Ұлттық құрамамен қош айтысқан Лионель Месси командаға қайта шақыртылды

Бүгін, 23:18 / Жамбыл Жайлау
Hector Vivas - FIFA/Getty Images

Аргентина құрамасындағы мансабын аяқтағанын жариялаған Лионель Месси ұлттық команда сапында тағы бір рет алаңға шығады. 39 жастағы футболшының қоштасу матчы 6 қазанда Бенин құрамасына қарсы өтеді. Бұл туралы Аргентина футбол қауымдастығы мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Аргентина футбол қауымдастығының президенті Клаудио Тапиа мен ұлттық құраманың бас бапкері Лионель Скалони Мессиге өз елінде арнайы қоштасу кешін ұйымдастыру туралы шешім қабылдаған.

Осыған байланысты футболшы алдағы жолдастық кездесулерге арналған ұлттық құрама тізіміне енгізілді.

"Лионель Скалонимен сөйлескеннен кейін капитанымызды 6 қазанда Аргентинада лайықты түрде шығарып салу үшін шақыру туралы шешім қабылдадық", – деді Клаудио Тапиа.

Сондай-ақ аталған матчқа 2022 жылы Қатарда әлем чемпионы атанған Аргентина құрамасының барлық ойыншысы отбасыларымен бірге шақырылады. Тапиа бұл кездесуді Мессидің ұлттық құрамадағы "соңғы биі" деп атады.

Аргентина құрамасы күзде үш жолдастық кездесу өткізеді. 30 қыркүйекте команда Боливиямен, 3 қазанда Буркина-Фасомен, ал 6 қазанда Бенин құрамасымен кездеседі. Мессидің қоштасу ойыны Бенинге қарсы Буэнос-Айрестегі "Монументаль" стадионында өтеді. 

Еске салайық, Месси 31 тамызда Аргентина құрамасындағы мансабын аяқтайтынын мәлімдеген. Ол ұлттық құрама сапында 2022 жылғы әлем чемпионатын, 2021 және 2024 жылдардағы Америка кубогын, сондай-ақ 2022 жылғы Финалиссиманы жеңіп алды. 

Тэгтер:

Футбол Лионель Месси ұлттық құрама