Германияда ұшақ жұмбақ жағдайда апатқа ұшырап, үш адам қаза тапты

Бүгін, 20:36 / Жамбыл Жайлау
видеодан скриншот

Нидерландыдан ұшып шыққан Cessna 172 шағын ұшағы Германия аумағында апатқа ұшырады. Әуе кемесі Нидерланды шекарасына жақын маңдағы егістікке құлаған. Бортта болған үш адамның бәрі қаза тапты, деп хабарлайды turkystan.kz.

DutchNews мәліметінше, апат Германияның Эркеленц ауданында, Рурмонд қаласына жақын жерде болған.

Cessna 172 ұшағы Нидерландыдағы Хильверсум аэродромында орналасқан Vliegschool Hilversum ұшу мектебіне тиесілі болған.

Ұшуды бақылау жүйесінің дерегіне сәйкес, әуе кемесі 14 қыркүйек күні сағат 10:25-те Хильверсумнан ұшып шыққан. Шамамен 53 минуттан кейін, сағат 11:18-де ұшақ Эркеленц ауданы маңында радардан жоғалып кеткен.

Кейін әуе кемесінің Гердерат елді мекені маңындағы егістікке құлағаны анықталды.

Әлеуметтік желілерде оқиға орнынан түсірілген алғашқы кадрлар тарады. Видеодан құтқарушылардың ұшақ сынықтарын жинап жатқанын көруге болады.

Жергілікті полиция апат кезінде бортта болған үш адамның да оқиға орнында көз жұмғанын растады.

Кейін Нидерланды Сыртқы істер министрлігі қаза тапқандардың кім екенін хабарлады. Олардың арасында Сюдвест-Фрисландиядан келген 57 жастағы ер адам, Амстердамның 58 жастағы тұрғыны және 23 жастағы әйел болған.

Қаза тапқандардың туыстарына қайғылы жағдай туралы хабар берілген. Апаттың нақты себебі әзірге белгісіз. Оқиғаға қатысты тергеу жалғасып жатыр.

Тэгтер:

Ұшақ Германия