Жезқазған әкімі Қайрат Шайжанов қызметінен кетті

Бүгін, 09:00 / Інжу Әлихан

Жезқазған әкімі Қайрат Шайжанов қызметінен кеткенн мәлімдеді. Ол бұл туралы желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды turkystan.kz.

"Құрметті Жезқазған қаласының тұрғындары, қадірлі жерлестер! Бүгін мен үшін ерекше толқынысты күн. Қала әкімі лауазымындағы қызметімді аяқтап, сіздермен қоштасатын сәт те келіп жетті", - деп жазды Қайрат Шайжанов Instagram-дағы парақшасында.

Ол төрт жыл ішінде туған қаласының дамуы үшін шамасы келгенше еңбек еткенін, бұл кезең өзі үшін үлкен жауапкершілік, үлкен мектеп әрі өмірлік тәжірибе болғанын айтты.

"Осы уақыт ішінде талай мәселені бірге көтердік, талай бастаманы бірге жүзеге асырдық. Әрбір кездесудің, әрбір ұсыныс пен пікірдің мен үшін өз орны бар. Қолдаған жерлеріңізде қанаттанып, сынаған жерлеріңізде шыңдала түстім", - деді ол.

Қайрат Шайжанов өзіне сенім білдіріп, қолдау көрсеткен барша жезқазғандықтарға шын жүректен алғыс айтты. 

"Мен үшін Жезқазған – жай ғана қызмет атқарған қала емес. Бұл – тағдырыммен, еңбегіммен, естеліктеріммен байланысқан туған жер.

Қызмет аяқталғанымен, Жезқазғанға деген жанашырлығым мен ақ тілегім ешқашан аяқталмайды. Қаламыздың дамуы жалғасын тауып, әр шаңырақта береке мен тыныштық орнасын! Жезқазғанның болашағы жарқын болсын!" - деді ол.