Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Корея Республикасына мемлекеттік сапары екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті жаңа мазмұнмен толықтыруға бағытталды. Сеулдегі келіссөздерде инвестиция, технология, энергетика, өнеркәсіп және инфрақұрылым салаларындағы ынтымақтастық негізгі назарға алынды. Бұл сапар екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайтуға жаңа серпін берді. Негізгі назар өнеркәсіп, энергетика, технология, көлік және инвестициялық жобаларға аударылды.
Белгілі экономист Айбар Олжайдың пікірінше, Қазақстан – Корея экономикалық ынтымақтастығы жаңа кезеңге өтіп жатыр. Екі ел арасындағы серіктестік енді сауда көлемін арттырумен шектелмей, өндірісті жергіліктендіру, технология трансфері, инфрақұрылым және экспорттық әлеуетті күшейтуге бағытталуда. Бұл үдеріс Қазақстанның кореялық капитал мен технологияны тартып, Орталық Азиядағы өндірістік және логистикалық хаб ретіндегі рөлін нығайтуына мүмкіндік береді.
«2025 жылы Қазақстан мен Корея арасындағы тауар айналымы 3,17 млрд долларға жетіп, бір жылда 1,3%-ға өсті. Ал 2026 жылдың алғашқы алты айында екіжақты сауда көлемі 1,3 млрд долларды құрады. Осы кезеңде Қазақстанның Кореяға экспорты 17,2%-ға өсті. Яғни екі елдің экономикалық байланысында Қазақстан тек кореялық тауарларды импорттайтын нарық ретінде емес, өз өнімдерін жеткізетін серіктес ретінде де позициясын біртіндеп күшейтіп келеді.
Корей капиталының Қазақстан экономикасындағы орны да айтарлықтай. 2005 жылдан 2026 жылдың бірінші тоқсанына дейін Кореядан Қазақстанға келген тікелей шетелдік инвестиция көлемі 12,3 млрд долларға жетті. Осы көрсеткіш бойынша Корея Қазақстанның ірі инвесторларының алғашқы ондығына кіреді. Қазір елімізде кореялық капиталдың қатысуымен 1022 кәсіпорын жұмыс істейді. Hyundai Motor Company, Kia, Samsung Electronics, Lotte және Doosan Enerbility секілді ірі компаниялардың Қазақстанда болуы екіжақты байланыстың институционалдық негізі әлдеқашан қалыптасқанын аңғартады.
Қазір екі ел жалпы құны шамамен 4 млрд доллар болатын 46 инвестициялық жобаны пысықтап жатыр. Олардың қатарында машина жасау, химия өнеркәсібі, құрылыс материалдары өндірісі және басқа да өңдеуші секторлар бар. Мұндағы басты өзгеріс дайын өнімді импорттау моделінен өндірістің бір бөлігін Қазақстанға көшіруге, технология әкелуге және жергілікті жеткізушілер тізбегін дамытуға көшу болмақ», – дейді ол.
Осы ретте сарапшы автомобиль өнеркәсібіндегі келісімдер осы үрдістің нақты мысалы бола алатынын айтты. Мемлекет басшысының Hyundai Motor Group президенті әрі стратегия және жоспарлау бөлімінің басшысы Сунг Киммен кездесуінде өндіріс көлемін ұлғайту, локализацияны тереңдету, автокомпоненттер өндірісін дамыту және Қазақстаннан автомобиль экспортын арттыру мәселелері талқыланды. Болашақта электромобильдер мен зарядтау инфрақұрылымын дамыту да осы бағыттың бір бөлігіне айналады. Айбар Олжайдың пікірінше, сонда Қазақстанда толық өндірістік циклге жақындайтын, ішкі нарықпен қатар өңір елдеріне жұмыс істейтін автомобиль жасау орталығын қалыптастыруға мүмкіндік бар.
