Арыңмен арпалыс

Арыңмен арпалыс

Арыңмен арпалыс
ашық дереккөзі

Біз бейбіт заманда өмір сүріп жатырмыз. Бабалар көрген бейнетті басымызға салмасын. Өткен шақтың бедерлерін көрген адам бүгін іштей тәубасын айтатын болар. Бірақ мен өз басым арпалыс тоқтады дегенге нанбаймын. Басқасын былай ысырғанда ішкі әлемімде алпауыт сезімдер арпалысып жатады. Қым-қуыт тірліктің ішінде жүнжіп кетпес үшін, кеудемізді тік көтеріп, барлығымыз тіршілік қамымен кетіп бара жатамыз. Біз бір адамды танып-білу мүмкін емес деп жатамыз. Бір адам түгілі өзіңді де танымай қалатын кездер жетерлік. Қоғамдық көлікке отырған сайын мен осыған көз жеткіземін. Кейде әдептілік танытып, есіктен әлі де еніп үлгермеген кейуанаға орын беремін. Ал кейде, «қойшы өзімнің де аяғым ауырып тұр» деп іштей егде кісіні аңғарғым да келмей отыра беруге тырысамын. Бірақ отыра беру оңай емес. Ішкі әлеміңде өмір сүретін тағы бір кейіпкер: «Сенің анаң да дәл осы көліктегілер секілді сен отырған орынға жете алмай кетіп бара жатқан болар», – деп қалады. Мені ақтағысы келген тағы бір кейіпкер: «Орын беру – демократияға қарсы. Егер бір шетелдік сенің атып тұрып орын бергеніңді көрсе, ирархияның көрінісі деп баға беріп кеткен болар еді. Ал демократиялы елде жас пен қарттың құқығы бірдей». Орындықта отыра беруге негізделген бұл анықтама жаныма майдай жағып бара жатады. Бірақ сумаң етіп тағы бір ой келе қалады: «Сен қазақсың, батасын алып, алғысына бөленбейсің бе?». Жүрегім зырқ ете қалады. Шынымен батасымен көгергенім дұрыс емес пе? «Отыр!» дейді тағы да ішкі ойым зілді дауыспен. «Осы уақытқа дейін орын беріп көрдің ғой. Саған қайсысы дұрыстап бата беріпті. Сен құдды бір орын беруге міндетті адам секілді бетіңе бедірейе қарайды да, отырып алады. Оның үстіне мынауың кәрі кісі емес қой. Шашын бұйралап, қып-қызыл күртеше киіп алыпты. Жас көрінгісі келген болуы керек. Жас көрінгісі келген екен, түрегеліп-ақ тұрсын». Расымен шашы мен ернін бояп, алқымын ашып алыпты ғой, апамыз. Орын бермей-ақ қойғаным дұрыс шығар. «Сен тәлімсізсің. Мында бір ер жігіт отырсыншы. «Нәзік жандыларға орын бермейтін, қандай ұятсызсың», – деп жанын алар едің, енді өзің отырсың ғой. Анау қысылып тұрған өзге жастардан қай жерің артық. Саған ешкім тың игертіп, тылдың жұмысын жасатып қойған жоқ қой, тұр да орын бер», – деп тағы бір зілді де қатал дауыс бұйрық береді. Атып тұрып орын беремін. Отырып-отырып атып тұрғаныма егде тартқан әйел кісі таңғалады. Таң қала берсін. Бұл бұйрыққа қарсы келер дәрменім жоқ. Себебі ішімдегі кейіпкерлер арасындағы мүйіздісі – осы. Осы қаһарманның арқасында алып шаһарда адаспай жол тауып жүрмін. Ол менің арқауым өзегім секілді. Артық кеткен тұсымда ашуға мініп, есімді жидыруға көмектеседі. Тіпті мен соның арқасында мектепті де, жоғарғы оқу орнын да жақсы тәмамдағанмын. Өзгелер секілді түнгі клубқа да, түрлі барға да барғым келген. Көзім жылтыңдап, енді бара бермекші болған тұста дәл жаңағыдай қаһарына міне берген қаһарманнан секем аламын да, жөнге келемін. Өзгенің ішіне ену мүмкін емес қой. Ал менің ішкі әлемімде осындай алапат арпалыстар болып жатады. Әзірге ішкі кеңістіктегі кейіпкерлердің есімдерін нақты ажырата алмай жүрмін. Бәлкім бірінің аты – ар, енді бірінікі – намыс шығар. Өзімшілдік пен тәкаппарлық та мендік мекеннен табылып қалады. Бір адам-бір әлем. Нақұрыстыққа намыстанбайтын, ақымақтыққа арланбайтын, ибасыздықта ұятың қытықтамайтын болса, өмір сүру қызықсыз секілді.

