Актер Нұрсұлтан Жақсыгеннің адвокаты Тлеужан Кішкенебаев сот үкімімен келіспейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Оның айтуынша, қылмыстық іс жан-жақты әрі объективті зерттелмеген. Қорғаушы алдағы уақытта апелляциялық шағым түсіретінін айтты.
«Сот үкіміне сәйкес, Нұрсұлтан Жақсыген 2 жыл 3 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша айыпталған Нұрсұлтан Жақсыгенді заңсыз сотталған деп санаймыз. Іс жан-жақты әрі объективті түрде зерттелмеген. Атап айтқанда, Жақсыгеннің кінәлі немесе кінәсіз екенін анықтауға мүмкіндік беретін тиісті сараптама тағайындалмаған.
Осыған байланысты алдағы уақытта апелляциялық шағым түсіріп, сот үкімін қайта қарауды сұраймыз», – деді адвокат.
Еске сала кетейік, іс оның бұрынғы жұбайы Фариза Алмазқызымен арадағы дауға байланысты қаралды. Актерге қылмыстық кодекстің 274-бабы 2-бөлігі 3-тармағы бойынша, яғни онлайн-платформаларды пайдаланып көрінеу жалған ақпарат тарату фактісі бойынша айып тағылған.
Айыптау тарапы Жақсыгеннің әлеуметтік желіде бұрынғы жұбайына қатысты таратылған ақпарат арқылы оның ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіргенін алға тартты. Ал Нұрсұлтан Жақсыген бұған дейін кейбір даулы жазбалардың өзіне қатысы жоқ екенін, оның атынан жалған парақшалар ашылғанын мәлімдеген болатын.