Қазақстанның Кореямен ынтымақтастығы технологиялық әлеуетті арттыруға бағытталды

Бүгін, 10:11 / Інжу Әлихан
Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Оңтүстік Кореяға мемлекеттік сапары аясында Қазақстан мен Корея арасындағы стратегиялық серіктестікті жаңа мазмұнмен толықтыруға бағытталған бірқатар маңызды мәселе қаралды. Сеулдегі келіссөздер мен «Орталық Азия – Корея Республикасы» бизнес-саммитінде өнеркәсіп, маңызды минералдар, энергетика, көлік-логистика, жасанды интеллект, су қауіпсіздігі және инфрақұрылым салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға басымдық берілді.

Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Ирина Теннің айтуынша, Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы ынтымақтастықтың нығаюы – екі ел үшін де жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.

«Орталық Азия – Оңтүстік Корея» бизнес-саммитінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев экономикалық, технологиялық және инвестициялық әріптестікті одан әрі дамытуға басымдық берді.

Бүгінгі жағдайда мұндай серіктестіктің негізінде экономикалық мүддемен қатар өзара сенім, құрмет және нақты нәтижеге бағытталған байланыс болуы маңызды.

Оңтүстік Кореяның технологиялық және өндірістік тәжірибесін Қазақстанның әлеуетімен ұштастыру жаңа жобаларға, инвестицияларға және сапалы жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік береді.

Екі ел арасындағы қалыптасқан сенім алдағы уақытта да нақты әрі өзара тиімді бастамалармен жалғасы», – деді И. Тен.

Ал Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Максим Рожин саммиттің негізгі нәтижелеріне тоқталып, Қазақстанның дәстүрлі сауда-инвестициялық байланыстардан технологиялық және өнеркәсіптік кооперацияның жаңа деңгейіне ұмтылып отырғанын айтты.

«Сеулде өткен алғашқы «Орталық Азия – Корея Республикасы» саммитінде маңызды сигналдар берілді.

Менің назарымды аударған негізгі мәселе – Қазақстанның Кореямен қарым-қатынасты дәстүрлі сауда-инвестициялық байланыстар деңгейінен технологиялық және өнеркәсіптік кооперацияның жаңа деңгейіне шығаруға ұмтылысы.

Президенттің ұсыныстарын бір-бірінен бөлек жобалар ретінде емес, біртұтас стратегиялық саясаттың элементтері ретінде қарастырған жөн.

Бірінші – өндіріс және технология.

Мемлекет басшысы «Орталық Азия – Корея» өнеркәсіп және технологиялық даму серіктестігін құруды ұсынды.

Мұнда мәселе жай ғана инвестиция тарту туралы емес. Локализация, технология трансфері, өңірлік кооперация, дайын өнім шығару және үшінші нарықтарға шығу – біздің экономикалық саясатымыздың сапалық тұрғыдан жаңа деңгейін білдіреді.

KIA Qazaqstan зауыты – осы модельдің нақты мысалы. Жылына 70 мың автомобиль шығаратын өндірістің айналасында қосалқы өндірістер мен тұтас кластер қалыптасып келеді.

Меніңше, ендігі міндет – осындай жобаларды жекелеген инвестициялық кейстерден жүйелі өнеркәсіптік саясаттың құралына айналдыру.

Екінші – аса маңызды минералдар.

Қазақстанның сирек және сирек кездесетін металдар қоры бізге үлкен мүмкіндік береді. Бірақ ресурстың болуының өзі жеткіліксіз.

Президенттің шикізатты өндірумен шектелмей, геологиялық барлаудан бастап терең өңдеуге және жоғары қосылған құны бар өнім шығаруға дейінгі толық өндірістік цикл құру туралы ұстанымы осы жерде ерекше маңызды.

Жартылай өткізгіштер, микроэлектроника, аккумуляторлар, электромобильдер мен робототехника компоненттері – болашақ экономикасының негізгі элементтері.

Алматыда KIAT қатысуымен Сирек және сирек кездесетін металдарды зерттеу орталығын құру туралы уағдаластық пен бірлескен қазақ-корей компаниясын құру ұсынысы осы бағыттағы алғашқы нақты қадамдардың бірі.

Мен үшін мұндағы негізгі мәселе – Қазақстанның шикізат базасын технологиялық артықшылыққа айналдыра аламыз ба деген сұрақ», – деді Максим Рожин.