«Форум аясында бұл бағыт нақты келісімдермен бекітілді. Hyundai Motor Company мен Astana Motors Қазақстанда Hyundai Tucson жаңа моделін шығару жөніндегі келісіммен алмасты. Ал QazaqGaz, Hyundai Engineering және SICIM Kazakhstan Батыс Қазақстанда газ өңдеу зауытын салу бойынша келісімдерге келді. Бұл жобалар Қазақстан–Корея әріптестігінің автомобиль құрастырумен ғана шектелмей, энергетика мен күрделі индустриялық инфрақұрылымға да кеңейіп жатқанын көрсетеді.
Кореялық бизнестің Қазақстандағы жаңа кезеңдегі тағы бір бағыты қалалық даму, туризм және логистика болып отыр. Мемлекет басшысының Hanwha Group және Lotte Group басшыларымен кездесулерінде технологиялық жобалар, логистикалық инфрақұрылым және қонақүй бизнесі талқыланды. Lotte Алматы мен Alatau City-де қонақүйлер салу жоспарын растады.
Әсіресе, Alatau City жобасы Қазақстан–Корея ынтымақтастығының жаңа символдық нүктесіне айналып отыр. Бұған дейін БАКАД жобасына қатысқан Кореяның шетелдік инфрақұрылым және қалалық даму корпорациясы - KIND енді Alatau City-ді дамытуға тартылмақ. Келіссөздер барысында корпорацияның қаланың мастер-жоспарын әзірлеуге, көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамытуға, сондай-ақ Ақтау мен Құрық порттарын және өңірлік әуежайларды жаңғыртуға қатысу мүмкіндігі қарастырылды.
Қазақстан мен Кореяның бірлескен инвестициялық қорын құру идеясы талқылануда. Егер бұл құрал іске асса, ол жеке жобаларды жекелеген келіссөздер арқылы қаржыландырудан жүйелі инвестициялық модельге өтуге мүмкіндік береді. Яғни кореялық капитал мен технологияны Қазақстандағы инфрақұрылымдық және индустриялық жобаларға тұрақты түрде тартатын жеке қаржылық механизм пайда болуы ықтимал», – дейді ол.
Саясаттанушы, халықаралық қатынастар бойынша сарапшы Риззат Тасымның пікірінше, Қазақстан мен Корея арасындағы қатынастардың жан-жақты стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілуі атом энергетикасындағы ынтымақтастыққа жаңа мүмкіндік ашып отыр. Сарапшы екі елдің ядролық саладағы тәжірибесі мен мүмкіндіктері бірін-бірі толықтыратынын атап өтіп, бұл бағыт Қазақстанда технологиялық және өндірістік құзыреттер қалыптастыруға ықпал ететінін баса айтты.
«Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы қатынастар сапалық тұрғыдан жаңа кезеңге өтті. 2009 жылы стратегиялық серіктестік орнатқан екі мемлекет енді байланыстарын болашаққа бағдарланған жан-жақты стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерді. Жаңа дипломатиялық мәртебе ынтымақтастық ауқымының кеңейгенін және екі елдің ұзақмерзімді мүдделері өзара тоғысып келе жатқанын білдіреді.
Қазақ-корей қатынастарының басты ерекшелігі – оның қандай да бір геосаяси бірлестік не үшінші мемлекетке қарсы бағытталмауы. Қазақстан Кореяны технология, инвестиция және өндірістік жаңғырудың маңызды көзі ретінде қарастырса, Сеул елімізді орнықты институттары қалыптасқан, өзара бірлескен өндіріс аясын кеңейту әлеуеті зор, Орталық Азия нарығына жол ашатын сенімді серіктес ретінде қабылдайды. Бұл кез келген геосаяси текетіреске араласпай-ақ, өзара мүддені мойындау және прагматикалық шешімдер негізінде терең ынтымақтастық орнатуға болатынын көрсететін жарқын мысал.
Сапардың экономикалық мазмұны да жаңа мәртебеге сай. Келіссөздер барысында құны 19 млрд. доллар болатын коммерциялық келісімдерге қол қойылып, энергетика, ғылым, еңбек ресурстары, зияткерлік меншік, инфрақұрылым, көлік және мәдениет салаларын қамтитын ведомствоаралық құжаттар алмастырылды. Осылайша, саяси сенім нақты жоба, инвестиция мен технологиялық кооперацияға ұласып отыр.
