Денсаулық сақтау министрі Ақмарала Әлназарова МСАК (медициналық-санитариялық алғашқы көмек) жүйесінде жүргізіліп жатқан өзгерістер мен қол жеткізілген нәтижелер туралы айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Оның сөзінше, МСАК жүйесінде медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға, профилактикаға, ауруларды ерте анықтауға және цифрлық сервистерді дамытуға басымдық беріліп отыр.
«МСАК – денсаулық сақтау жүйесінің негізі. Медициналық көмектің қолжетімділігіне, сапасына және аурулардың профилактикасына басымдық берілуде.
Қабылдау қолжетімді бола түсті. Дәрігердің қабылдауын күту мерзімі 1–3 күнге дейін қысқартылды, мейіргерлердің функциялары кеңейтіліп, қабылдау уақыты ұлғайтылды.
Қағазбастылық азайды. Электрондық анықтамалар, денсаулықтың электрондық паспорты және онлайн жазылу сервистері дамып келеді. Бұл кезектерді және қажетсіз тексерулерді азайтуға мүмкіндік береді.
Мамандарға қолжетімділік артты. Дәрігерлерге өз бетінше жазылу мүмкіндігі кеңейтілді, отбасылық медицина дамып, консультациялар саны артып, медициналық инфрақұрылым кеңейіп келеді.
Процестер оңтайландырылуда. Талдаулардың жарамдылық мерзімдері қайта қаралып, мобильдік медициналық бригадалар енгізілуде, қабылдау бөлімшелеріне түсетін жүктеме азайтылуда.
Онлайн сервистер. Онлайн жазылу сервисі 5,6 млн адамға қолжетімді. Бірыңғай цифрлық e-Densaulyq платформасы дамып келеді.
Профилактикаға көбірек көңіл бөлінуде. Тексерулер мен скринингтерге жататын жас топтары кеңейтіліп, халықты қамту деңгейі артып келеді.
Жаңа технологиялар. Ауылдық елді мекендерде телемедицина дамып келеді. Қазірдің өзінде 2 млн-нан астам адам қашықтан медициналық қызмет алды. Диагностикада жасанды интеллект технологиялары қолданылуда.
Емханаларды қаржыландыру тәсілі де өзгерді. Тіркелген сақтандырылмаған азаматтар үшін төлем кешенді жан басына шаққандағы нормативтің 90%-ын құрайды, ал бір жылдың ішінде медициналық ұйымға жүгінулер болмаған жағдайда — 80%.
Бұл тетіктер емханалар үшін тіркелген халықпен белсенді жұмыс істеуге, профилактиканы және ауруларды ерте анықтауды дамытуға қаржылық ынталандыру қалыптастырады. Нәтиже қазірдің өзінде байқалады», – деді министр.
Министрдің айтуынша, Қазақстанда онкологиялық ауруларды ерте анықтауға бағытталған скрининг жұмыстары күшейтіліп жатыр.
«2026 жылдың 5 айында сүт безі обырының 2 500 жағдайы анықталды — бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15%-ға көп. Ауруды ерте анықтау көрсеткіші 23,5%-ға артты.
Өкпе обырына да ерекше назар аударылуда. Ол онкологиялық өлім құрылымында бірінші орында тұр. 2023 жылы 2 034 өлім жағдайы тіркелді. Жағдайлардың шамамен 74%-ы III–IV сатыларда анықталады.
Сондықтан жүйеге өкпе обырының скринингі енгізілді.
Емхана медициналық көмекке жүгінетін орын ғана емес, сонымен қатар аурулардың профилактикасы мен оларды ерте анықтаудың негізгі буыны болуы үшін жұмысты жалғастырамыз», – деді А. Әлназарова.