Актер Нұрсұлтан Жақсыгеннің бұрынғы әйелі Фариза Алмазқызы бүгін жария етілген сот үкіміне қатысты пікрін білдіріп, соңында қолдау білдірген көпшілікке алғысын жеткізді, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Қазақтың қаршадай қызына, 2 баланың анасына жазықсыз жала жауып, бүкіл халықтың алдында қорлаған кезде, сіздер Халық болып, үлкен қолдау көрсеттіңіздер.
Мен үшін өте ауыр жала болды. Себебі мен – ата анамның тәрбиесін көрген, әкемнің махаббатымен өскен, түзу жолда, жұмысымды жасап, аяққа тұрып балаларымды асырап жүрген Қазақтың қарапайым қызымын. Алланың 99есімінің бірі Әл-Халиқ الخَالِقُ.
Халықтың өзі ақ-қарасын ажыратып, әділдікті талап етті. Алла – әділ, бірінші Алла, екінші сіздердің арқаларыңызда сот әділ шешім шығарып, менің намысымды қорғады. Бұл менің ғана емес, барша қазақ қызының жеңісі деп білемін.
Мені қолдаған, уайымдаған, дұға еткен барша Қазағыма алғысымды білдіремін!», – деп жазды ол.
Еске сала кетейік, актер Нұрсұлтан Жақсыген 2 жыл 3 айға бас бостандығынан айырылып, бүгін сот залында қамауға алынды.
Қылмыстық іс Алматы облысы Қарасай аудандық сотында қаралған. Актерге қылмыстық кодекстің 274-бабы 2-бөлігі 3-тармағы бойынша, яғни онлайн-платформаларды пайдаланып көрінеу жалған ақпарат тарату фактісі бойынша айып тағылған.
Сот Нұрсұлтан Жақсыгенді кінәлі деп танып, 2 жыл 3 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.