Меніңше, қабылданған құжаттардың ішінде атом энергетикасына қатысты екі келісімнің орны ерекше. Біріншісіне ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігі мен КР Сауда, өнеркәсіп және ресурстар министрлігі, екіншісіне Қазақстанның Атом энергиясы жөніндегі агенттігі мен Кореяның Климат, энергетика және қоршаған орта министрлігі қол қойды. Екі құжат та атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған», – дейді ол.
Маманның айтуынша, Корей тарапынан екі бірдей профильді ведомствоның қатысуы атом энергетикасының өндіріс пен технологияны ғана қамтымай, экология, климаттық саясат және энергетикалық қауіпсіздікпен өзара байланыста қарастырылып отырғанын көрсетеді.
«Бағыттың нақты экономикалық және технологиялық негізі де бар. Кореяда жалпы қуаты шамамен 25,6 гигаватт болатын 26 атом реакторы жұмыс істейді. Атом энергетикасы елдегі электр энергиясының үштен біріне жуығын өндіреді. KHNP компаниясының дерегі бойынша, 2025 жылы оның нысандары Кореядағы бүкіл электр энергиясының 32 пайыздан астамын қамтамасыз еткен. Сондықтан кезінде корей тарапының Қазақстандағы атом электр стансасын салуға қызығушылық білдіруі кездейсоқ емес.
Яки екі елдің мүмкіндіктері бірін-бірі толықтыруда. Қазақстан 2025 жылы шамамен 25,8 мың тонна уран өндіріп, әлемдік өндірістің 40 пайызға жуығын қамтамасыз етті. Еліміз Кореяға табиғи уранды 2005 жылдан бастап жеткізіп келеді. Корея өз кезегінде реакторларды жобалау, салу және пайдалану, қауіпсіздік жүйелерін енгізу мен мамандар даярлау саласында мол тәжірибе жинақтаған. Демек, ықпалдастық ядролық отын циклі, ғылыми зерттеулер, жабдық өндірісі, цифрлық басқару жүйелері, радиациялық қауіпсіздік және кадр даярлау бағыттарында жақын арада ілгерлеуі мүмкін.
Оған қоса, Корей түбегіндегі ядролық мәселенің әлі толық шешілмеуі де бұл қадамның саяси маңызын арттыра түсуде. Әскери ядролық бағдарламалар мен атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану бөлек құқықтық және саяси кеңістіктерге жатады. Қазақстанның ядролық арсеналдан өз еркімен бас тарту тәжірибесі, Корея Республикасының түбектегі мәселені бейбіт жолмен реттеуге ұмтылысы және екі елдің Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік талаптарын ұстануы жауапты әрі сенімге негізделген ынтымақтастыққа берік негіз қалыптастырады. Бұ тұрғыда Қазақстан бейбіт атом мен ядролық қаруды таратпау қағидаттарын өзара үйлестіре алатын бірегей серіктес саналады.
Қазақстан үшін түпкі нәтиже инвестиция көлемімен қатар, елде қалатын технология, инженерлік құзырет, өндірістік база және білікті мамандар. Басты мақсат толыққанды атом өнеркәсібінің ғылыми, инженерлік және өндірістік экожүйесін қалыптастыру. Қазақстанның атом технологияларын толық меңгерген мемлекетке өтуіне ықпал ету – қазақ-корей жан-жақты стратегиялық серіктестігінің ең нақты әрі маңызды нәтижелерінің бірі болмақ», – дейді ол.
Қазақстан мен Корея арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестіктің жаңа кезеңінде атом энергетикасындағы ынтымақтастықтың маңызы артып отыр. Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы Алмат Нүкеновтің пікірінше, екі елдің атом саласындағы тәжірибесі мен мүмкіндіктерін ұштастыру Қазақстанда технологиялық, инженерлік және өндірістік құзыреттерді дамытуға жол ашады.
