 677-ге жетіп, бір жылда 7914 адамға көбейген, деп хабарлайды turkystan.kz.
Жапонияда ұзақ өмір сүретін адам саны 56 жыл қатарынан өсіп келеді. Салыстыру үшін, 1963 жылы елде небәрі 153 адам 100 жастан асқан еді. 1981 жылы олардың саны мыңнан, 1998 жылы 10 мыңнан, ал 2012 жылы 50 мыңнан асты. Қазір елде әр 100 мың тұрғынға шаққанда шамамен 88 ғасыр жасаған адамнан келеді.
100 жастан асқан жапондардың басым бөлігі – әйелдер. Олардың саны 94 298 немесе жалпы көрсеткіштің 87,6%-ын құрайды. Ер адамдар саны – 13 379. Қазір Жапонияның ең қарт тұрғыны – Киотода тұратын 114 жастағы Фуё Кисимото. Ал ерлер арасында ең үлкені – Кумамото префектурасының 112 жастағы тұрғыны Хикару Като.
Жапония әлемдегі өмір сүру ұзақтығы жоғары мемлекеттердің бірі саналады. Дүниежүзілік банктің 2024 жылғы дерегінде елдегі орташа өмір сүру ұзақтығы 84 жыл болған. АҚШ-та бұл көрсеткіш 79 жасты құраған. Жапонияның Денсаулық сақтау министрлігі ұзақ өмір сүрудің негізгі себептері ретінде тұрмыс жағдайы мен тамақтанудың жақсаруын және медицина технологияларының дамуын атайды.
Алайда ұзақ өмір сүру көрсеткішінің өсуі ел үшін күрделі демографиялық мәселелермен қатар жүріп отыр. Жапония халқы азайып келеді: 2026 жылғы тамыздағы алдын ала есеп бойынша елде 122,68 млн адам тұрған, бұл бір жыл бұрынғыдан 590 мыңға аз. Ал наурыздағы нақты дерек бойынша 65 жастан асқандар саны 36,2 млн адамға жеткен, яғни халықтың шамамен 30%-ын құрайды. Еңбекке қабілетті 15–64 жас аралығындағы тұрғындар саны керісінше азайып жатыр.
Мұндай демографиялық құрылым әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне түсетін салмақты арттырады. Қарт адамдарға медициналық және әлеуметтік күтімге қажетті шығын көбейген сайын оны қаржыландыратын еңбекке қабілетті тұрғындардың үлесі қысқарады. Жапонияның денсаулық сақтау министрі Кэнъитиро Уэно да халықтың қартаюы жағдайында әлеуметтік қамсыздандыру жүйесінің тұрақтылығын сақтау негізгі міндеттердің бірі екенін атап өтті.
Осылайша, 100 жастан асқандар санының 100 мыңдық межеден өтуі бір жағынан Жапониядағы медицина мен өмір сүру жағдайының жақсарғанын көрсетсе, екінші жағынан ел алдында тұрған халықтың қартаюы мен еңбек ресурстарының азаюы мәселесін айқындай түседі.