Енжарлық кінәлі ме?

Ішкі әлемнің шетін былай түріп қойып, енді тысқа үңілейік. Әлем ғаламданып жатыр. Айшылық емес, жылшылық алыс жерлерден хабарды өте жылдам алмасу мүмкіндігі туды. Мүмкіндігіміз жеткенінше техниканың тетігін игеруден қалыс қалмауға тырысып жатырмыз. Бұл тұлға болудың, еркін адам болудың бір көріністері болар. Бірақ өзіңді толық қанды еркін адам сапында көру үшін құқығыңды қорғай білуің керек. Біреу байқамай, біреу әдейі таптай өтетін құқықты қорғай алғанда ғана сен өзіңді сыйлата аласың. Өркениетті адамдар солай етеді де. Бірақ дәл мына қоғамдық көлік жүйесінде жолаушылар құқығының күнделікті тапталатынына ғана куә болуға мүмкіндік бар. Алып шаһардың қоғамдық көліктері үнемі бір-бірімен жарысып немесе әр аялдамада 10 минуттан тұру арқылы ғана қозғала алады. Олар бір-бірімен жарысқанда ішіндегі жолаушылардың сақтығы туралы ой жүргізушінің қаперіне кірмейді де. Неге? Себебі жолаушыны аман есен-діттеген жеріне тасымалдау деген мақсат олардың көкейінде жоқ. Жол ақысы қымбаттаған сайын тасымалдаушылар сапаның артатыны туралы сөздерді тілге тиек етеді. Алайда мен Алматы қаласында едені жуылған көлікпен жүріп көрмеппін. Денсаулық – тазалықтан басталады. Алайда біздің тұрғындар ең лас көлікте бір жарым сағаттап отырып бара жатады. Демек, біз өз құқықымызды қорғай алмайтын, барар жерімізге жеткенімізге мәз болып жүре беретін адамдармыз деген сөз. Қоғамдық көліктердің қауіпсіздігіне тексеріс жүргізілмейтіні туралы ақпаратты олқы тұтқалар арқылы аңғару қиын емес. Кейбір көліктің тұтқалары бойы аласа адамдардың мүмкіндігіне негізделмеген. Әзірге тұтқаның дұрыс бекітілмегеніне байланысты шағым айтқан ешкім жоқ болар. Себебі адамды тым көп «тиеп» алатын көлікте құлау мүмкін емес. Ал осы дұрыс па? Неге біз жұмысқа қысыла-қымтырыла, жүйкемізді жұқартып жетуіміз керек? Неге адам көп қатынайтын таңғы және кешкі уақыттарда көлік саны ұлғаймайды. Әрине екі көлікке отырғаннан, бір көлікке қымтырыла мінген біреулерге тиімді. Бірақ біреулерге тиімді екен деп біз қашанғы шыдап жүре беруіміз керек? Адамның көптігінен жолаушы қолдорбасы мен ұялы телефонының ұрланбауы туралы ғана ойлап тұрады. Тар жерде сақтық шараларын жасауға тура келеді. Сонда біздің мәдениетіміз осы ма? Адамзат баласы дамудың синергетикалық деңгейін басынан кешіріп жатыр, ал бізде әлі күнге дейін «тіршілік үшін» күрес . Неге? Бұған біздің енжарлығымыз кінәлі ме? Бір қараған адамға бұл жазуға татымайтын мәселе секілді көрінуі мүмкін. Бірақ қалауын айта алмайтын, құқын қорғай алмайтын халықтан «Мәңгілік ел» рухын қалыптастыру мүмкін бе, алдымен осыған жауап беріңізші?!

Айнұр Төлеу, журналист