Абай облысында полицейлер мониторинг барысында TikTok әлеуметтік желісіндегі тікелей эфирді анықтады. Эфир барысында әйел адам былапыт сөздер айтып, алкогольдік ішімдік ішіп отырғанын әдейі көрсеткен және айналасындағыларға құрметсіздік танытқан. Тікелей эфирді шамамен 12 мың адам көрген, деп хабарлайды turkystan.kz.
Полиция қызметкерлері құқық бұзушылық жасаған әйелдің жеке басын жедел анықтады. Ол Семей қаласының 53 жастағы тұрғыны Мадина Баяхметова болып шықты.
Сот әйелді ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, жасына байланысты бес тәулікке әкімшілік қамауға алу жазасын тағайындады.
Әлеуметтік желілер – баршаға қолжетімді ақпараттық кеңістік. Тікелей эфир барысында былапыт сөздер айту, әдепсіз мінез-құлық көрсету және қоғамдық тәртіпті бұзудың өзге де түрлері заңда белгіленген жауапкершілікке негіз болуы мүмкін. Осыған байланысты полиция азаматтарды Заң мен тәртіпті қатаң сақтауға шақырады.
Әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу және құқыққа қайшы контенттің жолын кесу жұмыстары жалғасады.