Бүгін «Әділет» партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаты Жарқынбек Амантайұлы азаматтарды қабылдады. Басқосуға Астана, Алматы қалалары және өңірлерден азаматтар онлайн және офлайн форматта қатысты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Кездесу барысында азаматтар еңбек, тұрғын үй, жұмыспен қамту, құқықтық көмек және мемлекеттік бағдарламаларға қатысты мәселелерін көтерді.
Солардың бірі – Астана қаласының тұрғыны Ислам Ғаниев. Информатика пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейтін азамат солтүстік өңірлердің бірінде еңбек етуді жоспарлап отыр.
«Мен информатика пәнінің мұғалімімін, ал әйелім тіс дәрігері. Жас отбасымыз. Баянауылға барып, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы солтүстік өңірде еңбек еткіміз келеді. Жинаған тәжірибемізді ауылдың дамуына жұмсасақ дейміз. Осы мақсатта солтүстік өңірге қалай баруға болады, барған жағдайда қалай жұмысқа орналасамыз, ол үшін қандай талаптарды орындау керек деген сұрақтармен келіп отырмын», - дейді тұрғын.
Құрылтай депутаты Ислам Ғаниевке осы бағыттағы мүмкіндіктерді қарастыру үшін ішкі көші-қон саласының мамандары мен жергілікті әкімдік өкілдерімен байланыс орнатуға көмектесуге дайын екенін айтты.
Қабылдауда өзге азаматтар да бірқатар мәселені көтерді. Атап айтқанда, аула сыпырушысы болып жұмыс істеген Айдарбек Дүйсенғали соңғы екі айда еңбекақысын ала алмағанын айтып, шамамен 700 мың теңге көлеміндегі берешекті өндіруге көмек сұрады. Азаматтың айтуынша, еңбек шарты ресми рәсімделмегенімен, жұмыс істегенін растайтын дәлелдері бар. Осы мәселеге байланысты депутат Ішкі істер министрлігіне хат жолдап, мәселені бақылауға алуды сұрайтынын жеткізді. Арыххан Гүлнар алаяқтардың әрекетінен кейін банктен 6 млн теңге көлемінде несие рәсімделгенін айтып, қаражатты қайтаруға қатысты сот шешімінің орындалмай отырғанын жеткізді.
Сондай-ақ Гүлмира Дүйсенова жұмыспен қамту мәселесін көтерді. Арыстағы үйі толық өртеніп кеткеннен кейін Астанаға көшіп келген азамат жұмыс табуға көмек сұрады. Жарқынбек Амантайұлы бұл бағытта мүмкіндігінше ұсыныс беруге көмектесетінін білдірді.
Қабылдауға келген азаматтардың қатарында тұрғын үй мәселесін көтерген Айнұр Жақсылықова да болды.
Қабылдау қорытындысы бойынша депутат азаматтардың өтініштерін назарға алып, көтерілген мәселелерді тиісті мемлекеттік органдарға жолдап, шешілуіне барынша күш салатынын айтты.
«Тұрғындардың арыз-өтініштерін қабылдап, көтерген мәселелері бойынша тиісті мемлекеттік органдарға сауалдар жолдаймыз. Әр мәселеге қатысты қажетті бағыт-бағдар беріп, оң шешімін табуына барымызды саламыз», - деді Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаты Жарқынбек Амантайұлы.
«Әділет» партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде азаматтарды депутаттардың қабылдауы тұрақты түрде жалғасады.