Маңғыстау облысында Қарулы күштердің әскери оқу-жаттығуы басталды

Бүгін, 10:58 / Інжу Әлихан
Қорғаныс министрлігі

Маңғыстау облысындағы «Оймаша» полигонында ҚР Қарулы күштерінің «Батыс» өңірлік қолбасшылығы мен Құрлық әскерлері әскери қызметшілерінің қатысуымен көпсатылы командалық-штабтық оқу-жаттығу басталды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оқу-жаттығудың алғашқы кезеңінде роталық-тактикалық топтар белгіленген аудандарға марш жасады. Әскери қызметшілер лек құрамында қозғалысты ұйымдастыру, бөлімшелерді басқару және белгіленген бағыт бойынша тәртіпті сақтау мәселелерін пысықтады.

Марш барысында жеке құрамның іс-қимыл үйлесімділігіне, әскери техниканың дайындығына, қауіпсіздік шараларының сақталуына және жағдайдың өзгеруіне қарай командирлердің жедел әрекет ете білу қабілетіне ерекше назар аударылды.

Межелі аудандарға жеткеннен кейін бөлімшелер оқу-жаттығу жоспарына сәйкес берілген тапсырмаларды әрі қарай орындауға кірісті.

Әскери қызметшілер әскерлерді басқару, бөлімшелер арасындағы өзара іс-қимылды ұйымдастыру және ахуалдың тез өзгеруіне байланысты шешім қабылдау мәселелерін пысықтайды.

Оқу-жаттығудың мұндай көпсатылы түрі әскери басқару органдарынан бастап тікелей қойылған тапсырмаларды орындайтын бөлімшелерге дейінгі әртүрлі деңгейлерді қамтуға мүмкіндік береді.

Аталған оқу-жаттығу әскери қызметшілердің кәсіби даярлық деңгейін арттыруға, әскери басқару органдарының операцияларды жоспарлап, іске асыру дағдыларын жетілдіруге, әскерлерге берілген тапсырмаларды орындауға дайындығын тексеруге және әртүрлі жағдайларда бөлімшелердің үйлесімді іс-әрекетін нығайтуға бағытталған.