«Кореямен ынтымақтастықтың Қазақстан үшін басты мүмкіндігі – табиғи байлықты технологиямен ұштастырып, ел ішінде жаңа өндіріс қалыптастыру. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік сапары аясында қол қойылған 19 млрд долларлық коммерциялық келісімдердің стратегиялық мәнін осы тұрғыдан бағалауға болады. Бұл – алдағы жобалардың ауқымын көрсететін сома. Нақты қайтарымы олардың қаншалықты сапалы іске асатынына байланысты.
Меніңше, сапардың негізгі экономикалық қисыны – Қазақстанның ресурстық мүмкіндігін өндірістік артықшылыққа айналдыру. Кореяға сенімді шикізат жеткізілімі мен жаңа нарықтар қажет. Қазақстанға сол шикізатты терең өңдейтін технологиялар, инвестиция және инженерлік тәжірибе маңызды. Өзара мүдденің осындай тоғысуы ұзақмерзімді әріптестікке негіз болады. Оның іргетасы бар: Кореядан тартылған тікелей инвестициялардың жалпы көлемі 12 млрд доллардан асты, елімізде корей капиталы қатысатын мыңнан астам компания жұмыс істейді.
Келісімдердің мазмұны осы бағытты айқындайды. Қарашығанақта жылына 5 млрд текше метр газ өңдейтін зауыт салу, Павлодар мұнай-химия зауытының қуатын 9 млн тоннаға дейін кеңейту, Түркістан облысындағы 1 000 МВт электр станциясын қаржыландыру көзделген. Бұл жобалардың әсері өз салаларынан әлдеқайда кең: жеткілікті энергия мен отын жаңа кәсіпорын ашуға, өндірісті ұлғайтуға және өңірлерге инвестиция тартуға жағдай жасайды. Демек, энергетикалық жобалар экономиканың басқа секторларындағы өсімге де негіз бола алады.
Табиғи байлықтың экономикалық құны оны өңдеу тереңдеген сайын артады. POSCO Holdings компаниясымен сирек жер элементтерін өңдеу технологиялары жөніндегі меморандумның маңызы осында. Қазақстан үшін келесі міндет — өңдеу қуаттарын ел ішінде орналастырып, технологияны отандық мамандардың игеруіне қол жеткізу. Сонда ресурс экспортымен қатар инженерлік еңбекке, жергілікті жабдық пен қызметке сұраныс қалыптасады. Бұл экономиканы әртараптандырудың нақты жолы», – дейді ол.
Маманның пікірінше, инвестицияның қоғамға пайдасы адамның өміріндегі өзгерістен көрінеді. Қостанайдағы KIA Qazaqstan жобасы 1 500 тұрақты жұмыс орнына есептелген. Мұндай өндірістердің айналасында бөлшек жеткізетін, тасымалдайтын, жабдықтарды жөндейтін отандық кәсіпорындар көбейсе, инвестицияның әсері кеңейеді.
«Ал Алатауда KAIST филиалын ашу жөніндегі келісім осы өндірістерге қажетті мамандарды даярлауға мүмкіндік береді. Менің пайымымша, ең құнды нәтиже – Қазақстанда зауыттармен бірге сол зауыттарды дамыта алатын кәсіби ортаның қалыптасуы.
Корея тәжірибесі қоғамдық оптимизмнің де практикалық негізін көрсетеді. Ауыр тарихи сынақтардан өткен ел білімге, инфрақұрылымға және технологияға жүйелі инвестиция салу арқылы дамыды. Қазақстан үшін мұндағы тағылым – тарихи жадты сақтай отырып, өз болашағын қалыптастыруға қабілетті қоғам болу. Ертеңге сенім адамның білім алып, еңбек етіп, тұрмысын жақсарта алатынын сезінуінен басталады. Осы тұрғыдан жаңа өндіріс пен сапалы жұмыс орны қоғамдық оптимизмге нақты тірек бола алады.
Осы келісімдерден кейін Қазақстан өзі не өндіре алады, қандай технологияны меңгереді және азаматтары қандай жұмысқа орналасады? Жауап осы үш бағытта айқындалса, Сеулдегі сапардың нәтижесі ұзақ жылға қызмет етеді. Қазақстанның мақсаты – әрбір ірі инвестициямен бірге елдің өз мүмкіндігін де кеңейту», – дейді ол.