Сондай-ақ ол саммитте жасанды интеллект, көлік-логистика және энергетика салаларындағы ынтымақтастыққа қатысты ұсыныстарға тоқталды. Депутат бұл бағыттар Қазақстанның технологиялық және экономикалық әлеуетін арттыруға мүмкіндік беретінін айтты.

«Үшінші – жасанды интеллект және адам капиталы.

Қазақстан бүгін технологияны тұтынушы ел болып қалмауы керек. Біз технологияны жасайтын, бейімдейтін және экспорттайтын елге айналуымыз қажет.

Президент ұсынған AI Talent өңірлік бағдарламасы осы тұрғыдан маңызды. Alem.ai, суперкомпьютерлер, AI университеті, Woosong, SeoulTech, болашақ KAIST филиалы және AI SilkNet секілді жобаларды бір жүйеге біріктіру арқылы Қазақстан тек өзіне ғана емес, бүкіл Орталық Азияға технологиялық кадр даярлайтын орталық бола алады.

Бұл жерде де меніңше, басты өлшем – ашылған орталықтардың саны емес, олардың нақты зерттеулерге, стартаптарға, өндірістік шешімдерге және жаңа технологиялық компанияларға қаншалықты әсер ететіні.

Төртінші – көлік-логистика.

Қазақстанның географиясы бізге берілген дайын артықшылық емес. Оны нақты экономикалыққұндылыққа айналдыру қажет.

Қазақстан арқылы өтетін транзит көлемін 100 млн тоннаға, ал Орта дәліздің өткізу қабілетін 20 млн тоннаға жеткізу мақсаты осы міндетпен тікелей байланысты.

Президенттің Корея – Орталық Азия – Еуропа бағытындағы көлік-логистикалық тізбек қалыптастыру жөніндегі ұсынысы Қазақстанды жай ғана транзиттік аумақ емес, Еуразиядағы логистикалық байланыстырушы буынға айналдыру перспективасын көрсетеді.

Бесінші – энергетика.

Мұнда да күн тәртібі дәстүрлі көмірсутек секторымен шектелмейді.

Мұнай жеткізу, геологиялық барлау, мұнай-газ химиясы, терең өңдеу, атом энергетикасы, сутегі энергетикасы – барлығы қатар қарастырылып отыр.

KHNP және Doosan Enerbility компанияларымен ядролық технологиялар саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге дайындық – осының бір көрінісі.

Сонымен бірге көмірдің Қазақстан энергетикасындағы қазіргі рөлін ескере отырып, генерацияны жаңғырту және шығарындыларды азайту технологияларын енгізу де күн тәртібінен түспейді.

Бұл – энергетикалық ауысуды Қазақстанның нақты экономикалық және технологиялық жағдайымен ұштастыруға деген прагматикалық көзқарас», – деді ол. 

Максим Рожин саммит аясындағы ынтымақтастықтың тағы бір маңызды бағыты ретінде су қауіпсіздігі мен адамдар арасындағы байланысты атады. Оның айтуынша, бұл бағыттар Орталық Азияның тұрақты дамуы мен мемлекетаралық әріптестіктің ұзақмерзімділігі үшін маңызды.

«Алтыншы – су қауіпсіздігі.

Орталық Азия үшін бұл енді экологиялық мәселе ғана емес, ұлттық және өңірлік қауіпсіздік мәселесі.

Қазақстан 2030 жылға дейін 42 жаңа су қоймасын салуды, 14,5 мың шақырым суару арнасын жаңғыртуды жоспарлап отыр.

Сондықтан Кореяның су үнемдеу, цифрлық есеп және заманауи су инфрақұрылымы саласындағы технологиялық тәжірибесін тарту туралы ұсыныс – меніңше, ұзақмерзімді стратегиялық сипаттағы бастамалардың бірі.

Жетінші – адам арасындағы байланыс.

Жастар, білімжәне мәдениет саласындағы ынтымақтастықты кеңейту үшін ұсынылған Central Asia – Korea Future Generation бағдарламасы да маңызды.

Өйткені кез келген стратегиялық әріптестіктің ұзақмерзімділігі тек мемлекетаралық келісімдерге емес, адамдар арасындағы тұрақты байланыстарға байланысты.

Ал келесі жылы корейлердің Орталық Азияға жер аударылғанына 90 жыл толуы – ортақ тарихымызды тағы бір мәрте зерделеп, оны жаңа ұрпақтың санасына жеткізуге мүмкіндік беретін маңызды дата», – деді ол.